Ұлттық руханиятымыздың бір ғасырлық дәуірі тарихқа кетті. Қазақ әдебиетінің негізін қалаған, Мұхтар Әуезов бастаған алыптар тобының ең соңғы тұяғы, әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды деген хабар жетті.
Біздер оның «Қан мен терін» оқып, көркем әдебиеттің құдіретін түйсініп, шығармашылық өнердің жанкешті еңбек пен ымырасыз күрестен тұратынын көріп, жаңа түсінікпен әдебиетке келген ұрпақтың өкілдеріміз.
Әбекең әдебиеттің шыншылдығын, шынайылығын, стилдік тазалығын талап етті, қаламгердің хақысы үшін күресті, әр шығармасы үшін, әр сөйлемі үшін күресті. Өзінің шығармашылығына дәл мұндай ерекше жауапкершілікпен қарайтын жазушы кемде-кем шығар. Тіпті біреудің шығармасын оқығанда да қолына қалам алып, астын сызып, ұнаған жеріне «ұнады» деп, ұнамаса, «ұнамады» деп жазып отыратын ыждағаттылығын қайтерсіз! Тоқсаннан асқан шағында да жазуын доғарған емес. Әлдеқалай сәлем беру үшін үйіне бара қалсаң, сені отырғызып қойып, жазып жатқан затын ұзақ оқып, самолеттен қалып барам дегеніңді тыңдамайтын кезін талай көрдік.
Айтып-айтпай не керек, әдебиетімізді әлемге танытқан ұлы тұлға дүниеден өтті. Алдымызда асқар таудай болып тұрушы еді. Көңіл шіркін қия алмайды. Дүниенің өткіншілігін айтып, зарлануға құдайдан қорқып отырмыз. 98 деген жас, бір қарасаң, арман секілді. Әбекең – шын мәнінде арманына жеткен адам. Халықтың алтын қазынасына қосылатын шығармаларды тудыру, еліңнің тәуелсіздігін көру, халықтың мақтанышына айналу, ыстық ықыласына бөлену, ғасырға жуық жемісті ғұмыр кешу – бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін!
Қош, қайран Әбеке! Барша қазақ халқына, марқұмның артында қалған ұрпағына амандық тілеп, көңіл айтамын!
Төлен ӘБДІК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты