• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 25 Наурыз, 2022

Мәртебелі һәм мәртебесіз театр

14428 рет
көрсетілді

Тамаша әлем – театр! Сан түрлі жүрек сырлары мен көңіл күй қайшылықта­рының ортақ мәміле тауып, көрерменін көркем ойдың көкжиегіне бойлатып, сұлу сезімнің мұхитына сүңгітетін мәртебелі де мерейлі мекен. Ұлы Мүсіреповше айтсақ, хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер.

Әлем бойынша бірнеше мың театр жұмыс істеп жатыр десек, соның әр­қайсысы сахнасында өмірге келген қойылымдары арқылы адамның ішкі әлемін байытады. Театрға пенде болып кірген жан адам болып тазарып шығады. Әсемдікпен әдіптеп, сұлулықпен матап, таңғажайып әлемнің бесігінде тербеп, адамшылық биігінен жүректерге жылылық құйып, сан мыңдаған адамды биіктерге жетелеумен келеді. Театр – тектілік мекені! Мұнда кірлеген сезімдер тазарып, жабыққан көңілдер жай табар ғажайып аура бар. Ол – қасиетті сахна арқылы көрермен жүрегіне құйылар ғажайып музыка – өмір әні! Театрға бір келген көрермен бірнеше жылға азық болар рухани қазына жиып, өмірдің өзгеше нотасын сезініп қайтады. Жүрегі сағыныш пен сезімге толып, жаңарып, адами келбетін толықтырып шығады. Басқа қай жерден адам осындай нәр, осындай қуат алады?! Себебі сахнада өмір мен адамды байланыстыратын нәзік те нәрлі діңгек бар. Ол – махаббат! Махаббаттан нәр алып, өнер тудырған актер әлемі – шын мәнінде ұлылықтың бастауы.

Иә, театр десе, ойға ең әуелі осындай шалқымалы шабытты сұлу сөздер мен әдемі әсерлердің орнай қалатыны рас. Алайда сіз бен біз ойлағандай, театрдың іші-сырты түгел осындай таңғажайып сырға толы тамаша ма? Әрине, жоқ! Сахна сыртындағы сырлардың тереңіне бойласаңыз, театр төңірегінде де әлі шешімін таппай, қордаланып қалған мәсе­лелердің тым-тым көп екендігіне көзіңіз жетеді. Соның бірі – театр мәртебесі.

Сеніңіз, мейлі сенбеңіз, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты, бірақ әлі күнге дейін театрдың мәртебесі мен нақты міндеттерін айқындайтын, мамандардың қызметтік міндеттемесі мен құзыретін бекітетін театр туралы арнайы заң да жоқ екен бізде. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы заңының ішінен кино өнері «өз дербестігін алып жеке шықты», өз алдына заң бекітті деп бөркімізді аспанға ата қуанғанымыз әлі есте. Сол кезде-ақ ендігі кезек өнердің көнесі де ұлысы – театрға да келер деп үміттенгеніміз және рас. Бірақ жүйрік уақыт алға жылжып барады, театр төңірегіндегі түйткілі табылмаған бұл мәселенің түйіні шешілмеген күйі қалып келеді. Сең сол күйі қозғалмады. Ұлы Абайша айтсақ, баяғы жартас – сол жартас. Керісінше, театр бұрынғы бары­­нан айырылып, өнер адамдарының базы­насы тіпті көбейе һәм күрделене түскендей.

Алысқа бармай-ақ, көрші елдердің театр әлемі тәжірибелеріне барлай қара­саңыз, театр саласындағы тапшы мамандарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру мақсатында шетелдерде өндірістік іс-тәжірибеден өткізуден бастап, той тойлап қайтатын емес, таным мен тәлім тұрғысынан ой түйіп қайтатын фестиваль ұйымдастыру, тіпті қарапайым ғана өнер әлемінің жаңалықтарын жариялап, насихаттап отыратын газет-журнал шығару жұмыстарын жүргізуге дейін бір ізге қойылғандығына қарап ойланасыз. Туған еліңнің театрларына да дәл осындай шығармашылық жағдайлар жасалса деген арманның да сондайда көңіл түкпірінде қылтиятыны жасырын емес.

Рас, бізде театр қайраткерлерінің одағы жоқ емес, бар! Тіпті бір емес, екі бір­дей ұйым жұмыс істейді! Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы (басшысы – Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов) және Қазақстан театрлары қауымдастығы (президенті – КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов). Кәсіби театрлар мен әуесқой және халық театр­лары ұжымдарының жан-жақты өсіп-өркендеуіне шығармашылық әрі мате­риалдық жағынан көмек көрсетуді негізгі міндетіне алған қоғамдық ұйымның алғаш­қысы әу баста жап-жақсы-ақ жұ­мы­сын бастап, жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі үздік сахнагерлерге «Еңлікгүл» ұлттық кәсіби сыйлығын табыс етіп, ай сайын «Театр KZ» салалық журналын да жүйелі шығарып келді. Алайда одақ басшысының басына қара бұлт үйірілген шақта бірігудің орнына үй ішінен үй тігіп бір топ өнер қайраткері тағы бір одақ – Қазақстан театрлары қауымдастығын құрып, президенттігіне КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовті тағайындады. Олар да «Еңлікгүлге» балама ретінде ұсынылған «Сахнагер» ұлттық сыйлығын өнердегі орны бар суреткерлерге жыл сайын табыстай бас­тады. Алайда «Сахнагердің» ғұмыры «Еңлікгүлден» де келте болды. Екі-үш жыл қатарынан беріліп, кейін шорт үзілді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» демекші, бүгінде әр жыл сайын театр күні қарсаңында өнер әлемін думанға бөлейтін «Еңлікгүлдің» де, «Сахнагердің» де дақпырты сап тыйылды. Театр сыншысы, қайраткер тұлға Әшірбек Сығайдың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференцияны есепке алмағанда, биылғы театр тойы тіпті тыныш өтетін секілді. Ал кезінде «өнерді өрге сүйрейміз, рухани да, материалдық та тұрғыдан театр маңайын гүлге ораймыз» деген одақтарымыз қайда қазір? Соңғы екі-үш жыл көлемінде кезіндегі атойлаған дақпырт мүлдем тыншығандай. Театр жаңалықтары мен талдауларын жүйелі жариялап келген «Театр KZ» журналы да қаржы тапшылығынан жабы­­лып тыныпты-мыс. Өкінішті әрине! Біздегі театр одақтарының тек сыйлық үлестіру­мен ай­на­лысып, басқа дамуды кейінге ысырғаны һәм өнердің емес, жеке бас текеті­рестерін алға шығарып, кімнің мықты, кімнің осал екендігін дәлелдейміз деп жүргенінде өнердің беделін түсіріп тынғандары да көңілге үлкен кірбің ұялатады. Әйтпесе, театр әлемінде қанша жыл дәурен құрған сол одақтардың жас мамандарды арнайы жолдамамен мықты шетелдік оқу ордаларында оқытқанын немесе өндірістік іс-тәжірибеден өткізгенін естіп-көрмеппіз. Әлбетте, сахнагерлерді қомақты қаржылай сыйлықпен ынталан­дырған, есепсіз ақшаға шетелден театр ұжымдарын шақыртып қойылым көрсет­кен де бек жақсы. Бірақ бұл бос даңғаза, бірсәттік бедел һәм ақшаны желге шашу емес пе? Ал өнерге арналған капиталды жас мамандардың кәсіби тұрғыдан өсіп, дамуына пайдаланса, театр әлемі бұдан да гөрі гүлдене түспес пе еді? Сенбесеңіз, қазіргі жағдайға көз жүгіртіп көрейікші? Қос бірдей одақ құрғаннан қай театрдың көсегесі көгерді? Қай жас маман, болмаса театр ұжымы аталған ұйымдардың игілігін көрді? Бірді-екілі халықаралық деңгейдегі театр фестивалін айтпағанда, жалпы одақ жұмыстарының жұмысы көңіл көншітпейтіні рас.

Әлбетте, қайраткерлер одағы мемле­кеттік емес, қоғамдық-шығармашылық ұйым болғандықтан, қолдау аз, демеу­шілердің пейіліне кіріптармыз, әйтпесе тас үгітіп, тау қопарар едік деген де ақталу формасындағы қарсы уәждердің де ара-тұра айтылып қалып жатқандығын талай естіп жүрміз. Алайда бұл тіпті де мәселенің шешімі емес һәм одақтар жұмысының олқылығына ақтау бола алмайды. Біздіңше, мәселе – ниет пен пейілде, жеке бас атақ пен беделге сенбей, нақты жұмыс істейтін жанашыр жандарды жақсы істің маңайына топтастыра алуда. Егер шын қаласақ, тәуелсіздігімізді алған 30 жыл ішінде театр туралы заңды әлдеқашан бірізге түсіріп, жемісті нәтижеге қол жеткізер едік қой. Театрға қатысты дербес заң қабылданса, сахна саласының бүгінге дейін қордаланған күрделі мәселе­лерінің көбісінің шешімі де табылар еді. Өзгені айтпағанда, бауырлас Татарстан мен Башқұртстан театр қайраткерлері одақтарының театр ісін ұйымдастырудағы жемісті жұмыстары қай жағынан да үлгі боларлық үрдіс деп санаймыз. Қарапайым ғана түркітілдес халықтарға ортақ «Наурыз» бен «Тұғанлық» фести­вальдеріне қатысып келіп, ол жақтың театр қайраткерлері одағының қай деңгейде жұмыс істейтіндігін бағамдай беруге болады. Мұндай мысалдар театрдың басқа салаларында да жетерлік. Ал біздегі ұйымдардың денінің жекелей тұлғалардың, әсіресе атағынан ат үркетін, өнердегі орнын әлдеқашан дәлелдеп қойған жандардың жекелей амбициясын көрсетуінің, кімнің мықты, кімнің әлсіз екендігін дәлелдеуінің басты құралына айналып кеткені театр әлеміндегі аталған олқылықтардың басты себебі деп санаймыз. Мұндайда қазақ « Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» дейді. Өкінішке қарай, бүгінгі театр әлемінің күйі осындай. Театр саласына ең әуелі дербес заң, ресми мәртебе керек! Ал театрлардың басын біріктіріп, шығармашылық ізденістеріне қанат бітіріп, ортаны айрандай ұйытып отыратын қайраткерлер одағына толассыз қажыр һәм ұлтқа қызмет еткізер шынайы сүйіспеншілік қажет. Содан кейін бәлкім бұл мәселелердің де шешімі ретімен табыла жатар. Барлығы уақыттың еншісінде әрі өнерді өмірім деп санаған әрбір жанның театрға деген шексіз махаббатына тікелей байланысты! 

Өйткені міне, театрдың кәсіби мере­кесі келді. Бұл жай ғана Халықаралық театр күні емес, мына әлемде жаны кірлеп, рухани шөліркеген пенденің, бойына кемел азық іздегенде барып сая табатын ортақ құндылығының, Мельпоменаның мерекесі. Мыңдаған жылдар бойы адамзат жанын рухани кемелдендіріп келе жатқан, аса мәртебелі театр өнерінің майталмандары! Баршаңызды төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз!