• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Наурыз, 2022

Өнер үйреніп, өз ісін ашқан арулар

232 рет
көрсетілді

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы нәзік жандылардың мүмкіндігін кеңейтіп, қарым-қабілетін жан-жақты көрсетуге септесетін әлеуметтік жоба қолға алынғанын хабарлады. «Замандас 21» қоғамдық қоры бастамашы болған бұл жоба әйелдерге пайдалы дағдыларды үйренуге, кәсіп бастауға және өмірін түбегейлі өзгертуге көмектесуде. Жоба аясында қаншама ару тоқыма, аспаздық, сәндеу және басқа да түрлі өнер үйреніп, өз ісін ашып жатыр.

 

Алматылық Әйгерім Төлебаева арнайы курстан өтіп, енді кеңінен өз ісін ашуды ойға алып жүр екен. Ол аспаздық курсын оқып қалыптастырған дағды­ларын қазір негізгі табыс көзіне айналдырып отыр. Курс жөнінде айтып берген кейіпкеріміз онлайн-форматтағы сабақтар ыңғайлы екенін, өйткені белгілі бір орынға барып оқудың қажеттігі болмай, уақыт үнемделетінін атап өтті. Тек интернетке қолжетімді сапалы ком­пьютерің болса жеткілікті.

«Менің мүмкіндігі шектеулі балам болғандықтан, оны біреумен ұзақ уақытқа қалдыра алмаймын. Сондықтан маған онлайн сабақ өте қолайлы болды. Мен өз қолыммен тәтті тағамдарды пісірудің әдіс-тәсілін және тиімді сату жолын үйрену керек деп ойладым. Маған көбірек рецепттер, ет, көкөніс, тәтті пирогтер, тоқаштар үшін жақсы қамырдың құпиялары туралы көбірек білу керек болды. Оның үстіне сабақ та көп уақыт алған жоқ. Сабағымыз аяқталғанына қарамастан, курс тыңдаушыларының чатында біз әлі де сөйлесіп, әртүрлі рецеппен, пайдалы ақпаратпен алмасып тұрамыз. Оқу біткеннен кейін тапсырыстар бірден түсе бастады. Қазір үйде отырып, ақша табамын. Бүгінгі таңда тапсырыстар ақырындап көбейіп келеді. Егер сұраныс артатын болса, аспаздық студия ашамын деп отырмын», деді Әйгерім.

Осындай талаптанушылардың бірі – Ақкөл ауылының тұрғыны Валентина Босякова. Ол үш баланы тәрбиелеп отыр, оның біреуінің мүмкіндігі шектеулі екен. Өмірлік қиындықтарға қарамастан, әйел шағын сұлулық салонын ашты.

«Мен бәрі оңай болады деп күтпеген едім. Соңғы бес жыл ішінде маникюр, педикюр, шугарингпен айналысамын. Шағын салонды жалға алдым. Кірпік мен қасты ламинаттау курс­тарында оқығаннан кейін клиенттік базаны арттыра алдым. Осы істегі білімімді жетілдіріп, бастамамды жаңа қызметтермен толықтыра алғаныма қуаныштымын», дейді В.Босякова.

«Өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасының үйлестірушісі Варвара Полякованың айтуынша, сұлулық, клининг, digital-қызметтер саласында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті мамандар курстарында 500-ге жуық адам оқытылды. Курс аяқталғаннан кейін барлық қатысушыға сертификаттар берілді. Бұл оларды тұрақты жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ осы жоба аясында біліктілікті арттыру туралы сертификаттар отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлеріне де берілді. Өткен жылы дағдарыс орталықтарының 422 маманы қиын өмірлік жағдайдағы әйелдер мен балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша өздерінің кәсіби білімін арттырды.

Әйелдердің әлеуетін көрсетуге мол мүмкіндік беріп жатқан бұл әлеу­меттік маңызы бар жоба гранттық қар­жыландырудың нәтижесінде Азаматтық бастамаларды қолдау орта­лығының және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен іске асырылды.