• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Ақпан, 2022

Жантақтың біз білмейтін жұмбағы көп

604 рет
көрсетілді

Адамзат баласы Альцгеймер, Паркинсон ауруларының емін іздеп келе жат­қа­нына жүздеген жыл өтті. Дегенмен дерттің дамуын тежейтін препарат­тар жасалғанмен, одан құлантаза айығып кетудің жолы әлі табылмай тұр. Қа­зір де бірнеше елдің ғалымдары бірлесіп, аурудың алдын алатын дәрі жасау­ға кірісіп кетті. Олардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетінің профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов та бар. Ғалым кәдімгі жантақтың осы дертті дендетпейтін қасиеті ба­рын анықтаған.

Жантақ ел арасында түрлі ауруларды емдеуге әлдеқашан қолданылып келеді. Ойсылқара тұқымы сүйсініп жейтін болғандықтан көп өңірде түйежантақ аталып кеткен. Жергілікті ғалымдар ізденісінен кейін «Жарға біткен жан­тақ­ты жанынан безген нар жейді» де­генді айтқызған осы көпжылдық өсім­дік­тің бос радикалдар түзілуінен адам ағзасында пайда болатын жаңа ауруларды тежейтін антиоксиданттық қасиеті бары анықталған.

– Сонымен қатар жантақта көптеген өсімдіктегідей флавоноидтар қосы­лыс­тары кездеседі. Алайда флавоноидтар суда нашар еритіндіктен көп қол­дана бермейміз. Біз оны бұрын атеросклероз ауруының алдын алуда зерттеген болатынбыз. Бұл ауруда холестерин қалдықтарының түйіні тамырды бітеп тастайды. Соның алдын алу үшін флавоноидтарды спиртте ерітіп, пайдаланып көрдік. Осы әдістің холестеринді түйіндер түзілуінің алдын алатынын, бастапқы кезеңінде жоятынын анықтадық. Бұл туралы әлемнің беделді ғылыми журналдарында жарияланған мақаламыз бар, – дейді ғалым.

Жергілікті мамандар португалиялық, нидер­ландық, даниялық, ресейлік, украи­налық, беларуссиялық ғалым­дар­­мен бірігіп ғылыми жобаларын Еуро­­палық одақтың Horizon бағ­дар­­ла­ма­сы­на ұсынған. Horizon үш жыл бұрын жобаның кемшін тұстарын көрсе­тіп, кері қайтарыпты. 2019 жылы да жол­дары бола қоймады. Үшінші мәрте ғана жоба сәтті өтті. Бірақ пандемияға бай­ла­нысты зерттеу уақытша шегерілді. Қазір Нұрбол Орынбасарұлы – жобаның Қазақстандағы жетекшісі. Маңызы зор жобаға еліміздің атынан қатысып жат­қан топта 5 адам бар. Бәрі де жас ға­лым­дар. Әр топтың жұмысы бөлек. Қазақстандықтардың міндеті – ауруды өршіт­пеуге әсер етуші затты табу.

Жалпы, Альцгеймерден де, Пар­кин­соннан да әлі күнге құлантаза айы­­ғып кеткен пенде жоқ. Ғалымдар осы дерттердің алдын алатын негізгі затты әзірлеу үстінде. Оның дәрі ретін­де өндіріске енуі уақыт еншісінде. Екеуі де миды зақымдайтын аурулар қата­рын­да. Ғалымдар осы дерттерді туын­­дататын амилоидты фибрилдердің тү­зіл­уін болдырмайтын флавоноидтарды егжей-тегжейлі зерттеу үстінде. Со­лар­ды фуллерендермен әрекеттестіріп, алын­ған қосылыстарға тест жүргізеді. Оның ішіндегі ең белсендісін анықтап, улылығын тексереді. Осылайша, төрт жыл ішінде негізгі әсер етуші зат анықталуы керек. Бұлардың жұмысы осымен түйінделіп, физикалық, хи­мия­лық қасиеттерін, құрылысын, ла­бо­раториялық жағдайда тестілеуді, кли­никаға дейінгі, клиникалық дең­гей­­дегі зерттеулерді басқа елдердегі ға­лымдар жүргізеді. Тек осыдан кейін ғана өндіріске енгізіліп, дәрі ретінде шы­ға­рылады. Кез келген препараттың пайда болуында осындай тынымсыз еңбек жатыр.

– Әкем Паркинсоннан көз жұмды. Ауырғанда дертіне шипа таба алмағаным жаныма қатты батты. Сондықтан бұл жобаның орны мен үшін ерекше. Жал­пы, жантақтың біз білмеген жұм­ба­ғы көп, соны аша алсақ талай ауруды болдырмаудың жолы табылар еді, – дейді ғалым.

Жергілікті ғалымдар қолға алған жо­ба­­лардың біразы қолдау мен қаржы­ның жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Мы­салы, антиоксиданттық қасиеті бар, ағзадағы бос радикалдардың мөлшерін азайту арқылы қартаю процесін тежейтін, зиян­ды бактерияларға, ауру тудырғыш зең саңырауқұлақтарына қарсылық көрсететін қасиеттері бар заттар, парфюмерия, косметикада қолданылатын хош иістендіргіштер алу бағытында зерттеу­лер жүргізілді. Ауыл шаруашылығы саласында өсімдіктердің өсуін реттейтін заттар, су тазалауға арналған сорбенттер бастамалары зерттеліп жатыр.

Былтыр індет өршіп, ел қарапайым қорғаныш құралдарын іздеп сабылған тұста бұлар жаңа препарат даярлап шығарды. Тұрғындарға таратылған антисептиктің індеттен қорғаудан бөлек кәдімгі есекжемге ем екені анықталды, Ғалымдар енді осы бағыттағы зерттеуді бастамақ. Орақтан кейін атызда жал-жал болып қалатын күріш сабанынан целлюлоза шығарудың арзан, әрі тиімді жолын тапты. Енді жобаны жетілдіріп, целлюлозадан қағаз алудың қамын жасап жатыр. Микротолқындық сәулелендіру арқылы уақыт пен энергияны үнемдей отырып алғашқы өнім де алынды.

Жас ғалым ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарының нәтижесі қашанда ақша­ға келіп тірелетінін айтады. Ғы­лым­ды қаржыландыруда да қадау-қадау мәселе көп. Мемлекет осы салаға мән берсе отандық ғылым жетістігі ел игілігіне айналар еді.

 

Қызылорда облысы