• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 24 Наурыз, 2022

Қазақстан географиясын оқыту әлі шешімін таппады

1273 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауын­да «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиім­ді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама­­сын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деді. Осыған байланысты білім са­ласында «География» оқу пәнінен сабақ беріп жүрген барлық педагог пен Гео­гра­фиядан республикалық атаулы мектеп мүшелері бірлесіп өткіз­ген Рес­­пуб­ликалық ғылыми-әдістемелік семинарларда жүйелі тұрғыдан пән­нің жаңар­тылған бағдарламасы мен оны оқытуда жіберілген көптеген кемшілікті қайта қарап, талқылап, алдағы уақыттағы дұрыс бағыттарын анықтады.

2020 жылы 5 қараша күні онлайн режімде «Жалпы білім беретін мектептерде география пәнін оқытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің география, ту­ризм және су ресурстары кафе­дра­сы мен «Географиядан Ұ.Ә.Ес­на­зарова­ның Республикалық атаулы мек­тебі» және Қазақстанның ЖОО гео­граф-ғалымдары мен педагогтері бір­лесіп бірнеше «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбы бойынша республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізіп, пікір алысу болды. Осындай игілікті іске географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Рес­­­пуб­ликалық атаулы мектебінің мү­­­ше­­лері 2021 жылы 27 наурыз күні он­лайн ре­жімде «Қазақстан Рес­пуб­ли­касы жал­пы орта білім бе­ретін мек­теп­­­терде гео­графиялық білім беру­дің ұлт­тық мо­делінің тұжы­рым­дамасы» жо­ба­сын тал­қылап, өз ойларын ортаға салды.

Республикадағы ұстаздар қатысқан экс­перттік талқылауда біздің сын пікі­рімізді, соның ішінде «География» пәні өте ертеден дүние жүзінің бар­лық мемлекеттерінде міндетті түрде оқы­ты­лып келе жатқан оқу пәні және ға­сыр­лар бойы географияны оқытудың қалыптасқан жүйесі бар екені айтылған еді. Ол 6-сыныптағы «Физикалық география» курсы. Бұл курста оқушылар адамзат өмір сүріп жатқан Жер ғалам­шары және оның географиялық қа­бықтары (литосфера, атмосфера, гид­росфера, биосфера) туралы білім алады. Ал 7-сыныпта «Мұхиттар мен материктер географиясы» оқытылып кел­ді. «Материктер мен мұхиттар гео­гра­фиясы» курсынан оқушылар Дү­ние­жүзілік мұхит, оның бөліктері мен жеке материктердің әрқайсысына өзіне тән табиғат ерекшеліктері, халқы мен елдері, оларды зерттеген саяхатшылар мен зерттеушілері туралы толық мәлі­мет берілетін. Педагогикадағы «же­ңіл­ден қиынға» дидактикалық ұс­та­нымына сәйкес, материктерді оқы­ту Жер ғаламшарының моделі ре­тін­­де қарастырылатын Африкадан бас­талып, одан кейін Аустралия, Ан­тарк­­тида, Оңтүстік Америка, Солтүс­тік Америка және Еуразия оқыты­лып келді. Мате­рик­тердегі аймақтар мен елдерге қа­тыс­ты материалдарды оқытып бол­ған­ соң 8 сыныптарда Қазақ­стан Респуб­ли­касының гео­гра­фиясына қатысты сұрақтары қарас­тырылатын. Оқушылар Жер ғалам­шарындағы мұхиттар мен материктер ту­ралы оқып білім алып, картамен ой­ша шет елдерге саяхат жасап оқитын өте қызық, ғылыми негізде жүйеленген курс­­тар оқытылатын еді.

Ал «Жаңартылған» деген атпен белгілі болып ұсынылған бағдарламада География ғылымдарында қалыптасқан география пәнін оқытудың ғылыми жүйесі біржола бұзылған. Жаңа маз­мұнды бағдарламада жіберілген қате­лік­тер қарастырылмағаны үлкен кем­шілік және саяси қателік. Жал­пы, «жаңарту» дегенді бұрыннан қалыптас­қан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып, оны әрі қарай дамыту деп түсіну керек еді.

Дүние жүзіндегі мемлекеттер өз­дерінің тәуелсіз екенін көрсету үшін өз мемлекеттерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО-ның құрамынан бөлініп шығып егемен мемлекет болған республикалардың барлығы (Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б.) өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде екі оқу жылын­да оқы­тып келеді. Қазақстан Респуб­лика­сының бір ғана әкімшілік ауданының жер аумағындай болатын Израиль мем­лекеті өз елінің географиясын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің фи­зи­калық географиясы» (табиғатын), сонан соң екінші жылы «Израильдің эко­но­микалық және әлеуметтік геогра­фиясын» оқытады.

