• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Қараша, 2021

Дженкинсон картасы

1103 рет
көрсетілді

Жуықта Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ортағасырлық жазба деректердегі Қазақ мемлекеті» атты көрме өткізді. Осында қойылған жәді­герлер арасынан ағылшын дипломаты Энтони Джен­кинсонның (1529 -1610) ежелгі картасын көріп қалдық.

Осы орайда, Энтони Джен­кинсон (Anthony Jenkinson) кім дегенге тоқталсақ, ашық ақпарат көздерінде бұл адам кәсіби дипломат, сонымен қатар кезбе-саяхатшы һәм бай адам болғаны жайлы айтылыпты. Тіпті 1557-1571 жылдары Англияның Мәс­кеу князьдығындағы өкі­летті елшісі қызметін атқа­румен қатар, ағылшын сауда компанияларының өкілі ретінде де танымал болған көрінеді. Осы қызметін пайдаланып Э.Дженкинсон мырза Орталық Азия өңіріне, Каспий жағалауына, одан қалды Парсы жеріне белсенді саяхат жасап, жүрген жері мен табаны тиген өлкенің картасын жа­саған. Яғни сол дәуірдегі ұғым бойынша: орыстардың шы­ғысы, яғни Орал таулы қыратынан бастап, моңғол үстіртіне дейінгі өлке (бізше «Ұлы Дала») Тартария жерін қағаз бетіне түсірген.

Мұнда өздеріңіз көріп отыр­­ғандай картада сол дәуір­дегі әкімшілік-ұлыс құры­лымдарының жалпы нобай-сұлбасы жақсы түсірілген. Сон­дығымен де бұл тарихи сыз­ба аса құнды. Атап айтқанда, Обь өзеннің шығысын алып жатқан үлкен жазира даланы «Казакия» (Cassacki) деп таңбалапты. Яғни Қазақ елінің ежелгі атауы «Қазақия» бұдан басқа карта-деректерінде кез­деспейді. Оның сыртын­да, ұлы теңізге құятын үлкен дарияның (Жайық) қос қапталын ен жайлап жатқан жұртты Ноғай ордасы (Nagaia) белгілеген. Бұның бәрі атақты Алтын Орда, бізше Жошы ұлысының территориясы.

Бұл карта-құжат жайлы зерт­­теген отандық мамандар аз. Десек те, Германияда тұратын қандасымыз шығыстанушы-синолог маман Нұрлан Кен­жеахмет аталған карта бетінде бейнеленген билеуші-хандар жайлы болжамды пайымын ұсыныпты. Оның айтуынша, осында сұлбасы сызылған жеті ханның қатарында – түрік­­­мен даласын басқарған Әзім хан, Бұқара әмірі Благ, Са­мархан билеушісі Мақмұт, Таш­кент патшасы Апиш хан, Моғолстанды басқарған Алие, Балқ әмірі Куркот және Ар­давил әмірі Исмайл сопы сы­зылған дейді (Uly Dala murasy журналы, №2-3, 2021 ж). Бұл адамдар – расында ХVІ ға­сырда аталмыш өлкелерде билік жүр­гізген тұлғалар.

Картаны Дженкинсон 1564 жылы Лондонға оралған соң сызып, 1570 жылы Бельгияның Антверпен қаласында кәсіби баспаханадан басып шығарған. Осылай құжат көпшілікке таныс болған. Тіпті өз дәуірінде бұл сызба еуропалықтардың шығыстану іліміне қажет бір­ден-бір дерек ретінде баға­лан­ған.

Уақыт өте келе Дженкинсон картасы көзден ғайып бол­ған. Тіпті мұндай карта-құ­жат болғаны жайлы ешкім білмеген. Қызық болғанда, Ұлы Отан соғысы аяқталған жыл­дары поляк оқушысы өз үйінің қираған жертөлесін жөндеп жүріп, ежелгі картаны (дәлме-дәл көшірмесі болуы мүмкін) ұзындығы 101,7 см, ені 81,7 см тауып алған. Оны тарих пәнінің мұғаліміне сый­ға тартқан. Мұғалім бұл картаны 1986 жылы тиісті мекемеге тап­сырған. Қазіргі таңда карта Польшаның Вроцлав универ­ситетінің кітапхана қорында сақтаулы тұр.