• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Қаңтар, 2022

Қоғам ұстанымы – әділет пен теңдік

744 рет
көрсетілді

Қоғам мен билік арасындағы жанжалдың туындауы қалыпты жағдай саналады. Дегенмен Алматы қаласындағы болған жанжалды қарастырып көрелік. Кез келген жанжал теңсіздік орын алғанда туындайды.

Барлық қоғам мүшесіне бірдей мүмкіндіктердің берілмеуінен, кейбір топтарда ғана артықшылықтың болуынан шығады. Бұл жастардың арасында қатты білінеді. Жас шамалары бірдей болғанымен, бірінде қымбат көлік пен ұялы телефон бар, бірінде жоқ. Жастары шамалас болғанмен, қолжетімділік бірдей емес екенін мойындау керек. Шарықтаған баспана бағасы, арзан пәтерлермен қамтамасыз етілмеу мен жұмыссыздықтың салдары. Нарық пен қолжетімділіктің арақатысы, біріне қолжетімді, ал басқаларға сол бірдей нарықтың өзінде қолжетімсіз. Тағы қалы­птас­қан жайт – тоқпағы мықты бол­са, киіз қазықтың жерге кіруі. Жем­қорлық пен парақорлық – жанжал көзі, ұлттық қауіпсіздікке нұқ­сан келтіретін жағдай, аса ауыр қыл­мыс ретінде қаралуы тиіс. Қай­мақ жеген құтылады, қаспақ жеген тұ­тылады деген қағидаға жол бе­ріл­меуі керек.

Қоғам мен билік – бірі бас­қару­шы, бірі бағынушы. Осы бас­қарушы мен бағынушы ара­сын­дағы кемшіліктерден жанжал шығады. Жанжал еш уақытта күш­пен, қор­қытумен басылмайды. Қоғам мен билік ымыраға келуге тиіс. Қоғам­да шын мәніндегі бәсеке жоқ, бар­лығы тоқпақтың мықты болуы­мен шешіледі. Осы әлеуметтік үдеріс­ке айналған. Бұл тұста әділдік іздеу мін­­детті түрде болады. Әділ емес нор­­малар мен заңдылықтар негі­зін­де жанжал шешілмейді, ушыға түсе­ді. Жанжалға қатысушылардың бар­лық қажеттіліктері қанағаттан­дырыл­майынша кикілжің жалғасады. Қазіргі қоғамда қорлық пен менсін­беу жаппай етек алған. Бірдей дип­лом алып, бірі жақсы жұмыс пен жоғары ақы алады, бірі төмен ақы алады. Ауыл мен қала айырмашылығы, ауылдағы жұмыссыздық, өндірістің, кәсіпорынның болмауы және бай мен кедей арасының алшақтығы, байдың байи түсуі – жанжалдың бас­тауы. Жанжалдың қоғамдағы тағы бір теңсіздіктен бөлек объектілері көп. Соның бірі – кемсіту. Бұл құбы­лыс жаппай қоғамда орын алған. Тағы бірі жанжал объектісі – қор­лық көрсету. Қорлық – жеке тұлға­ның психологиялық және рухани тұрғыдан бұзылуы, оның салдары жүгенсіздікке әкеледі. Әсіресе, Отан қорғауға барған жастардың өлімі, денсаулығына нұсқан келуін мо­йындау керек. 

Осы кездегі талап біреу ғана – бұл мүмкіндіктердің теңдей болуы. Қоғам ұзақ уақыт бойына жан­жал­дың түрлерін бойына сіңірді. Жан­жал табиғаты негізінен күрделі. Күш­­теуді жүргізу қоғамға, оның ішін­дегі әлеуметтік топтарға зардабын тигізеді.

Билік тарапынан күштеудің түр­леріне тоқталайық. Тура және тура емес күштеу бар. Жауапкершіліктің өзі тек қоғамның мүшелеріне бағыт­талған. Қай бағдарламаны ал­са­­ңыз да оның авторы белгісіз, негі­зі­нен мекеме көрсетіледі. Бірақ оны жасаған, қатысқан және іске асыратын жеке адамдар жалпы­лама жауапкершілікке ие болады. Жауапкершілік билік мүшелері­не бағытталмаған сияқты болып көрінеді. Шектеудің өзі де тек қоғам мүшелеріне ғана  бағытталады. Бұл сол тура емес күштеудің салдары.