Қазірге дейін мектептерде 8-9 сыныптарда Қазақстанның географиясы (физикалық және экономикалық география) курстарын оқыту мәселесі әлі өз шешімін таппай отыр. Бұл пән мектеп оқушыларына идеялық-саяси тәрбие беруде үлкен мүмкіндіктер ашады. Саяси білімнің, еліміздің болашағына деген сенімнің, оқушылардың жалпы дүниетанымының негіздері алдымен оқу-тәрбие үрдісінде, сынып­та бері­летін сабақта қаланады. Сон­дық­тан бүгінгі таңда сабақтың тәрбие­лік бағытын арттыру, оқу үрдісінде ұлттық тәрбие жұмысын жандандыру, яғни оқушылардың елдің жарқын бо­лашағына деген сенімін қалыптас­тыру үшін Қазақстанның география­сы пәні қарастыратын барлық мүм­кін­дік­терді толық және тиімді пайда­лану­дың маңызы ерекше.

Қазақстан географиясын оқыту барысында оқушыларға туған елі жер жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орынды ала отырып, қазба байлыққа бай, дүниежүзілік аренада ең қуат­ты техникасы мен өнеркәсібі дамы­ған державалардың бірі ретінде қалыптасу­ға реформалар жасайды деген сенімін қалыптастыруы керек. Нақты материал бұл үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Халықтың экономикалық қуаты – қолындағы әлеуеті. Мұның бар­лығы оқушыларды Отанымыздың қуат­тылығы мен беріктігіне, оның сая­си және экономикалық тәуелсіздігіне сен­діруі керек. Негізінен, Қазақстанның физи­калық географиясын оқу бары­сында оқушылар Отанымыздың таби­ғаты, оның ерекше алуан түрлілігі, таң­ға­жайып сұлулығы мен байлығы тура­лы нақты түсініктер алуы тиіс.

Екінші жағынан, егемен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың ора­сан зор қарқынмен жүргізілуіне то­лық мүмкіндік бар. Отанымыздың гео­графиясының кескіні күннен-күнге өзгеруде. Ел экономикасындағы жетіс­тік­терімізді көрсету оқушылар­дың сана­сына ғана емес, сезіміне де әсер ету үшін заманауи материалды пайдалану қажет.

Патриоттық және интернацио­нал­дық тәрбиені жүзеге асыру үшін әрбір мұғалім жас ұрпаққа жан-жақ­ты ұлттық тәрбие берудің жалпы мақ­сат­тарын және мектеп географиясы курсының тәрбиелік мүмкіндіктерін талдау негізінде мынадай міндеттерді шешуі керек:

Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табиғатының өте әсем әрі алуан түрлілігін, әркелкі сұлулығы мен Менделеев кестесіне кірген барлық қазба байлықтың аса бай мекені екенін оқытып-үйрету; Осындай табиғи қазба байлықтың еліміздің экономикалық әлеуетінің артуына тікелей әсері бар екенін тү­­сін­­діре отырып, қоршаған орта мен та­би­­ғат­ты қорғау жолындағы ұлттық тәр­бие негізіндегі ұлтжанды көзқарасқа тәрбиелеу. Өйткені оқушылардың табиғатқа, еңбекке, отансүйгіштікке деген көзқарасын қалыптастырмай, гео­графияны оқыту мүмкін емес. Таби­ғат байлықтары қоғам дамуының эко­номикалық негізі қызметін атқарады. Ол адам үшін заттар мен еңбек құ­рал­дарының көзі болған және болып қала береді. Адамдар өндірісті таби­ғи байлықтары арқылы оларды ша­руашылықта пайдалану және түр­лендіру арқылы дамытады.

Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын зерттеп оқы­ту барысында оның дамуының та­биғи алғы шарттарын, табиғат жағ­дай­лары мен ресурстарының эконо­ми­­калық құрылымы мен мамандануы­на, оның орны мен рөліне әсерін тал­дау маңызды орын алады. Ел эко­номи­касының жалпы жүйесі оқушы­лардың санасында қалыптасуы керек.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын талдау кезінде жер бедерінің ерек­шелігіне, топырақ, климаттың ылғал­мен қамтамасыз етілуі және басқа да техникалық-материалдық база­ның факторлары ескеріледі. Рес­публи­­каның экономикалық аудан­дары­ның, аумақтық өндірістік кешен­дердің, өнеркәсіп орындары мен орталық­тары­ның экономикалық географиялық сипаттамаларында табиғи жағдайлар мен ресурстар олардың шаруашылықты дамыту факторларының бірі ретінде бағаланады. Оған оқушылар қолда бар мысалдар арқылы көз жеткізеді.

Сонымен, мектепте жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің алдына ұлттық идея­лық-саяси тәрбиенің үш негізгі міндеті тұр:

Оқушыларды туған Отанымыз ту­ралы қажетті көлемдегі саяси-әлеу­меттік біліммен, дүниетанымдық идея­лармен, түсінік және ұғымдармен қаруландыру. Оқушылар бойында азаматтық сезім­дерді, өз елінің, Қазақстан хал-қы­ның өмірі мен атқарылып жат­қан игілікті істеріне қатысуға, қазақ­стан­дық патриотизм мен ұлтаралық интернационализм сезімін тәрбиелеу. Оқушыларды «Жаңа Қазақстан» қоғамының белсенді пайдалы еңбек әрекетіне баулу.

Президентіміз елімізде үлкен саяси реформалар болатынын мәлімдеді. Жалпы орта білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарында белсенді, халықтың талап-тілегі ескерілген жаңа реформалар болатынын да айтты. Біз, білім беру саласының қызметкерлері де Жаңа Қазақстан қоғамына өз үле­сін қосатын жас ұрпақты оқытып-тәр­­бие­­леу­ге атсалысуымыз қажет. Жаңа Қазақ­станды құруға бағыт ал­ған осындай реформалар аясында, білім саласында болатын өзгерістерге қарай, география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі қарсаңында мектептердегі география пәні де жүйелі түрде оқытылса деген пікіріміз ескерілгенін қалаймыз.

Республикадағы география пәні мұғалімдерімен ақылдаса отырып, Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінде география пәнін оқытудың «Қазақстан Рес­публикасы жалпы орта білім бере­тін мектептерде географиялық білім беру­дің ұлттық моделінің тұжы­рым­­дамасы (жоба)» жаңа тұжырым­дама­сының жобасын Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясына ұсынды.

«География» курсының құрылымы.

Оқытудың I сатысында (1-4 сыныптар) географиялық мазмұндағы қарапайым танымдық білімдер «Табиғаттану немесе жаратылыстану» немесе «Дүниетану» пәндерінің құрамында қарастырылады.

Оқытудың II сатысында 5-9 сыныптарда оқытылатын оқу пәндерінде гео­графиялық білім жүйелі түрде теориялық тұрғыдан негізделуі қажет. Олар төмендегідей оқу курстарында ұсынылады:

- Жаратылыстану оқу пәні (5-сынып, 68 сағат);

- Жалпы немесе бастапқы география курсы (6-сынып, 68 сағат);

- Мұхиттар мен материктер географиясы оқу пәні (7-сынып, 68 сағат).

Қазақстан Республикасының географиясы (8-9 сынып, 136 сағат).

- Қазақстанның физикалық географиясы (8-сынып);

- Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы (9-сынып). Пән мазмұнында біртұтастыққа, гео­гра­фиялық қабықтың даму кезеңдеріне геожүйенің өзара байланысы мен өзара әрекетіне және осы жүйенің әртүрлі даму кезеңдеріндегі адам баласының өсуі мен орнына басты назар аударылады. Қазақстан Республикасы географиялық кеңістіктің субъектісі ретінде қамтылған.

Оқытудың III сатысында (10-11сынып­тар) оқытудың кең көлем­ді нұс­қасы ұсынылады. Оқыту бейініне қарай міндетті және таңдау бойынша курстар енгізіледі.

Міндетті курстар:

- Дүниежүзінің экономикалық-әлеуметтік және саяси географиясы (11-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, 102 сағат; жаратылыстану-математика бағыты 136 сағат);

- Дүние жүзінің саяси географиясы немесе Елтану курсы (12-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт 102 сағат, жаратылыстану-математика бағыты 136 сағат).

Таңдау курстары. Геоэкология; Саяси география; Өлкетану; Қазақ­станның киелі жерлердің географиясы; Түркі тілдес елдер (мемлекеттер) географиясы оқу пәндерін ұсынады.

Оқушылардың білімге деген жаңа көзқарасын және Отанының даң­қы мен құдіреті үшін еңбек ететін сананы қа­лып­тастыратын пән­нің бірі – «Қазақ­стан географиясы» болғандықтан жас ұрпақ санасында терең патриоттық сезім­ді қалыптас­тыруға ықпал етеді, со­ның нәти­жесінде халық арасынан ел мақ­таны­шы болатын азаматтар өсіп-жетіледі.

 

Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,

Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі,

педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

 

АЛМАТЫ