• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2022

Аты өшпейтін асыл аға

121 рет
көрсетілді

Әбдіжәміл ағамыз дүниеден өтті дегенде, менің есіме ол кісінің кейбір ерекшеліктері түсті. Жалпы, ол кісі біреуге жақ­са, біреуге жақпайтын. Бас­қа жазушыларға қарағанда ерекше көзге түсіп тұрады. Мысалы, біз, жазушылардың бәрі, әуелі әңгіме жазамыз. Одан кейін повесть, хикая жазамыз. Әбден шыңдалғанда барып романға бет бұрамыз ғой. Бұл кісі прозаға бірден «Кур­ляндия» деген романымен келді. Соғысқа қатысып келгеннен кейін «Курляндия» романын жазып, жариялады.

Ағамыз тоқсанға келгенде «Еңбек Ері» деген атақ алды. Оған дейін Қазақстан өкіметінен ешқандай сый-сыяпат алған жоқ. Мемлекеттік сыйлықты Мәскеуден алды. КСРО берді. Сонымен қатар Әбдіжәміл аға­мыз өзінің мерейтойын жасап көрген адам емес. 50, 60, 70, 80 жасқа толғанында мерей­тойларының ешқайсысын жасамаған. Тоқсаннан асқанда ғана бір рет мерейтойын жасады. Бұл да бір ерекшелігі.

Біздің көзіміз көрген аға жазушылар ішінде ұзақ жасағаны да осы кісі. Жүзге жетеді деп ойлағанбыз, жатқан жері жайлы болсын, 97-де жаман жас емес қой. Және бұл кісінің шынымен өз жасы бұдан үл­кендеу болуы мүмкін деген сөз бар. Осыншама жасқа келсе де, қаламы қолынан бір түскен жоқ. Осыдан екі жыл бұрын «Тасжүрек індеті» деген мақаласын орысша жазды, «Вирус бессердечия» деп. Сонда біздің қоғамдағы қазіргі кемшіліктерді, ол кемші­ліктер­дің қайдан шыққанын бастан-аяқ тізіп шықты. Сондай-ақ онда жастар тәрбиесінің дұрыс еместігін, адамдардың бір-біріне деген мейірімі суып қал­­ғандығын, мейірбандыққа тәрбиелемек тұрмақ, бізді ақ­ша билеп кетіп жатқанын – бәрін үлкен бір толғаныспен, күйінішпен жеткізді. Өкінішке қарай оны іліп әкеткен аға­ларымыз да, інілеріміз де болған жоқ. Ермек Тұрсынов қана үн қатты. «Ағамыз өте дұрыс айтып отыр. Мұндай індетті дереу қолға алмасақ, үлкен дағдарысқа апарады», деп пікір қосты. Және жазушының сол айтқаны тура келді. Мына қаңтардағы бүлін­шілік жастардың жұмыс­сыздығынан, мемлекеттің олар­ға жөндеп көңіл бөлмеуінен бо­лып, бетімен кеткендіктің аяғы осындай берекесіздікке ұшы­ратты. Міне, осындай індетті алдын ала болжай білген нағыз үлкен адам.

Бұл кісі соғысты көрген, соғыстан кейінгі заманды көр­ген, одан кейін жария­лылықты, өтірікті, шындықты, бәрін кө­ріп, соның барлығын таразылап отырып сөйлейтін адамның соңы ма деп шошимын. Аға­мыздың аңғарып білгенін біз көре қойғанымыз жоқ. Көпті көрген адам көп біледі және білген сайын халқына жаны ашиды. Өйткені ол кісіге хал­қынан басқа ештеңе керек жоқ еді. Атағы да, таланты да, жағдайы да, бәрі бар еді. Сон­­дықтан жаңағы «Тасжүрек ін­детін» жаны күйіп тұрып жазды. Мемлекет басындағыларға ескертті. Мұндай кеселді мемлекет тоқтатпаса, жеке адам тоқтата алмайды. Мысалдарына шейін көрсетті. Солай айта біле­тін, жа­сы келсе де жады мықты адам еді.

Бұл кісінің атақты жазушы болуына негіз болған шығар­масы – атақты «Қан мен тер» романы. Біздің қатарымызда «Қан мен терді» оқымаған адам жоқ қой деп ойлаймын. Романның атында да тұр ғой: бір жағы қан – қырғын, екінші жағы тер – еңбек. Осының бәрін қазақ халқы басынан кешті. Кеңес өкіметінің келуі, ақтардың қа­зақты қырып-жоюы, Кеңес қоғамының орнауы, осының бәрі – қазақ халқының басынан өткен тарих. Бұл – тарихи роман. Сол дүниесімен ата­ғы шыққан, халқына еңбегі сің­ген ардагер ағамыз. Адам ба­ласының бәрі баратын жерге ата-бабасының ізімен ағамыз да кетті. Жазған еңбегін, соңына қалдырған мұрасын жастар оқыса, талқылап үйренсе, нұр үстіне нұр. Сонда бұл кісінің де аты өлмейді.

 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты