Грузияның Орталық сайлау комиссиясы Тбилисидің қазіргі мэрі, Италияның «Милан» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Каха Каладзенің екінші турда жеңіске жеткенін растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ОСК-ның алдын ала мәліметтеріне зер салсақ, Каха Каладзе 55,6 пайыз дауыс жинаған. Оның қарсыласы Ники Мелия 44,4 пайыз дауысқа иелік еткен. Нәтижеден хабардар болған Каха Каладзе қала тұрғындарына алғысын жаудырды.
«Тбилиси тұрғындары өз таңдауын жасады. Мен бақыттымын. Өзіме жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінемін. Қаланы екінші мәрте басқаруға мүмкіндік бергендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді сарқа жұмсап, жұмыс істеуге дайынмын», деді ол әлеуметтік желілердегі парақшаларында.