• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 13 Қаңтар, 2022

Тексерісті еншілес компаниялардан бастау қажет

405 рет
көрсетілді

Әртүрлі саладағы мемлекеттік активтерді басқаратын «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ әу баста ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылғаны белгілі. Мұндай ірі холдингті құру өзге мемлекеттердің тәжірибесінен алынған. Мысалы, Сингапур, Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қаржысына құрылған осындай компаниялар елдің экономикасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті.

Біздің елде де соған ұқсас холдинг құрылса, мемлекеттің өмір сүру сапасы, экономикалық деңгейі жақ­сарады деп сендік. Осылайша, Син­гапурдың тәжірибесіне негіздел­ген «Самұрық-Қазына» осыдан он бес жылдай бұрын құрылған еді. Ал қазір бұл холдинг еліміздегі ең бай мемлекеттік ұйымға айналды. Оның құрамында «ҚазМұнайГаз», «Қазтрансойл», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомпром», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», «KEGOK» сынды ірі холдингтер топ­­тасқан. Бүгінде бұл қордың ак­тиві елі­міздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын құрайды. Демек, ол тиім­ді жұмыс атқарса, мемлекеттің эко­но­микалық өсімі де қарқынды дамы­ған болар еді. Алайда ел сенген «Са­мұрық-Қазына» өздерінің қыз­­метін ойдағыдай атқара алған жоқ. Қор­дың жұмысының тиімсіздігі Есеп ко­ми­тетінің есептерінде талай ай­­тылды. Бірақ құлақ асқан ешкім жоқ.

Менің ойымша, қордың негізгі көз­дегені – елдегі белгілі бір топ­тар­дың пайдасы үшін қомақты қар­жы көздерін уысында ұстау. Қор­дың топ-менеджерлері бас айнал­ды­рар­лық жалақы алатыны, оның сыртында сыйақылары мен бонустары да көп екені талай сынға алынды. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» құрамында болған «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті бар. Қазір ол – жекеменшік құрылымға айналды. Осы университет келісімшарт негізінде қорға қызметкерлерді жұмысқа алу бойынша аутсорсингтік қызмет көрсетеді. Еңбек шарты бойынша жұмыскерлер қызметке алынғанымен олар штаттан тыс жұмыс істейді. Яғни қағаз жүзінде тапсырыс берушінің штаттағы қызметкерлер саны өзгеріссіз қалады. Бұл қордың басында отырғандарға өте тиімді. Келесіде штат санын ұлғайтуды сұрайды да солардың есебінен өздері еселенген сыйақысы мен бонус­тарын алып, қаржыны талан-таражға са­лып, алаңсыз жүре береді. Сондық­тан алдымен мемлекеттік компания­ның корпоративтік университетіне, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларына тексеріс жүргізу керек. Қорды инвестициялық жобаға айналдыру да тығырықтан шығар жол емес. Кейін оның құрамындағы компаниялар жекеменшіктің қолына өтіп, мемлекеттің қаржысы тіптен талан-таражға түсуі мүмкін.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ сатып алу­лары және барлық ұлттық компа­ни­я­ның сатып алулары «Квази­мем­лекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» заңмен реттелуі керек. Оның барлық процесі жіті қадағаланып, қайта қаралғаны жөн. Түбегейлі өзгеріс керек. Тіпті «Самұрық-Қазынаны» жауып тастаса да болады. Мұндай құры­лым­ның бізге керегі жоқ. Қаншама қаржы желге ұшты? Миллиардтаған қаржының есебін ешкім де білмейді. Ақпарат та ашық айтылған емес. Солардың бәрін тізбектеп, елге ашық мәліметтердің берілгені абзал.

 

Ғалым БАЙТҰҚ,

тәуелсіз сарапшы