• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Таным 28 Сәуір, 2022

Жеңіс шеруіне қатысқан қаһарман

239 рет
көрсетілді

Мәскеу. Қызыл алаң. 1945 жыл. Маусым. Жеңіс парады. Неміс фашистерін өз ордасында тас-талқан етіп қиратқан даңқты Кеңес Армиясының жеңімпаз жауынгерлері аяқтарын нық басып, Сталин және басқа мемлекет басшылары тұрған Ленин мавзолейі алдынан лек-легімен өтіп жатты. Қуаныштан тебіреніп «Уралаған» халықтың лақтырған алқызыл гүлдеріне шомылып салтанатты сапта 1-Беларусь майданының, жиынтық полкының жауынгерлері де келе жатты. Бұл сапта соғыстың 1295 күнін алдыңғы шепте өткізген, кеудесі орден-медальдармен жарқыраған Талқа Әуелұлы Әйменов те бар еді…

Иә, сол күннен бері 77 жыл өтіпті. Сұрапыл қанды соғыста отыз миллионға жуық халқымыз қырылып, мәңгі келмеске кетті. Ал сол қырғыннан аман шыққандардың өздері де бүгінгі күндері тым селдіреп, республика бойынша 400-ге жуық соғыс ардагері қалыпты. Сол Мәскеудегі Жеңіс парадына Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан қаһарман жауынгер Талқа Әуелұлы тірі болса, бұл күні 100 жастағы қадірменді қария болар еді. «Мен алдында жеңіс парадына қатысасың дегенге толық сенбедім, себебі біздің әскери шеруге қатысатын дайындығымыз болған жоқ, бірден алдыңғы шепке, майданға кіріп кеттік қой. Бізді Мәскеуге жинап, бір ай бойы шеруге дайындады. Бәріміз үшін жаңа әскери форма тіктірілді. Күн демей, түн демей, әбден терлеп шаршағанға дейін әскери жаттығулар жүргіздік», деп еді Талқа Әуелұлы бір әңгімесінде, Жеңіс шеруіне қалай қатысқанын еске алып.

Т.Әйменов 1922 жылы Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы Шәуілдір ауда­­нының (қазіргі Отырар ауданы) Шә­уілдір ауылында дүниеге келді. Аға­мыздың балалық шағы жылылық пен мейірімге толы қарапайым қазақ ауылын­да өтті. Қарапайым отбасында тәр­бие­леніп, еңбексүйгіштік бала жастан қа­лыптасты. Ол соғыс басталатын 1941 жылы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, туған ауданында гидротехник болып өмір жолын бастады. Сол жылы тамызда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Мәскеу маңында арнайы минашылар даярлайтын батальонда әскери жаттығуда жүріп, Мәскеуді қорғауға қатысты. 1942 жылы Харьков бағытындағы ұрысқа түсіп, Сталинградты қорғауға, Курск иініндегі сұрапыл шайқасқа, Варшаваны азат етуге, Берлинді алуға қатысты. 1945 жылы Потсдам қаласында болған одақтас мемлекет басшыларының кездесуі қарсаңында қаланы минадан тазарту жұмыстарына атсалысты. Қан майдандағы ерліктері үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Маршал Жуков» және басқа медальдармен марапатталды.

Талқа Әуелұлы 1946 жылы елге оралып, Шәуілдір аудандық су шаруа­шы­лығында еңбекке қайта аралас­ты. Ол аудандық су шаруашылығы бөлі­мі­нің бастығы, ұжымшар төрағасы, жылжымалы механикалық колоннаның, ауданның басшысы, «Южводстрой» тресінің бастығы қызметтерін атқарып жүріп, суармалы егістік көлемін ұлғай­ту­ға барынша күш салды. Шәуілдір каналын, Бөген су қоймасын салуға, Шілік алқабын суландыруға қатысты. Арыс, Шәуілдір, Көкмардан каналдарының бойын суландыруға, қасиетті Арыстан баб әулиенің кесенесін жерасты суы­нан сақтап қалуға басшылық етті. Тал­қа Әуелұлы 1970-1984 жылдары КСРО Су шаруашылығы министрлігі «Глав­рис­совхозстрой» одақтық бас бас­­қар­масының жетекшісі, ондаған кең­шар­лар мен 5 үлкен құрылыс тресін бірік­тірген Оңтүстік Қазақстан облыстық өнді­рістік-құрылыс бірлестігінің төра­ғасы болып қызмет істеп, дербес зейнет­ке шықты. Ол еліміздегі су шаруа­шы­­лығы мен ауыл шаруашылығын ірі ұйым­дас­ты­рушылардың бірі болды. Бұрынғы майдангер басқарған одақтық басқарма республикамыздың оншақты облысында су қоймалары мен каналдар салып, жаңа суармалы жерлер игеріп, мақта, күріш, көкөніс өсіретін жаңа кеңшарлар ашып, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептелетін суармалы егіншілікті дамытуға зор үлес қосты.

Талқа Әуелұлының тікелей басшы­лы­ғымен Оңтүстік Қазақстан облысында Арыс – Түркістан, Қызылқұм, Газалкент каналдары, Қарағанды, Павлодар облыстарында Ертіс – Қарағанды каналы, Алматы облысында Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы салынды. Ал Алматы облысында күріш өсіретін Ақдала алқабын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес алқабын, Қызылқұм өңір­лерін игеруде Талқа Әйменов ағамыз гидромелиорация саласын жетік білетін терең білімді, іскер, үлкен ұйым­дас­ты­рушы екенін көрсетті. Ол басқарған одақтық «Главриссовхозстрой» бас басқармасы Қызылорда, Жамбыл, Ал­маты, Талдықорған, Қарағанды, Пав­лодар, Қостанай облыстарында отыздан астам гидромелиорация жүйелерін, ондаған совхоздардың құрылысын жүр­гізді. Соның арқасында республикада гидромелиорация қарқынды дамып, 200 мыңнан астам гектар суармалы жерлер игерілді. Күні кешегі құлазып жатқан жусанды жерлер тегістеліп, жол, каналдар салынды, электр энергиясы апарылды. Совхоз орталықтары, үйлер, мектептер, ауруханалар, медпункттер бірінен кейін бірі пайдалануға беріліп жатты. Пошта үйі, мәдениет сарайы, клуб, асхана, әйтеуір халыққа керек нәрсенің барлығы мемлекеттің есебінен жүзеге асырылды. Әрбір үйге ауыз су апарылды, асфальт жолдар ауылдың сәнін келтіре түсті. Бір сөзбен айтқанда, әр совхоз орталығы кішігірім қалашыққа айналды. Қазір бұл өңірлерде мыңдаған тонна күріш, мақта, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары, ет, сүт өнімдері өн­діріліп, халқымызды азық-түлікпен қам­тамасыз етуде, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының қарқынды дамуына үлкен үлесін қосуда.

 Шымкент облыстық құрылыс өнді­ріс­тік бірлестігінің бастығы бола жү­ріп Талқа Әуелұлы Шымкент қала­сындағы мәдени құрылыстар: дендро-саябақ, ипподром, зоосаябақ, балалар темір жолы, тағы да басқа құрылыстардың бой көтеруіне өз үлесін қосты. Талқа Әуелұлы мелиорация мен су шаруашылығын ұйымдастырушылардың тұтастай бір буынын тәрбиелеп өсірді. Тәкеңнің тәрбиесін алып, еңбекте шыңдалған кадр­­­­­лар еліміздің түкпір-түкпірінде гидромелиорация саласын дамытуға өз үлестерін қосып, алды үлкен абыроймен зейнетке шықты.

Т.Әйменов құшағы кең, кісілігі мен кішілігі тең, жүрегі дархан, көңілінен шуақ шашып тұратын текті азамат болатын. Сөйлесе тереңнен қозғап, ағынан жарылып, ақыл айтса шын пейілімен, жетеңе жеткізіп айтатын, үлкенге кішіпейіл, ініге мейірімді жан еді. Ол ақкөңіл, адамға сенгіш, өсек-аяңмен ісі жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, біреудің алдын кесіп өтпейтін, асып-тасымайтын адам болатын. Ол кісіде намысқа тиіп, ашу шақыру, адамдарды алалау деген жоқ еді. Дәлелді сөзге тоқтап, дәлелсіз сөзге мойнын да бұрмайтын. Табиғатынан сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, дарынды, адамгершілік қасиеті жоғары, кез келген нәрсеге балаша қуанатын кісі еді. Қалың ойдың құшағында жүретін ағамыз тереңнен сөз қозғайтын, байыппен, байсалдылықпен елдің, жердің жағдайы, арғы-бергі тарихы туралы қызықты әңгімелердің майын тамызып айтатын әңгімешіл қасиеті де бар болатын.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңіс парадына қатысушы Талқа Әуелұлы Әйменовтің Үкімет пен халықтың алдын­да­ғы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін берілетін алтын және күміс медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген гидротехнигі» атағы берілді. Талқа Әуелұлы ұзақ жылдар бойы облыстық кеңестің депутаты болды. Айта кететін бір жайт, майдангер ағамызға 1945 жылғы Жеңіс парадынан кейiн де, яғни 1995 және 2005 жылдары 9 мамырда Мәскеудегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 50 және 55 жылдықтарына арналған Жеңіс шеруіне қатысуға екi рет шақырту қағазы келген. Бiрақ ол екеуiне де денсаулығы болмай бара алмай қалды.

Талқа Әуелұлы – үлкен отбасының бас­шысы, тәрбиешісі болды. Ол алты ұл-қыз өсіріп, 14 немере, жиырмадан астам шөбере сүйді. Ұлдарының барлығы да жоғары білімді, ғылым жолын қуған, елге белгілі азаматтар болып өсті. Үлкен ұлы Әнуарбек инженер-гидро­­­­­техник, ғылым докторы, академик, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, екінші ұлы Жамбыл – инженер-құрылысшы, ғылым докторы, академик, профессор, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылыми институтының директоры, Темірхан ғылым кандидаты, доцент Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы заң офисінің бастығы, Уәлихан инженер-құрылысшы, Әмірхан инженер- құрылысшы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық геодезия картографиялық қорының бас директоры.

 Еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқан асыл азамат, белгілі мемлекет қайраткері Талқа Әйменовтің атқарған жұ­мыстары еліміздің қай облысына барсаңыз да алдыңыздан шығады. Ол кісінің басшылығымен салынған су қоймалары мен тораптары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептелетін мыңдаған гектар суармалы жерлер әлі көптеген жылдар бойы халық игілігі үшін жұмыс істей береді.

 

 Қуаныш АЙТАХАНОВ,

 қоғам қайраткері