• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 29 Наурыз, 2022

Елшіл жол

541 рет
көрсетілді

Сірә, еліміз үшін тағы бір сын сағатының межесі келді. Мұны әлемнің, өңірдің, елдің көңіл ауанынан, іс-әрекетінен аңғарамыз. Қазір дәстүрлі саясаттанудың анықтама-ережелеріне сәйкеспейтін құбылыстар жүріп жатыр. Біреу өзге елдің шекарасын бұзып-жарып, зымыранмен оқ жау­дыруды «басқыншылық» деп есептемейді. Енді біреу жаһанның даму үдерісі өлшемін місе тұтпай, өзінің күлбүлте жосығын тықпалап жүр. Елге келсек, қаңтар қасіретінен кейін дағдарған, уайымдаған жұрт көп сауалға жауап іздеді. Енді, міне, Абай аманаттаған «ашу – дұшпан, ақыл – достың» қадірін сезінгендей. Әлбетте, кісі өліміне себепкерлер, халықтың тыныш тіршілігін ойрандағандар заң алдында да, ар алдында да, түбі Алла алдында да жауап береді.

Осындай күрделі шақта жария­ланған Президент Жолдауы қай жағынан да маңызды. Мұнда Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар оқиға­сының себеп-салдарын бағам­дай отырып, жұрт көкейіндегі сан сұраққа жауап берді. Бұл ретте күні кеше Парламентте өткен жауапты лауазымды тұлғаларды, тәуелсіз заң мамандарын тыңдау игі іс болғаны сөзсіз. Осы бағытта ішкі істер, прокуратура, сот секілді мекемелер мен қоғам арасындағы сұхбат алаңы форматын жүйелеу, кеңейту, нақтылау, ізгілендіру – әрі уақыт талабы, әрі өркениет өлшемі. Мұны Мемлекет басшысы «Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс» деп атап көрсетті.

Наурыз айындағы Жолдаудың негізгі арнасы – елдің саяси жүйесін кешенді жаңартуға бағытталып отыр. Ел басшысы мен халықаралық деңгейдегі қайраткер үшін ең бас­ты міндет – өз мемлекетіндегі немесе тапсырылған қызметіндегі ахуалға дәл баға беру, дұрыс диаг­ноз қою. Бұл орайда: «Мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз. Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті» деген Президент пікірінің мәні терең.

Жолдаудағы Президент өкілет­тігі, Парламент құзыреттілігін нақты­лау, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялардың мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институтын күшейту, БАҚ пен азаматтық институт­­тар­ды нығайту, әкімшілік-аумақ­­тық құрылымды жетілдіру, жергі­лікті өзін-өзі басқаруды орталық­сыздандыру, дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар – яки осы 10 бастама алмағайып кезеңнен халықтың береке-бірлігін сақтап, тәуелсіздік мұратын баянды етіп алып шыға­тын елдік жол екеніне көңіліміз сенді. Бұл іс-шаралар, бұйырса, мемлекетімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырмақ.

Халықта «қимылдамаған адам ғана қателеспейді» және «қатеден сабақ ал» деген иманды тәлім-түсінік бар. Біз 30 жылдағы саяси құрылысымыздың бәріне бір­дей қара бояу жағуға қарсымыз. Бірақ қашанда ел мүддесіне, халық қалауына, кәсіби маман­дар пікіріне құлақ асуымыз қажет. Бұл ретте Жолдаудағы: «Прези­дент­тің жақын туыстарына саяси мем­лекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда ба­с­шылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды», немесе: «Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағы­нан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде, Мә­жілістегі депутаттардың жал­пы саны азаяды», және де: «Про­пор­ционалды-мажоритарлы үлгі­де сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайы­зы пропорционалдық, 30 пайы­зы мажоритарлық тәсілмен жа­сақ­талатын болады» деген сындарлы ұсыныстарды, сондай-ақ «Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. ...Конституциялық сот құру – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», «Енді құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтің біртұтас инсти­туционалдық моделін қалып­тастыруға тиіс», т.б. әділетті де тегеурінді пікірлерді – Қазақстан қоғамының жаңаруының алғы­шарты ретінде қарау қисынды.

Бүгінде елдің ынтымағы мен жердің тұтастығы – Тәуелсіздіктің риясыз өлшеміне айналды. 19 миллионнан асқан халқымыз тағдыр бұйыртқан жолмен, бұрынғы-кейінгінің әділетті жоралғысымен та­биғи түрде ұлт болып ұйысуға бағыт түзеді. Тіл де, діл де, дін де Қазақ­стан мемлекетінің ақ пейіл ықы­лас-ыждағатымен жаңа деңгейге көтерілді. Осы бағдарда қара күш емес, адамшылық іс жеңетіні күн сайын дәлелденіп келеді. Жолдауда Мемлекет басшысы тарих пен жаңару сабақтастығын меңзеп, Абай, Ұлытау, Жетісу атауын алатын облыстардың еншілес Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы об­лыстарымен қатар өркендей ала­тынына ғылыми негізде дәлел келтірді. Болашақ облыс орталығы – Қапшағай қаласының атауына қалың жұртшылық Д.А.Қонаев есімін ла­йық­ты көретінін де меңзеді. Міне, халық үніне құлақ асудың бір көрінісі – осы. Әрине, өңірлер мен орталықтың дамып-өркендеуі бәрі­міздің ерік-жігерімізге, адал еңбегі­мізге байлаулы. Осыған қатыс­ты Мемлекет басшысының: «Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге ба­ғыт­талған. Біз әр қадамымызды сара­лап, таңдаған жолымызбен алға сенім­ді қадам басамыз!» деген сөзі бар­шамызды жігерлендірді.

Халқымызда «Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады» деген аталы сөз бар. Елдің бүгінгі төбесі де, төресі де – қызмет басындағы азаматтар, оқыған зиялылар, қоғамның алдында жүрген азаматтар. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел басшысы ретіндегі жеке жауапкершілігін де қадап айтты: «Мені, ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын! Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз».

Жолдауда айрықша қоғамдық инс­­титут – «Ұлттық құрылтай» құры­­латыны мәлім етілді. Бұл Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің трансформациясындай көрінді. Елордадағы, өңірлердегі түрлі қоғамдық кеңес өкілдері, Парламент депутаттары, Ассамблея мүшелері, іскер азаматтар, зиялылар, еңбек­пен жетілген тұлғалар енетін бұл құрылым – арғы-бергі тарихтағы келелі халық кеңесінің жаңарып-жаңғыруы сынды. Бұрынғының «Кеңесті жерде кемдік жоқ» деген өсиеті де бекер айтылмаған. Сұхбат алаңы, пікір алаңы, ой алаңы – жамырау емес, ұйысу мен түсінісу өресі. Сан ға­сырлық тағдырымыз бен тари­хы­мыздың, адамшылығымыз бен асқақтығымыздың өнегесі. Алуан түрлі пікірдің елдік мүддеге суарылуы мемлекетшілдік ұстаным мен көзқарасты нығайтады.

Рәмізді жаңа күн – Наурыз қар­саңында халыққа арналған Прези­дент Қ.К.Тоқаев Жолдауы сын сағаттағы елшіл жолды – мем­ле­­кет пен қоғамдағы сөз бен істің үй­­лесім тетігін нұсқады. Бұл жол елді түрлі қиындықтан да, тос­қауыл­дан да аман алып өтетініне сенімдіміз.

        

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры,

ҰҒА академигі