Әбекеңнің өмірден өткенін төбемізден жай түскендей болды деп айта алмаймыз. Өйткені бұл кісі бір жылдың төңірегінде қатты науқастанып жатты. Ең соңғы рет барғанымда тіпті шүйкедей болып қалған. Жатын бөлмесінен коляскамен алып шыққанда, жас бала сияқты болып қалғанын көрдім. Сонда менің көзімнен жас шығып кетті. Қандай Әбекең еді.
Көрмегелі үш-төрт ай болып еді, мені көріп ол кісінің де көзінен жас шықты. Содан кейін мен көзімнің жасын білдірмес үшін жас бала сияқты қылып корридорда коляскамен әрлі-бері қыдыртқан болып барып, қасына отырып әңгімелестік. Құлағы естімей қалған, тамақты қасықпен аузына салып ішкізді.
Бір кездері қандай Әбекең еді деп бәрі көз алдыма елестеді. Бұл ұзақ әңгіме, сезімнің сөзі. Ал енді Әбекеңнің қазақ әдебиетіндегі, қазақ халқындағы рөлін, қандай орын алатынын айтып жатудың өзі артық. Сол сияқты Әбекең біз үшін сондай тұлға еді. Ол кісі біздің қорғанышымыз болды. Ұлттың мүддесін қызғыштай қорғаумен өтті. «Ана тілім ертең өлер болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» дейтін Расул Ғамзатовтың сөзін жадына сақтады. Нағыз ұлтжанды, ұлтын, тілін сүйген адам еді. Тілін сүйгендіктің арқасы емес пе? Ол әр шығармадағы ағат кеткен бір сөздің өзіне қадалып, шұқшиып отыратын. Өзінің романдарын қайта-қайта өңдеуден жалықпайтын. «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын жасадым» деп айтып отырғанда, мен сәл ренжіп: «Әбеке, одан гөрі жаңа шығарма жазбайсыз ба? «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын оқитын адам бар ма, жоқ па қайдан білесіз?» деп едім, бірақ ол кісіні алған бетінен қайтара алмайсың. Әр жеріне лайықты сөз қосып отыратын. «Бұл баяғыда жазылған шығарма ғой» деуші еді.
«Соңғы парызды» қанша ұзақ жазды. Бұл кісі ұзақ жазады, жұрт сияқты бір шығарманы бітіре салып, екінші шығармаға кіріспейтін. Әсіресе аудармаға қаншалықты көңіл бөлді, жер-жебірімізге жетіп ұрсатын да сол Әбекең еді. «Сендер шығармаларыңды орыс тіліне аударуға беріп, аударлығанына мәз болып қана жүресіңдер, ал әдебиетте, сөз өнерінде бір сөздің өзі көп нәрсені шешіп кететінін неге білмейсіңдер? Бір сөз шығарманың құнын арттырса, орынсыз бір сөз шығарманың бәсін түсіреді. Сендер осыған мән бермейсіңдер», деп кездескен сайын айтатын.
Қазақ елінің абыройы, ары, ұяты осы Әбекең еді ғой. Қайсы қырын айтайық, ол шығармаларымен қазақ әдебиетін әлемге танытып кетті. Ұлылардың соңғы сарқыны, соңғы тұлғасы О дүниеге кетті. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтармен бірге жүрген тұлғадан айырылып қалдық. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі бар, сол сияқты мен де бүгін ұзын қайың ғана емес, алып еменнің құлағанын естіп, жетімсіреп қалдым. Бұлай дейтін себебім, ол кісі телефон соққан сайын «Әй, бала» деуші еді, «тапқан екенсіз, жетпістен асқан адамды бала дегеніңіз қалай?» дейтінмін. Енді олай айтатын адам жоқ.
Ол кісі әр шығарманы оқығанда, қолына қызыл, көк қарындаш алып оқушы еді, менің соңғы жазған шығармам «Бөртені» ауырып жатқанына қарамай, бір күннің ішінде оқып шықты. Ол кісі оқыған нұсқасын сақтап қойдым. Белгі салмаған бір бет жоқ. Ең соңында өзінің пікірін орысша жазыпты. Оны айтып жатудың қажеті жоқ. Соңында: «Әй, бала, жылаттың ғой», деп қазақша бір сөйлем қосыпты.
Ол ана тілінің қорғаушысы бола білді. Жұрттың есінде бар шығар, Горбачев Алматыға келгенде Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде жатқан Әбекеңді шақырып алды, ол кісі сол күні ұшып келді де, ертесінде жиналысқа қатысып, өте керемет баяндама жасағаны әлі есімізде.
Сол кезде Әбекең өзінің сөзін оқып отырғанда Горбачев қасындағы біреумен сыбырласа бастағанда Әбекең мойнын бұрып: «Михаил Сергеевич, я эта слово говорю вам», деп састырып тастап еді. Әсіресе 1986 жылы жұрт кімнің кінәлі, кімнің жазықсыз екенін білмей, «бұны ұйымдастырған кім?» деп біздің жастарымызға жала жауып, қаулы қабылдап, «Қазақ ұлтшылдығы» дегенді тауып, сөйтіп жатқан қиын кезде Әбекең «Известия» газетіне үлкен мақала жазды. Сол мақаладан кейін жалпы жұрттың пікірі өзгерді. Әбекеңнен басқа адамның мақаласы болса, газет те оны баспас еді. Бүкіл Одақта Нұрпейісов деген атақ-даңқы бар, өзі Москваның жазушыларымен араласып тұратын болғандықтан, бұл мақаланың салмағы жақсы болды. Сол мақала бүкіл Одаққа, орыстардың өзіне көптеген мәселені түсіндірді.
Қазақ қаламгерлерінің көбі қол жеткізе алмаған нәрсеге Нұрпейісовтің қолы жетті. Атақты «Роман газета» дегенге біздің әдебиеттен тұңғыш рет «Қан мен тер» романы басылды. Мен Колумбияда болған кезімде бір оқиға болды. Олар Қазақстан деген елді естіп те көрмепті. Сонда бір адам келіп, орысша сөйлесті. Сол кісі: «Әбдіжәміл Нұрпейісов қандай жаңа шығарма жазды?» дегенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Біздің атақты жазушымызды Колумбиядағы біреудің сұрағаны қандай бақыт. Әбекең кім дегенде, ол кісі менің ұстазым, қамқоршым, арқасүйер ағам, замандасым, кейде құрдасым болды.
Зейнолла Қабдолов «Суырылмайтын қазық» деп ат қойып еді. Негізінде ол кісі біреуді жақсы көрсе, жек көрсе пікірін еш уақытта өзгертпейтін. Әр жағынан өзінің пікірі бар адам болды. Ендігі біздің міндетіміз – ол кісінің мінезі, кісілігі мен кішілігі жайлы өткір зерттеулер мен мақалалар жазу. Ұнатпаған кезінде өңменіңнен өтердей күшті жанары бар еді. «Не айтып отырсың?», «Бұл жазушы айтатын сөз бе?», «Шындығың қайда?» дейтін. Қалай болғанда да, ол кісі ұлттың қорғанышы, абызы бола білді. Мұхтар Әуезовтің шеберлігі жайлы аузынан тастамай жүретін, енді өзі де сол кісілердің қатарына, солармен сырласуға кетті.
Қадірлі Әбеке, еліңіздің алдында бір адамға ғана емес, бірнеше адамға тән парызыңызды өтедіңіз, арамыздан абыроймен аттандыңыз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Халқыңыз сізді ешқашан ұмытпайды.
Қош болыңыз!
Дулат ИСАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты