Опера театрының іші. Салтанаты келіскен сәнді сарайдың баспалдақтарын әсем төплиінің өкшесімен тық-тық еткізіп, еркелей басып Әнші түсіп келеді.
Репетициядан шыққан беті. Бүгін көңіл күйі тіпті ерекше. Әлемнің небір еліне барып, өнерімен тыңдарманын талай таңдай қаққызып жүрсе де, алдағы Қытай еліне жасамақ гастрольдік сапарын ойласа, айрықша шабыт құшағына енетіні бар. Өйткені әнші үшін бұл сапардың жөні бөлек...
Театрдың төменгі қабатында өзін тағатсыздана күтіп тұрған сүйікті жары һәм өнерінің үлкен жанкүйері Қанабек те Күләштің осынау көңіл күйіне сай оны аса зор құрметпен қарсы алды. «Сен менің бұлбұлымсың» деді маңдайынан емірене иіскеп.
– Қашан келдің? Дайындығымызды естідің бе? деді еркелей.
– Әрине, сен «Бұлбұлға» салғанда дүние ерекше құлпырып кетеді емес пе?! Сұңғыла Хамиди сенің нәзік табиғатың мен үн мүмкіндігіңді қалай тап басып таныған?! Тыңдаған сайын таңданамын!
– Қана, айтшы, осы бұлбұлдар жылай ма?..
– Ж... Жыламайды. Сайрайды, Күлеке!..
Театрдан басталған жол
Бойжеткеннің өнерге деген айрықша іңкәрлігін айналасындағылардың барлығы білгенімен, оның жақындарының ортасында ғана сырнайға қосылып, жасқана шырқар жағымды үні болашақта күллі адамзаттың жүрегін тербеп, «Қазақтың бұлбұлы» атандыратынын ол кезде ешкім білмеген, дұрысы оған сенбеген. Өзге түгіл Күләштің өзіне де бұл ертегілер еліндегі қиял-ғажайыптай көрінетін. Әйтсе де, сүйкімді ару жүрек түкпіріндегі ең аяулы арманына бір сәт те сатқындық жасап көрмеген.
Сол арманның құдіреті болса керек, жас арудың алдынан өнеріне жол ашар жақсы адамдар ұшырасты. Соның бірі – қазақ өнерінің үлкен майталманы Қанабек Байсейітов еді. Қайбір жылы Күләш тұрақ еткен ағасы Айтбектің үйін ағасының театрда қызмет ететін Қанабек есімді жақын досы бір жыл қыстайды. Ал Қанабек ол кезде 1926 жылы ту көтерген қазақтың тұңғыш кәсіби театрының негізін қалаушы әрі белді актерлерінің бірі болатын.
«1929 жылы Күләш әлдебір себептермен оқудан шығып қалды. Қолы бос кездерде қазақ драма театрының ойындарын менімен бірге барып көріп жүрді. Қай спектакль екені есімде қалмапты, бір спектакльді екеуміз қатар отырып көріп отырғанбыз. Қалай көзім түскенін қайдам, бір кезде Күләшқа қарасам, сахнадағы актермен ілесіп «ойнап» отыр. Біресе қабағын түйе қалып қиналып, селк ете қалып шошып, біресе жадырай күлімдеп, сахнадағы актерлердің қимыл-әрекеттеріне үйлесе қозғалақтап шыдай алмай кетеді. Спектакльден шыққан соң Күләшқа: – Сен біздің театрға кіресің бе? дедім. – Ала ма? деп қалды. Түсіне қойдым ниетін» деп жазады Қанабек Байсейітов «Құштар көңіл» кітабында.
Өзімен бірге еріп барып театрдың әр қойылымын жібермей тамашалайтын өнерге іңкәр арудың әнге, ән айтуға деген айрықша құштарлығын көрген Қанабек Күләшті театр басшылығымен таныстырады:
«Келісілген уақытта Күләшті ертіп театрға келсек, Жұмат пен Жанбике отыр. Серке де сол арада екен. Күләш «Елім-айды» айтты. Өзінің әдемі, жұмсақ даусымен айтты. Сонан соң екеуміз «Арқалық батырдан» үзінді ойнадық. Біз сахнадан түсер-түспестен-ақ: «Нағыз қалмақтың қызы осы ғой» деп Серке пікірін айтып тастады. Солай айлығына 36 сом белгілеп, ең төменгі ставкамен Күләшті театрға алды» деп еске алады ол сәтті атақты актер.
Басында ағалы-қарындас болып араласқан жастар кейін көңіл жарастырып, 1933 жылы шаңырақ көтереді. Сол күннен бастап Қанабек Байсейітов қай жағынан да жарына қолдау білдіріп, өнердегі дара да даңғыл жолының қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
«Чудо»
Театрға жұмысқа тұрған күннен бастап әнге іңкәр, өнерге құштар көңілінің һәм әр ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын асқан еңбекқорлығының арқасында Күләш қосалқы рөлдерді кейін ысырып, аз уақыт ішінде-ақ басты рөл биігіне көтерілді. Б.Майлиннің «Майданындағы» – Пүліш, Н.Гогольдің «Үйленуіндегі» – Агафья Тихоновна, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» – Еңлік, кейінірек опера театры сахнасында сомдаған – Айман, Қыз Жібек, Қадиша, Шұға, Ақжүніс, Баттерфляй, Алтыншаш, Маро, Ажар, Сара бейнелері дарын иесінің қазақ театр тарихына алтын әріппен шегелеп кеткен кесек бейнелер шоғыры.
«Күләш ажарлы, сүйкімді, жылы жүзді жан болған. Бірақ ол кісіні сұлу деп айтуға болмайды. Күләш ішкі дүниесінің сұлулығымен барша жанды өзіне баурап алатын. Кейде Күләштің сондай сұлу болмағыны дұрыс па деп ойлаймын. Егер ол кісі сұлу болғанда, бұл рөлдеріне әсер етер ме еді? Күләш сахнаға қандай образбен шықса, жұрт оны сол деп қабылдайтын болған. Жібек болса – Жібек деп, Айман бейнесінде Айман деп қабылдады. Сахнаға Сара болып шыққанда, Сараның көзін көргендердің ешқайсысы «Сара мұндай болмаған еді» деп айтпаған», деген естелік айтады әншінің өмірі мен өнері туралы ғұмырнамалық зерттеу жазған «Бұлбұл» кітабының авторы Сара Латиева.
Байсейітованың рөл сараптаудағы ерекшелігі сол – әр бейнеге ерекше жан бітіріп, кейіпкерлерінің табиғатын түрлендіргенді ұнатқан. Әсіресе актриса сомдаған Ақжүніс бейнесі өзінің еркіндігімен, батылдығымен көрермен есінде жатталды.
1944 жылы әнші Тбилисиде қойылатын «Даиси» операсындағы Маро рөлін ойнауға шақырылады. Мәскеудегі онкүндікте аталған рөлді тамаша ойнаған өз әртістері қайтыс болып, содан кейін оны ойнауға ешкімнің батылы бармай жүреді екен. Осы рөлді сахнаға сәтті алып шыққан Күләштің талантына таңдай қақпаған жан қалмайды сонда. Әртістің сомдауындағы бейнені көрген грузиндер Күләшті өздерінің Мароларындай көріп, төбелеріне көтерген. Сол секілді «Алтыншаш» қойылымының премьерасына келген композитор Назиб Жиганов та шымылдық ашылып, орман ішінен Алтыншаш–Күләш әндетіп шығып келе жатқанда ерекше толқып: «Бізде бұрын-соңды мұндай Алтыншаш болған емес» деп әншінің бойындағы шексіз талант құдіретіне бас иіпті.
Өнері шыңға өрлеп, атағы жер жарып тұрса да аңыз әнші өмірінің соңына дейін бойына әкенің қаны, ананың сүті арқылы дарыған қарапайымдылығын жоғалтпай өтіпті. Ал театрдағы жанкештілігін өнердегі әріптесі, жан құрбысы атақты биші Шара Жиенқұлова өз естелігінде: «Бірде театр ұжымы болып Қызылжарға келдік. «Қыз Жібекті» қоймақпыз. Бір кезде Қанабек: «Ойбай, Күләш ауырып қалды, баспа, тамағы ісіп кеткен, қызуы 40 градус!» – дейді. Бәріміз састық. Құрекең (Құрманбек Жандарбеков.– авт.) айтты: «Өмірде спектакль, концертті жариялаған соң, оны «отменить» ету – қылмыс. Театрға халық аузынан жырып билет сатып алады, біз отырған халыққа ойын болмайды десек, кім боламыз? Бүгін спектакль болады. Шара, сен Қыз Жібек боласың, әртіс боп ойна, биле, әйтеуір білгеніңді істе. Қалғанын Қанабек екеуміз көтеріп аламыз». Қарсыласуға болмайды, мен Қыз Жібек болып киіндім. Жаспын ғой, әп-әдемі Қыз Жібек болдым, бірақ ариясын айта алмаймын, сөздерін білмеймін, мелшиіп қатып қалдым. Бір кезде аяғында пима, үстінде тон, басын орап алған, бетін қырау басқан Күләш кіріп келді де: – Мен өзім ойнаймын,– деді. Көзінен жасы парлап, жан-тәнімен рөлді атқарып шықты. Халық тік тұрып қол ұрды. Спектакльден кейін Күләштің өзі «жазылып кеттім» деп күледі. Міне, Күләшіміздің мінезі осындай ғажап еді» деп таң қалса, әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов: «Музыкалық мектептің есігін ашпаған, дауысы қырналмаған, сыланбаған әнші өзіміздің әндермен қатар, классикалық музыканы қалай оп-оңай меңгеріп кетті? Театр мектебін көрмеген, үлкен режиссураға кездеспеген адам бейне жасаудың ең нәзік жолдарын өз бетімен қалай тауып келетін еді? Маған мұның барлығының жауабы біреу-ақ сияқты сезіледі: соның барлығы Күләштің өзімен бірге туған, Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы «ЧУДО!» деп таңдай қағыпты. Иә, қазақтың маңдайына біткен бұлбұл әнші Күләш Байсейітова шын мәнінде ән өнеріндегі құбылыс еді!
Әншінің ұлтқа сіңірген ең үлкен еңбегі – қазаққа әлемдік мәдениеттің есігін ашуы, яғни қазақ халқына әлемдік опералық классиканы және дүниежүзі елдерінің халықтық әндерін танытып қана қоймай, ұлттық сахнаға тұңғыш рет Татьяна Ларина, мадам Баттерфляй сынды әлемдік классиканың кесек бейнелерін алып шығып, көрерменімен қауыштыруы дер едік. Замандастары да оның есімін әлемдік мәдениеттің есігін еркін ашқандардың алғашқысы деп мойындады. Бір сөзбен айтқанда, Күләш Байсейітова – әнші, дарынды актриса дәрежесінен ұлттық символ биігіне көтерілген тұлға.
Өскен орта
Исі қазақтың мақтанышына айналып, бұлбұлы атанған Күләштің азан шақырып қойған есімі – Күләш емес, Гүлбаһрам екенін бүгінде жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Ал қыз күніндегі тегі Бейісова болған. Өнер тарланы Қанабек Байсейітовке тұрмысқа шыққан соң тегін ауыстырып, өнер әлеміне Күләш Байсейітова болып еніп, сол атпен елдің сүйіктісіне айналды. «Әкемнің атын шамамның келгенінше мен де шығарған шығармын, бірақ ұлы менен гөрі, келіні Күләш көп шығарды. Күләштің өнері арқасында Байсейітова деген фамилия күллі Қазақстанға, бүкіл Одаққа, кезінде шетелге де белгілі болды» деген Қанабек Байсейітов әншінің өмірлік серігі ғана емес, өнерінің де үлкен қолдаушысы бола білді.
Жалпы, Күләш Байсейітованың өнерді қастерлеп, ән-күйге әуес болып өсуінде белгілі бір заңдылық та жоқ емес. Әкесі Жасын өз заманында әжептәуір әнші, сері адам болған. Кезінде Әсетпен, Балуан Шолақпен бірге жүріпті. Өзге ағалары да әнді арнайы кәсіп етпегенімен, өнерлі болған деседі. Бір әулеттен шыққан Күләш Байсейітова мен немере ағасы Манарбек Ержановтың өнері мен ән әлеміндегі даңқы әнші бойындағы тектіліктің тамырын танытады деп сеніммен айта аламыз.
Ал әншінің туған жеріне қатысты даулы мәселе көп. Құжатында Алматы қаласы деп көрсетілгенімен, негізгі туған жері Қарағандының Ақтоғай өңірі екендігі анық. Оны әнші өмірін зерттеген жазушы Сара Латиева былайша нақтылап өткен екен: «М.Әуезов атындағы драма театрының, Абай атындағы опера және балет театрының директоры болған Айташ Жұбанышәлиев деген ақсақал: «Күләштің де, Шараның да арғы түбі – Қарқаралының қаракесектері» деген. Ашаршылық жылдары жұрт жаппай көшкенде, анасы Зибажан екі қызымен Алматыдағы Айтбек деген қайнысын сағалап келген. Жағдайлары нашар болғандықтан, Күләшті Алматы өңіріндегі Балтабай деген жерден тұрмыс жағдайы төмен балаларға арнап ашылған мектеп-интернатқа берген. Бәлкім, интернатқа сол төңіректің балаларын ғана қабылдау керек болғандықтан, кезінде Күләштің құжаттарына солай жазылған болар. Немесе «таланттылардың бәрі астанадан шығу керек» деген оймен солай жазды ма екен? Үшінші себебі – Күләш осы жерде аяғына тік тұрып, елге танылған соң «онда тұрған не бар?» деп солай жаза салуы да мүмкін. Әйтеуір архивтегі құжаттарда әншінің туған жері деп Алматыда туғандығы жазылған. Әнші өз қолымен жазған өмірбаянында да солай жазыпты. Бірақ көзкөргендердің айтқаны мен жалпы тарихи деректерге сүйенсек, Күләштің Балқаш өңірі, Ақтоғай жерінде туғандығы анық» дейді. Ақтоғайда туса да, Алматыда туса да – әншінің даңқы тұтас қазаққа ортақ. Күләш Байсейітова – қазақтың қызы, қазақтың бұлбұлы!
Қазақтың бұлбұлы
Ал әйгілі композитор Латиф Хамиди болса «Күләшпен кездесу – әнмен кездесу еді» деп еске алыпты. Олай деуіне себеп те, дәлел де мол. Өйткені әншінің бойындағы саф алтындай жарқыраған тума талант қай кезде де өзінің даралығын танытып тұратын. Күләштің әнін бір тыңдаған жан балға арбалған арадай үн құдіретіне мас болып, әншіні қайт-қайта тыңдауға бейілді еді. Ал талайды тамсандырған сол дауыс оқу-тоқусыз, табиғаттың өзімен әнші бойына дарыған айрықша дарын екенін білген музыка мамандары сол кездің өзінде-ақ әншінің көмейіне ұя салған көркем үнді құбылысқа балайтын. Әйтпесе, театрға алғаш жұмысқа қабылданған жылы операның не екенін білмеген жанның арада жылға жуық уақыт өтпей сахнаның нағыз бұлбұлына айналғанды құбылыс емей немене?!
Күләш Байсейітованың әнші ретіндегі жұлдызының жанып, даңқ шыңына шығуына 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде сомдаған Қыз Жібек бейнесінің орны ерек. «Бұл рөл Күләш үшін жазылғандай, Күләш Жібек рөлін ойнау үшін туғандай еді. Егер «Қыз Жібек» операсы зор табысқа ие болды дейтін болсақ, сол табыс Күләштің арқасында келді деуге режиссер ретінде мен жасқанбаған, қызғанбаған болар едім» деген әйгілі актер Құрманбек Жандарбековтің пікірі ойымызды қуаттай түседі. Қайталанбас дауысы мен шебер орындаушылық өнерінің арқасында Мәскеудің талғампаз тыңдармандарын қазақ өнеріне бас игізіп, мойындатты. Өкімет басшысы Йосиф Сталиннің Күләштің керемет даусына таңғалып: «Бұл қандай халық? Грузиндерден әншілік өнері асқан халық бар екен ғой, ол – қазақ халқы!» деп тамсана таңдай қағатыны дәл осы сәт болатын. Іле әншінің бұл қайталанбас өнері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, небәрі 24 жасында Кеңес Одағының тарихындағы ең жас «Халық әртісі» атанды. Одан кейін де талай жоғары марапат алды. Әншінің өнеріне тәнті болған композитор Латиф Хамиди Күләш Байсейтоваға арнап әйгілі «Бұлбұл» әнін шығарды. Әйтсе де, әнші үшін марапаттың үлкені «Қазақтың бұлбұлы» атандырған халқының зор ықыласы еді.
