• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Білім 28 Сәуір, 2022

Пәндік олимпиада білім сапасын жақсартады

1495 рет
көрсетілді

Білім мен интеллект бірінші орынға шыққан заманда елдің дамуын адам капиталы айқындайды. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Мұны озық елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Бәсекелестік бәйгесіне ілесуде ұлттың зияткерлік әлеуеті маңызды рөл атқарады десек, елдің білім беру саласының сапасын арттыруда пәндік олимпиадалардың орны ерекше.

Республикалық пәндік олим­пиа­даның төртінші қоры­тын­­ды кезеңінде аймақтық Ustudy ор­талықтарында өңір­лердің ең үздік оқушылары білімін электронды форматта таразылады. «Бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша барлық облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­сында өткен олим­пиадаға рес­публиканың әр өңіріндегі 679 білім беретін ұйымнан 2 044 оқушы қатысты.

Ашықтық пен академиялық әділ­дікті сақтау мақсатында олим­­пиаданың барысы бейне­ба­­­қы­лау жүйесімен қамтамасыз етіл­ді.

Қатысушылар 2 турда клас­си­калық олимпиадалық тап­сырманы орындады. Яғни әр олимпиадашы oqylyq.kz плат­формасындағы жеке каби­не­ті­не кіріп, теориялық және прак­тикалық тапсырмалар бо­йынша білімін сынады. Олим­пиада қорытындысында 919 қатысушы жүлделі орыннан көрінді. Талдайтын болсақ, олимпиадашылардың 183-і алтын, 274-і күміс және 462-сі қола медальға ие болды. Нәти­жесінде, медальдар саны мен сапа коэффицентін ескере отырып білім беретін ұйымдардың рейтингісі түзілді. Осыдан пән­дік олимпиада білім беру са­ла­сының сапасына тікелей әсер ететінін көруге болады.

Рейтингісі қалай шығары­ла­­ды? Соған тоқталсақ. Әр ко­­ман­­даның ме­даль сапасын оның қа­ты­сушыларының жалпы санына қатысты көрсетеді және формуласы бойынша есеп­теледі (Ko=алтын*3 ұпай+ күміс*2+қола*1 ұпай). Бұл бо­йынша ең жоғарғы көрсеткішті «НЗМ» ДББҰ көрсетті. Олардың тәлімгерлері 29 алтын, 44 күміс және 42 қола медаль жеңіп алды. Одан кейінгі позицияда 16 алтын, 27 күміс және 44 қола медаль жеңіп алған Алматы қаласы және 13 алтын, 19 күміс және 27 қола медаль алған Ақтөбе облысының командасы көрінді.

Олимпиаданың қорытын­дысы бойынша Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің рейтингісі жасалды. Рейтинг білім беру ұйымдарының Олимпиададағы көрсеткіштерінің сапасын ескере отырып құрастырылды және арнайы формула (KaSh= алтын * 3 ұпай + күміс *2 + қола *1 ұпай) бойынша есептелді. «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ Алматы қаласы бойынша филиалы (10 алтын, 9 күміс және 19 қола медаль) үздік олимпиадалық мектеп болып танылды.

Енді алдағы үлкен мін­дет – республикалық пән олим­пиа­да­сының жүлде­гер­лерін жинап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп, соның нәтижесінде шетелде беделді интеллектуалды олим­пиа­даларда елдің намысын қор­ғайтын үздіктерін іріктеп алу. Яғни Қазақстан ұлт­тық командасын жасақтау.

Қазақстандық білімпаздар елдің намысын абыроймен қор­ғайды, оған мемлекеттік дең­гейде жасалатын жағдайлар күш-жігер береді деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары біржолғы ақша­лай сыйақы тағайындау және конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант беру заңнамалық түрде реттеледі. Бүгінде Парламент Санатының қарауында.

Заң жобасына сәйкес Ха­лық­аралық олимпиада жүл­де­гер­лерін ынталандыру және қол­дау үшін алтын медаль ие­гер­леріне 1 500 АЕК, күміске – 1 мың АЕК, қолаға 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындау жоспарланып отыр.

Озық оқушыларды даярлаған мұғалімдерді моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру мақсатында Халықаралық олимпиадада алтын медаль иегерін дайындаған ұстаз 150 АЕК, күміс медаль – 100 АЕК, қола медаль 50 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылып отыр.

Одан бөлек, «Педагог мәр­те­бесі туралы» заңның 9-бабы 3-тармағында: «Жергі­лік­ті атқа­рушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақ­тар­ды тағайындау және ынта­лан­ды­рудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мере­келік күндерге орай педа­гог­терді көтермелеудің қосым­ша шараларын белгілеуге құ­қы­лы», делінген.

Мұның бәрі халықаралық пәндік олимпиаданың жүлдегер­ле­ріне және оларды дайындайтын ұстаздарға үлкен қолдау еке­ні анық.

Адами капиталдың деңгейін көрсететін халықаралық пәндік олим­пиадаларда елдің білімпаз­дары даралануына жан-жақты жағдай жасай береміз.

 

Тимур НҰРКЕШОВ,

«Дарын» республикалық

ғылыми-практикалық орталығының директоры