• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қаңтар, 2022

Бизнестің мүмкіндігін әртараптандырған жөн

125 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс­тегі сөзінде көпшіліктің ойынан шыққан ұсыныс­тар көп. Тәуелсіз сарапшылар деңгейінде айтылып жүрген ұсыныстардың мемлекеттік деңгейде айтылып жатқанына риза болып отырмын.

Экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Мемлекет басшысы «Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер» деп қазақ кәсіпкерлерінен үміттенетінін айтты.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік жүктеуге дайын. Сол себепті кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Осыған дейін Мемлекет басшысы бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойды. Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет деп ойлаймын. Жұмыс жүйелі түрде жолға қойылса, біраз мәселе шешіледі, ауылдағы бизнестің күретамырына қан жүгіреді.

Кәсіпкер ретінде алыс-жақын шетелдерге көп шығамын. Барған жерімде бизнестің табиғатына көбірек назар аударуға тырысамын. Мысалы, ҚХР-да ауыл шаруашылылығы секторынан шыққан ауқатты кәсіпкерлер өте көп. Соңғы кезде Ресейде де, көршіміз Өзбекстанда да байқала бастады. Сондықтан мысалы, еліміздің батысында мұнай өңдейтін зауыттар, оңтүстікте жемісті қайта өңдейтін, балаларға арналған түрлі шырын­дар­ды дайындайтын шағын кәсіпорындарды ашуға болады. Сүт өнімдерінің кластерін де осы оңтүстік бағытта жан­дандыруға болар еді. Біздің елде бизнесті орталықта шоғыр­ландыру арқылы бизнестің мүмкіндігін шектеп отыр­мыз. Оның зардабы қандай болатынын Алматы оқиға­сынан көрдік. Қазір ІЖӨ-дегі ШОБ-тың үлесі мардымсыз. Мұның басты себебі, жоғарыда айтып өткендей, бизнестің тек орталықта ғана шоғырлануы. Бұл көзқарас кезінде өзін өзі ақтаған шығар. Енді орталықта тамырланған бизнестің ауылға тамыр жаюына мүмкіндік беру керек.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың басым көпшілігі ауылда тұрады. Бұл проблеманы жәрдемақы арқылы шешудің мүмкін еместігі белгілі. Қазір ауылға жанымыз ашыса, бизнесін ашып, ашық нарықта өзін өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік беру керек. Бұл орталықтан алыста жүрген тұлғалардың ел көлемінде танылуына, қызметтерінің өсуіне жол ашады.

 

Махамбет АСАБАЕВ,

кәсіпкер

 

АЛМАТЫ