Қиянат
Халқының ықыласына бөленіп, әсем әнімен жүректерге сәуле шашып, жан жадыратып жүрген даңқ шыңындағы дара әншінің басына бір-ақ сәтте қара бұлт үйірілді. Ол астыртын жетіп, әнші әлемін астан-кестен етіп кеткен «алтаудың арызы» еді. 1957 жылы көктемде Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірмен бірге Қытай елінде өтетін өнер сапарына ерекше құлшыныспен қызу дайындалып жатқан әншінің қуанышын қызғаныштан көзі байланып, әншінің даңқын көре алмаған күншіл топтың домалақ арызы бір-ақ сәтте быт-шытын шығарды. Сол сәтті әншінің жары былай еске алады:
«Күләш бір күні үйге көңілсіз келді. Әншейін жаралы аңдай сүйретіліп есіктен әрең кірді.
– Кана, құрыдым, я погибла, – деді.
– Не боп қалды?
– Қытайға бармайтын болдым, үстімнен арыз түсіпті. Алты адам қол қойған екен. «Арақ ішеді, гуляет» депті. Мұндай масқараны көргенше, өлгенім жақсы ғой, Кана...».
Осыдан кейін әнші оңалмады. Күн санап, өзін іштей мүжіп, күйрей берді. Арада бірнеше ай өткен соң көңілін сейілтпек болып ең алғаш өзін даңқ шыңына шығарған Мәскеуге татарлардың онкүндігінде ойналып жатқан «Алтыншаш» операсын көру үшін арнайы келеді. Бірақ бұл сапардың әнші үшін соңғы сапар болатынын ол кезде ешкім білмеді. Оны әншінің өзі де сезбеген шығар, әлде сезді ме екен?.. Қойылымнан шығып, өзі тоқтаған «Пекин» қонақүйіндегі бөлмесіне демалуға келген әншінің демі мәңгілікке үзіліпті.
«...Ваннаның қасына жетіп, жақтауына сүйенген күйі отыр дейді. Құламапты, тірі адамдай сүйенген күйі отыр екен. Отырған қалпы мәңгіге ұйықтап кетіпті. Жүрек шіркін шыдамапты. Талай бақытты сәтті бастан кешкенде жарылмаған жүрек, өстіп ойда-жоқта жарылып кетіпті...».
Қанабек Байсейітовтің асыл жары туралы жазған бұл мұңлы естелігін жыламай оқу мүмкін емес. Ал домалақ арызды жоғарыға домалатқан алтау сол сәтте, күллі қазақ бұлбұлын жоқтап, егілгенде өздерін қалай сезінді екен? Өкінді ме?.. Әй, бірақ, жанында жүріп, сыйласқан асыл әріптесіне тасада тұрып оқ атқызған қызғаныштың қызыл оты оған мұрсат бермеген де болар...
Қалай десек те, бәріне уақыт – емші, тәңір – төреші. Алайда уақыт ағзам алақанына жазылған ол ақтаңдақ өшкен жоқ. Уақыты келгенде ащы ақиқат жарыққа да шығар... Сонда бұлбұлын өлтірген алтауды ұрпағы кешіре ме?..
* * *
...Опера театрының іші бүгін күндегідей емес, әдеттегі салтанаты сап тыйылған. Жауатын бұлттай түнеріп алыпты. Дәл Қанабектің көңіліндей. Түртіп қалсаң, төгіліп кетердей. Бір кездері өзі Күләшін тағатсыздана күтетін жерге келді. Бәрі сол қалпы, өзгермепті. Өзгерген көңіл ғана. Қанабектің құштар көңілі... «Бұлбұлым жоқ енді» деді күбірлеп. Бір сәтте өзінің ойынан өзі шошынғандай болып: «Ой жалған-ай, бұлбұл өле ме екен?! Күләштай бұлбұл өлген жоқ! Ол халқының жүрегінде мәңгі сайрайды» деді жанына жұбаныш тапқандай. Жанарынан сырғып аққан тамшы театрдың мәрмәр еденіне тырс етті...