Биыл да дарияның деңгейі төмен. Жазда арнасы түскенімен, қыста толып ағатын өзенің қауқары бұрынғыдай болмай тұр. Әйтеуір, былтырғы бастама нәтижесінде Аралдағы көлдер жүйесінің тола бастағаны ғана көңілге медеу.
Судың аздығы көктем шыға егіс қамына кірісетін шаруаның күдігін көбейтіп отыр. Осыған байланысты «Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы» жобасы әзірленіп, Үкіметке ұсыныс жолданды.
Дария деңгейі, суды үнемдеу мәселесі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровтың кездесуінде де талқыланды. Өңірде су тапшылығы зардабын азайтудың жолы сөз болған жиынға ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары мен су шаруашылығы саласындағы инспекция жетекшілері қатысты.
Облыс басшысы былтырғы вегетациялық кезең күрделі жағдайда өткенін атап өтіп, осы күні де Шардара су қоймасына түсіп жатқан су көлемі көңілдегідей еместігін жеткізді.
– Егер қазіргі деңгейден көбеймесе, вегетацияға дейін Шардара су қоймасы ғана толып, Көксарайға мүлдем су жиналмайтын қаупі бар. Бұл жағдайда облыстағы күріш егісінің көлемін айтарлықтай қысқартуға мәжбүр боламыз. Қазір шаруашылықтар тұқым, тыңайтқыш дайындау, егіс алқаптарын жоспарлауға кірісіп, көктемгі науқанға әзірлікті бастап кетті. Жаңақорған ауданындағы 30 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз ету үшін су тоспасын салу да өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Жалпы, су тапшылығының алдын алу үшін Жол картасында қаралған жобаларды іске асыруға министрлік көмек береді деп үміттенеміз, – деді өңір басшысы.
Аз суды үнеммен пайдаланудың түрлі жолдары қарастырылуда. Мысалы, қашыртқы суды қайта пайдалану үшін «Қазсушар» РМК облыстық филиалына 67 насос қондырғысын алуға қаржы бөлінуі керек. Бұған мүмкіндігіне қарай облыс бюджетінен де қарастырылып жатыр. Осы жылы 20 каналды тазалап, елді мекендерге 23 насос алып беруге ақша бөлінді.
Кеңесте Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров тапшылықтың басты себебі климаттық факторларға байланысты екенін айтып өтті. Диқандарды егінді қолда бар суға шақтап егіп, шаруашылық басшыларын суды үнемдеп пайдалануға шақырды.
Кездесуде облыс аумағында су қоймаларын салу да сөз болды. Қараөзек арнасынан құрылысы жоспарланып отырған қойманың сыйымдылығы – 775 млн текше метр. Жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын құрылыстың жобалық сметалық құжаттамасы республикалық бюджет есебінен әзірленген. Мемсараптаманың қорытындысынан кейін құрылысы басталады.
Облыс әкімі мәселелерді түйіндей келе, тиісті мамандарға шаруаларға су үнемдеудің тиімділігін түсіндіру қажеттігін айтып, нақты іске уақыт оздырмай кірісуді тапсырды.
Қызылорда облысы