Мүмкіндіктердің билікке де, қоғам мүшелеріне де бірдей бол­мауы­­на көп тоқталған дұрыс. Қоғам­­да әділетсіздікке, теңсіздікке көнуі сырт қарағанда қабылдау болып көрінгенмен, шын мәнісінде жанжал­дың қалыптасуын білдіреді. Адами қажеттілікті өтеу – ең жеңіл нәрселер. Бұл тамақ, су, жылу және өзін өзі іске асыруы. Адамның өзін өзі іске асырудағы бірдей мүмкіндіктердің болмауы жиі кездеседі. Білімнің, қызметтердің ақылы және бағасының аса қымбат болуы, яғни байдың бай болуын ғана қарастырады.

Нарық дегеніміз – әділ бәсеке­лестік. Қоғам және нарық қатысушы­ларының ақшасы бар болуын және көп болуын талап ететіндей көрінеді. Әлеуметтік топтардың барлығында дерлік ақша жоқ, бар болса да ол не­сиелік ақша, оның қайтарымы бел­гісіз ақша ағымы. Нарық әлеумет­тік топтардың ақшасы бар не жоқ дегенге тірелмеуге тиіс. Қоғам мен биліктегі жемқорлық, парақорлық, заңсыздық, заңның барлығына бірдей орындалмауы жиі орын алады. Өткен ғасырлардан қалған мақал бойынша: «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» сөзі қоғамда қағида ретінде орнығады. Билікте басымдық бар, қоғамда ол жоқ. Егер билік әділетсіздікті, теңсіздікті мойындамаса, онда жанжал міндетті түрде шығады. Әділдік іздеген адам бірден жанжалға көшпейді, ол барлық сатыдан өтеді. Осы сатыларда жанжал­дың алдын алу жүргізілмейді. Жан­жал күштеуге бағынбайды. Адам жан­жалға өз өмірінің болашағының жоқ­ты­ғынан, тіршілік ете алмау қорқы­ны­шынан, әділетсіздіктің болуынан барады. Байдың кедейді менсінбеуі, қалалықтың ауылдықты менсінбеуі, түптеп келгенде басқа ұлттардың қазақты менсінбеуі орын алғанын мо­йын­даған дұрыс. «Ауруын жасыр­ған – өледі» деген мақал жанжалды шешудің бірден-бір жолын көр­сетеді. Жасырмай шындықты мойын­дау, заңның әділ орындалуы, мүм­кін­діктер барлығына тең болмайынша жанжалдан арылмаймыз. Менсінбеу мен кемсіту балалық шақтан басталады. Ол барлық сатыдан өткенде ашу мен ыза және кек тұту, кек сақтау, әрі кек алуға міндетті түрде алып келеді.

Әрбір азаматтың қоғамды дамы­туға белсенді әсер ету қажетті­лігі бар, оны ескермеу немесе жеке басқа табы­ну да жанжалдың түрі болады. Байлық пен билік бір жақта, ал қоғам өз бетінше тіршілік етіп жатыр. Бұл да – қайшылық. Қайшылықтар да жанжалдың басты объектісі. Аймақтардың әртүрлілігі, пайдалы қазба байлықтарының кейбір жер­лерде ғана шоғырлануы, оған талас, басқалардың пайдалану мүмкін­дік­терінің бірдей болмауы, жер дауы, ресурстардың қолжетімсіздігінің барлығы қайшылықтан тұрады. Жер байлығын өндіруді шетелдік ком­панияларға беру, оның табы­сының жеке қалталарға кетуін ха­лық біліп отыр. Оларға еліктеп өз халқы мен оның тілін, дәстүрін мен­сінбеу етек жайған. Жаһандану барысындағы отбасылық және ұлттық құндылықтардың жоғалуы қайшы тұжырымдар.

Қазақ – дана халық. Қазақ дәстүрінде өз тілін менсін­беу де  қалталы топтың әдетіне айналды. Қоғамда еңбекке баулудың жоқ болуы салдарынан, жалшы не қыз­метші ұстаудан ақсаусақтық жай­­лаған, оған еліктеу, қызығу бол­ды, бәрі дайынға құмартты. Осын­дай қайшы тұжырымдардың түрлері де көп. Әрбір адам дүниеге жақ­­сылықпен келеді. Әрбір азамат бедел мен құрметке ие болуды қажет етеді. Бұл құндылық қай­шы­лық­­тар­дың сатысынан өту нәти­же­сін­де оны жанжалдасушы етіп шы­ға­ра­ды. Жауапкершілігі бар қоғам мү­­шесі қайшылықтардың барлық саты­сынан өтіп, әділетсіздіктің нәти­же­сінде жанжалға итермеленеді. Қоғам мен халықты тобыр ретінде қарау дұрыс емес, билік те, қоғам да халыққа қызмет етуге тиіс. Халық көзі­нен ешнәрсе таса қалмайды, би­лік­тің халықты мойындамауы да қай­шылық, қайшы тұжырымдама.

Халық пен биліктің түсініспеуі ашық күреске әкеледі. Түрлі ресурсқа қол жеткізу мүмкіндіктерінің теңдей болғаны дұрыс. Қайшылықтардың барлығы игіліктердің қарапайым халыққа қолжетімді емес екенін білдіреді. Полиция мен күдіктілер арасындағы қатынастың шиеленіс­кенін оларға бірнеше дүркін қайтара шабуыл жасауынан байқауға болады. Күдіктілердің міндетті түрде қылмыскерге айналуы, пара берген­дердің жазадан құтылатыны ашық көрсетіліп, тіпті ақпараттар беріліп те жатады. Бұл да қоғамдағы берілген белгілердің бірі болатын. Бірақ оны талдау және қорытынды жасау кешеуіл­деп жатады, тіпті жанжал ушық­қанда ғана қаралады.

Қоғам мәдени күштеуге де да­йын емес, өйткені әлеуметтік желідегі ақ­па­­рат­ты шынайылық ретінде қабыл­­­дайды. Бірақ жанжалдың негізгі күші осында таратылады. Хабар тарату­шылар елден қашқандар, қуылған­дар, елден қол үзгендермен қатар өмірде жолы болмағандар, өмірден өз орнын таппағандар, бедел мен құр­мет, атақ іздеген адамдар көп. Басқа адамдарға кеңес беруге мораль­­дық құқықтары жоқ адамдар осы жан­жалдың туындауының басты себеп­керлері болып отыр. Оларға әлі моральдық тұрғыдан орнықпаған жас­­тарымыз еріп кетті. Осы тұста алдын алу, жауапкершілік арту болмағаны өкінішті.

Басшының билігі мен бағынушы­ның мүмкіндігі тура күштеудің мәде­ни көрінісі. Әлеуметтік теңсіздік – билік пен бағынушы арасындағы алшақтықтың артуынан пайда болады. Алшақтық пен артықшылық әлеу­меттік келіспеушілік және әділетсіз­дік сезімі артады. Азамат негізінен сезімге сүйенеді. Көшедегі жарнамаларды қарасаңыз, тек қымбат өмірді дәріптейді. Қымбат ұялы телефон мен қол жетпейтін көліктер самсап тұр. Таяқтың үнемі екі ұшы бар. Қым­батшылықты, артықшылықты жарнамалау әлеуметтік әлсіз топқа қорлау ретінде қабылданады. Жанжалға қатысушылардың осы заттардан өздерінің өшін алғанын байқауға болады. Ол үшін сарапшы болудың қажеті жоқ.

Бизнес арасындағы бәсекелестік бәсеке емес, таза күрес екенін мо­йындау керек. Осындай күрес жұмысы бар мен жұмысы жоқтың арасында да жүреді. Тіршілік ету ресурсына екі топтың мүмкіндіктері тең емес. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген сияқты. Қоғамдағы қайшылық сатылары балалықтан бастау алады, отбасы мен орта, балабақшаға барғанда тәрбиешіге бағынбау, тәрбиешінің баланы ұруы, соғуы түрінде, анасының балаларымен бірге құлап өлуі сияқты қоғамда алғашқы белгілер берілді. Оқушының мұғалім тарапынан төмен бағалануы, оқытушының баға қоюына оқушының қанағаттануы өте сирек кездеседі. Бұл да қоғамға беріл­ген белгі. Қайшылықтың бар­лық сатысынан өту барысы осылай жалғаса­ды. Азамат қоғамда өзін төмендетуді үнемі сезінеді және қабылдайды. Қайшылықты қабыл­дау – жанжалдың бастамасы. Жұ­мыс­шының жағдайын көбіне бас­шының көңілі шешеді. Тура күштеу билік тарапынан болып жатса, тура емес күштеу әлеумет­тік орта тарапынан болады. Дінді пай­даланып күштеу мен мәдени күш­теуде белең алған. Діни күштеу Шығыстан келіп жатыр. Исламдық Ауғанстанда талибандардың келуінің көшірмесін жасау іспетті. Біздің мемлекет Еуразия құрлығында жатыр деп бөлектегенмен, қираған Сириядан, Ирактан алыс емес екенін, ұшақ­пен ұшқанда үш сағаттық жерде орналасқанымызды естен шығар­мағанымыз абзал. «Жау жоқ деме, жар астында» деп қазақ дұрыс айтқан. Оларда да мемлекеттің қирауы осындай жанжалдардан басталған. Жа­һандық жанжалдың сыртқы бел­гілері көрініс бергенде, біздің ел­дегі билік осы белгілерді ұзақ уақыт бойына ескерусіз қалдырды. Уақтылы алдын алу жоспарланбады, бақылауға алынбады, шаралар қолданбады. Азаматтың бедел мен құрметті діни ағымдардан табуы, яғни жеке тұлғалардың шейх, әмір, әкім, қажы немесе кем дегенде басқарушы бригадир болуға ұмтылуының көріністері осы жанжалда анық байқалады. Тіпті «Алла разы болсын» дегенді жиі естігенге де таңғалмаймыз. Адамның риза болуы қоғам мен билік үшін маңызды.

Қоғам – биліктің айнасы, өйткені қоғамдағы теңсіздік әділетсіз биліктің көрінісі, сол сияқты қоғамдағы жанжал биліктің басқара алмауының салдары. Жанжал шешімі – ымыраласу, күрделі мәселенің шешімі негізінен қарапайым нәрселерден тұрады. Бұл – қоғам мен биліктің біріншіден бақылауда болуы, жанжалдың алдын алуды жоспарлауы, жауапкершілік алуы және әділ басқаруы. Осы төрт әре­кет: бақылау, алдын алу, әділ ше­шім қабылдау, басқаруы кез келген мәселенің тұжырымдамалық шешімі. Қоғам мен билікте осы негізгі төрт әрекеттің барлығы да болған жоқ. Қоғам мен билік ұзақ уақыт бойы өз бетінше екі топ ретінде қалыптасты, олардың өзара бір­лестікте әрекеттесуі болмады, бірін-бірі жақтырмаумен жүріп жат­ты. Әрине, бұл да қайшылық. Сондықтан тұ­­жы­­рымд­амалық төрт әрекетті: ба­қы­лау­ды, алдын алуды, әділ ше­шім қабылдауды, басқаруды үнемі ұс­таным етіп алуға тиіспіз. Осы тұс­та еліміздің Президенті Қ.Тоқаев­ты қолдауға шақырамын, өйткені жанжалды бақылауға алып, халықпен біргемін деп әділ шешім қабылдап, басқаруды өзінің қолына алып, ал­дағы даулардың алдын алуға кіріс­ті. Біздің күшіміз – бірлікте. Еге­мен­дігіміз мәңгілік болсын!

 

Майра КЕНЖЕБАЙ,

Білім, ғылым, даму орталығының директоры,психология РhD

 

АЛМАТЫ