Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған кезекті Жолдау бүкіл қазақстандықтардың назарында болған елеулі оқиға болды. Себебі қаңтар оқиғасынан кейін Президент халыққа саяси реформаларды жариялайтынын алдын ала хабарлаған болатын.
Отыз жыл бойы елімізде қордаланған мәселелер тым көбейіп кетті. Әсіресе, азаматтар құқығын сақтамау, ел заңдарын өрескел бұзу фактілері халықаралық ұйымдардың сынына ұшырады, Қазақстан беделіне нұқсан келтірді. Осындай келеңсіз жайттарды тізе келіп Президент реформаларды неден бастау керек екенін атап өтті.
Әсіресе, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционалды болса, 30 пайызы мажоритарлық жүйемен сайланатыны ел сайлаушыларының көңілінен шықты деп санаймын. Өйткені қоғам қайраткерлері мен заңгерлер сайлау заңын өзгертіп, сайлаушылардың құқығын ескеру туралы қанша жылдан бері айтып келеді. Әрине кейбір сын айтушылар бұл өзгеріске қанағаттанбаулары мүмкін, бірақ сеңнің қозғалғанына, бірте-бірте осы мәселеге байланысты қосымша өзгерістер болатынына сену керек. Сонымен қатар Қазақстандағы саяси партиялар тіркелу үшін бұрынғыдай 20 мың қолдың орнына 5 мың қол жинауы жеткілікті дегені қоғамда баяғыдан бері айтылып келе жатқан, жауыр болған мәселенің бірі еді. Енді жаңа партия құрамыз, тіркейміз дегендерге жол ашылды деп айтуға негіз бар. Әрине, мұның бәрі республика заңдары шеңберінде және демократиялық принциптерді сақтай отырып жүзеге асатын өзекті мәселелер екенін ұмытпаған жөн.
Ел Президентінің әкімшілік-аймақтық мәселеге ден қойғаны, бұл Қазақстанның бүгінгі алмағайып кезеңдегі аумағын нығайтып, болашақ ұрпақтың қамын ойлаған бүкіл халық қолдайтын саяси-экономикалық өзгерістердің бірі деп айту керек. Осыған орай кезінде жеке облыс болып шаңырақ көтерген Семей облысының Абай, Жезқазған облысының Ұлытау, Алматы облысының Жетісу және Алматы облысы болып қайта құрылуы, Қапшағайдың атын өзгертіп, Қонаев деп атауға ұсыныс жасауы біздің ұлтымыз үшін өте маңызды құптайтын қуанышты жағдай. Әрине дәл осы кезде бұрынғы Торғай облысы тұрғындарының «әттеген-ай» дейтін өкініштерін түсінуге болады. Бірақ менің ойымша бұл мәселенің бәрі уақыттың еншісінде. Дәл қазіргі қиын-қыстау кезде осындай ауқымды мәселелердің бәрін жүзеге асыру үшін қаншама қаражат пен адами ресурс қажет екенін ұмытпайық. Президент айтқандай, Қазақстан – дара және жалғыз мекеніміз, оның да мүмкіндіктері шектеулі екенін есте сақтайық және оны алақанымызға салып мәңгілік асыл мұра болып қала беруіне баршамыз бір адамдай жұмылғанымыз абзал.
Президент Қ.Тоқаев соңғы жылдары қоғамда жаппай талқыға түсіп жатқан Конституциялық сотты қалпына келтіру мәселесіне назар аударды. Шынын айту керек, осы жылдары елдегі Ата Заңымыз кім көрінгеннің қолжаулығына айналып кеткені өкінішті жағдай. Ең сорақылығы, Конституцияның баптарын көздің қарашығындай қорғауға тиіс құқық қорғау орындарының сақтамауы үйрешікті жағдайға айналды. Әсіресе, сот пен прокуратура органдары Конституция баптарын сақтауды ұмытқандай болды. Бұл сөзсіз азаматтардың наразылығын туғызды. Конституцияның нормаларын бақылап, оны сақтауға бірден-бір мүдделі орган – Конституциялық кеңес. Алайда бұл орган мен «естімеймін де, көрмеймін де» деген сыңай танытты. Осындай келеңсіз жағдайларға қанық болған Президент Парламент отырысында Конституциялық соттың қайта құрылатынын жария етті.
Ал Конституциялық сотқа келетін болсақ, демократиялық қоғамда Конституциялық соттың болуы өте қажет. Атап айтқанда, бұл орган Президент пен Парламенттің және соттардың, әсіресе шектен шыққан күштік құрылымдар, әкімдіктер мен министрлердің Конституцияның баптарын бұлжытпай орындауы үшін аса қажет. Ата Заң бойынша Президенттен бастап қарапайым азаматтарға дейін баршамыздың құқығымыз тең екенін түсінетін кез келді. Конституцияны құрметтемесек, онда бүкіл еліміз бен халқымыздың құқығын ескермегеніміз. Мұның арты қылмыс екені барша жұртқа мәлім.
Республика газеттерінде шыққан бірнеше мақаламда бұрынғы Конституциялық соттағы сорақы жағдайлардың бой алғанын ашына жазған едім. Желтоқсан көтерілісі бойынша сотта қаралған фактілердің ескерілмегенін, сондай-ақ, үш адамның желтоқсандықтарды жазалауға қатысқанына қарамай Конституциялық сот мүшелігіне сайланғанын жазғанмын. Осы күнге дейін сол мақалама ешбір органнан тиісті жауап ала алмадым. Ендігі айтарым, алдағы уақытта құрылатын Конституциялық сот мүшелеріне сайланатын азаматтардың арының таза болғанын, олар тек Ата Заң нормаларын сақтауға мүдделі екенін ескерсе екен. Бұрынғы Конституциялық сот қарапайым азаматтардан арыз-шағым алмайтын. Ондай құқық тек Парламент мүшелері мен депутаттарға, министрлерге және Президент Әкімшілігіне ғана берілген еді. Алда құрылатын Конституциялық сотқа қарапайым азаматтар мен қоғамдық ұйымдар да арыз-шағым беруге міндетті болуға тиіс.
Мейрам БАЙҒАЗИН,
Қазақстанның құрметті журналисі