• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Наурыз, 2022

Құрылтайдың басты міндеті – болашақ қамын қаузау

630 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында еліміздің жарқын болашаққа бет алған жаңа соқпағының сорабы, нық қадам басар бағыт-бағдарымыз айқындалды. Соның ішінде Ұлттық құрылтайдың құрылуы туралы ұлағатты ой айтылды. Біз, ардагерлер қауымы барлық идея­лармен бірге осы пікірді де қолдаймыз.

Мемлекет басшысы Жолдау барысында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалық­тық деңгейде жалғастырады», деді. Алтай­дан Атырауға дейінгі ен далада аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабамыздың күні кешегі бай, өмірлік тәжірибесін ақыл таразысына салып екшесеңіз, елдік, жалпы жұртқа қатысты келелі шаруасын қабырғасымен кеңесіп шешкен екен. Бір­­ауызды болуы, алты Алаштың ажырамас бірлігі, бақуатты тірлігі әр көкіректегі тілек пен ниеттің бір арнада табысуынан. Бәлкім содан болар, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз кейінгі ұрпақтың бойына нәр, санасына сәуле ұялататын ұлағат болып қалған.

Біздің облыстық ардагерлер кеңесінің есебінде 112 мың зейнеткер бар. Олардың әрқайсысы күні кеше Отан игілігі үшін бойындағы бар қажыр-қайратын, ақыл-парасатын аянбай жұмсаған адамдар. Елдік шаруаға келгенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, сүттей ұйыған ұйымшылдығын танытып келді. Ардагерлер арасындағы белсенділер ел ішіндегі өткір мәселелерге назар аударып, халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, бірлікті бекемдей түсуде. Жаңа Қазақстанды құру жолында қарекет еткен кезде, өмірлік тәжірибесі мол адамдардың пайымды парасат биігінен табылатын білігі мен білімін пайдалану өте маңызды. Күні ертең Ұлттық құрылтай барысында ел мерейін өсірер ұлы істердің бастау көзі ашылып, сәтімен сабақталар тұста бұрынғының байыпты тәжірибесі, ерен еңбек дәстүрі, елдіктің мәртебесін өсірер ілкімді іс-әрекеті жалғасын табуы керек деп ойлаймын. Бұл жерде жекенің емес, жалпының мәселесі қаралуы керек. Тұтас елдің шаруасының түйткілді тұсы көрсетіліп, одан шығар оңтайлы жол нұсқалса, құба-құп.

Ел болған соң әрине, айтылуға тиісті мәнді мәселелердің болатындығы анық. Сол мәселелер ушықпай, уақтылы шешіліп отырса, бұқара халық тарапынан өкпе-наз өршімес еді. Құрылтай мүшелері әр аймақтан болғаны жөн. Олар өз өңірлеріндегі ең бір өткір, өзекті мәселелерді жақсы біледі емес пе? Міне, сол көтеруге тұратұғын тақырыптарды жан-жақты ойластырып, ел мұратын көксеген құрылтайда ортаға салып талқыласа, орын алып отырған олқылықтың орнын толтыруға септессе, бұл біздің бірлігімізді көрсетер еді. Атам қазақ «ауруын жасырған өледі» деген. Сәл қаттылау айтылғанымен, шындық. Қаумалаған қалың елдің көкейіндегі сұрақтар айтылуға тиісті. Сонда ғана оған көңіл аударылып, сәтімен шешілмек.

Құрылтай барысында көтерілген елдік, мемлекеттік мәселелер қатталып, тиісті орындарға табыс етілсе, нұр үстіне нұр. Шаруаның шешілген, шешіл­мегені туралы елге есеп беріп отырса, артықтығы болмас еді. Біздіңше құрыл­тайдың ең басты міндеті – болашақ қамын қаузау. Ел бірлігіне, ынтымаққа әсер ету. Ынтымақ бар жерден ырыс қашпайды.

 

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,

жазушы, Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы