Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін бүкіл әлем Қазақстанға көз тігіп отыр. Ел өмірінде орын алған әр жаңалықты жаһандық ақпарат құралдары сол сәтінде-ақ жариялау үстінде.
Президент Жолдауы аяқталысымен кабинетке келіп, компьютерді қосып қалсам Қ.К. Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құру жолындағы батыл реформаларын әлемдік әлеуметтік желі жер-жаһанға таратып үлгеріпті.
Қашанда әбжілдігімен ерекшеленетін ресейлік РБК порталы Жолдау басталғанына небәрі 39 минут өткенде «Тоқаев «суперпрезиденттік» билік жүйесінен кетуді ұсынды» деген тақырыппен Мемлекет басшысының саяси бастамаларына қолдау білдіріпті.
Иә, тәуелсіздік алғанына 30 жыл өткен Қазақстан кең көлемдегі саяси реформалар жүргізуге әбден дайын. Жолдауда халық өзі көптен күткен осындай оң өзгерістерді естіді.
Атап айтар болсақ, президенттік қызметті атқару кезінде Мемлекет басшысының ешбір партияға мүше болмауы, оның жақын туыстарына саяси қызметке және мемлекеттің үлесі бар ұлттық компанияларда қызмет атқаруға тыйым салынуы, барлық әкімдерге партия филиалдарын басқаруға рұқсат берілмеуі, партияларды тіркеу үшін жиналатын қолдың 20 мыңнан 5 мыңға дейін азаюы, басқа да береке-бірлікке бастайтын батыл қадамдар еліміздегі кең көлемдегі демократиялық үрдістерге жол ашатыны анық.
Қазақстан халқы ассамблеясынан Мәжіліске депутат сайлаудың Конституциямыз бен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына қайшылығы туралы әңгіме де қоғамда көптен көтеріліп жүрген мәселе еді. Енді бұл да ұлттық заңнама шеңберінде өз орнын тапты.
Жолдаудағы Мәжіліс депутаттарын пропорционалды және мажоритарлы негізде сайлау, барлық деңгейдегі мәслихаттардың рөлін күшейту мен олардың депутаттарын да аралас негізде сайлау, облыс және республикалық маңыздағы қала әкімдерін баламалық негізде тағайындау сияқты өзгерістер Жаңа Қазақстанды алға жетелейтін жаңа кадрлардың шығуына жарқын жол ашады.
Сенат туралы қабылданған шешімдер де қоғамда жиі қозғалатын мәселелердің бірі болатын. Енді оған да біржолата нүкте қойылды.
Барша халық Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы туралы шешімді «ақ түйенің қарны жарылған» ең ақжарма жаңалық ретінде қабылдайтыны анық. Бүгінде Алматы облысында 2,1 миллион, ал Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының әрқайсысында 1,3 миллионнан астам халық өмір сүреді.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 500 мыңнан, Атырау мен Батыс Қазақстанда 600 мыңнан, ал Павлодар, Маңғыстау және Ақмола облыстарында 700 мыңнан астам адам өмір сүреді. Сондықтан жаңадан ашылған үш облыс халқы экономикалық, демографиялық әлеуеті жөнінен өзге облыстармен тез арада теңеліп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне зор үлесін қосатын болады.
Қазіргі Қазақстандағы ең басты проблемалардың бірі – жұмыссыздық мәселесі. Жаңадан ашылатын үш облыста алдағы уақытта жұмыс орындары пайда болып, облыс орталығы мәртебесіне ие болған үш қала осы заманға сай қайта түлейді. Бұл «өшкені жанып, өлгені тірілгендей» болған сол өңір халқының зор патриоттық өрлеуін туғызатынына нық сенемін.
Семейлік азамат ретінде Абай облысының құрылуына жүрегім жарыла қуандым. Бұл – қазақтың ұлы ұстазы хәкім Абайға деген, Ұлықбек ақын айтқандай «қасіреттен көз ашпаған» Семей өңіріне деген зор құрметтен туған шешім. Бұл – нағыз әділдіктің салтанаты.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенаты
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы