• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Сәуір, 2022

Хат қоржын

265 рет
көрсетілді

...жаңалығымен бөліседі

Іс-шара Президенттің Жолдауына арналды

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Табылды Досымов» атындағы республикалық қордың директоры Бижан Қалмағанбетов, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мен балалар құқығын қорғау жөніндегі аймақтық комиссияның төрайымы Бақытхан Жаншаева, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мира Балтымова, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуға келген қонақтар Жолдаудың 10 бағыты бойынша өз ойларын ортаға салып, тұщымды әңгімелері жастарға үлгі болатындай әсер қалдырды. Сондай-ақ Жолдауда айтылған, еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – саламатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу туралы Ақтөбе байланыс колледжінің студенттерімен сұрақ- жауап түрінде ашық әңгіме өрбіді.

«Жолдауда атап көрсетілген, халық даналығында айтылатын «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» ұғымы дәл қазіргі кезеңге сай келіп отыр. Әсіресе, бұл жайт білім беру саласында жүрген ұстаздарға үлкен міндеттер жүктейді», деді өзінің сөзінде профессор Мира Рашитқызы. Ал іс-шара соңында Жолдауға арналған көрмеге шолу жасалып, жиынның модераторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесов «Ең бастысы – ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!», деп қонақтарға өз ризашылығын білдірді.

Мәдина АЛЕНОВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап

ғылыми кітапхананың қызметкері

АҚТӨБЕ

 

...алаңдаушылық танытады

Жарнаманы мамандар аударса игі

Жезқазғандық Мәлік деген көршім екеуміз көшенің арғы бетіндегі шағын сауда дүкеніне бас сұғып, азын-аулақ азық-түлік алып қайттық. Үйіміздің алдындағы ұзынша орындыққа жайғасқан соң, қазақтың арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғап, соңына таман күнделікті тұрмыс пен тіршілік жайын сөз еттік...

Бір кезде Мәлік көршім дорбасынан бір қалбырды сопаң еткізіп суы­рып алып шығып, менің алдыма тастай салды. «Сен журналиссің ғой, оқып көрші. Мынаның қазақшасы дұрыс аударылған ба? «Кілегейді» қай заманнан бері «сливки» демей, «сметана» деп жүрміз?», деді. Ойланып қалдым.

Осы бұрыс аударма 2000-жылдары сонау Өскемендегі «Эмиль» деген сүт зауытынан басталған. Сол кезде «Ертіс өңірі», «Дидар» газеттерінде қате аудармалар туралы бірер мәрте оқырман пікірлері де жарияланған болатын. Өкінішке қарай, сол тұста өңірде мұндай оң ескертпелерді құлағына ілетін ешкім табылмады.

Сөйтіп, «сметана» – «қаймақ» деген қате аударма бірте-бірте кең етек жая келе, бүгінде бүкіл елімізге тарап кетті. Қазір Отанымыздың орталығы мен солтүстігіндегі, батысы мен шығысындағы, тіпті қалың қазақ отырған оңтүстігіндегі сүт зауыттары тегіс осы теріс аударманы пайда­ланып жүр. Халық та дұрысы осы екен деп ойлайды. Кілегейі алынған сүтті қазақ атам заманнан «кілегейді» «сметана», «қаймақты» «сливки» деп аударып келді, мұны неге өзгертуге тиіспіз? Сүт өндіру­шілердің тілімізді шұбарлауына кім құқық берді? Міне, бүгінде осы сауалдар көкейге тіреліп тұр.

Төрт қазақтың үшеуі ауылда туып-өскен. Сүтті ашытқан кезде айран болатынын, ал сауылған сүтті салқындатқан соң тартып кілегей айыратынын жақсы біледі. Кілегейі алынған сүттен ірімшік пен сүзбе жасап, құрт қайнатқан. Ал бүгінгі дымбілместердің осы ұлттық тағамдарымыздың атауларын да шатастырып жібермесіне кім кепіл?!

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

НҰР-СҰЛТАН

 

...өкінішін білдіреді

Орман шаруашылығын аша алмай келеміз

 Менің әкем Бимахан бүкіл өмірін орман шаруашылығына арнаған еді. Мен де әке жолымен осы салада 45 жыл қызмет етіп, жақында зейнетке шықтым. Қарт Қаратаудың қойнауы қазынаға толы ғана емес, жерүсті байлығының өзіне туристер көзінің сұғын қадап жүр.

Осыған орай, әлі де Отырар орман шаруашылығының қарамағындағы Бабайқорған ауылдық округінің тау жақ беткейі өз дәрежесінде қорғалмай келе жатқандығы жаныма батады. Мұндағы браконьерлерді қатты қызықтырып отырғаны – Қаратау арқарлары. Оны жосықсыз аулау салдарынан ежелден келе жатқан, тау бөктерінде мыңдап өретін арқарлар мен таутекелердің саны күн санап азайып, тұқымы жойылып барады. Оған қоса, аң мен құс – бүркіт, ителгі, тазқара, кекілік, қырғауыл, шошқа, борсық, елік, түлкі, қасқыр, шибөрі көзге сирек түседі.

 Бұған соңғы жылдары ағын су азайып, құдықтағы су деңгейінің төмендеп бара жатуы да өз зардабын тигізіп отыр. Осыны қорғау мақсатында бірнеше орманшы бірігіп «Жылаған ата» маңынан 66 мың гектар жерге иелік ететін қорық ашу туралы мәселені он жылдан бері көтеріп келеміз. Алайда «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым. Одан да шықты жаңғырықтың» керімен ешкім сөзімізге құлақ асар емес.

Мәселен, бір жылдың өзінде Жылаған ата тауының табиғатын тамашалауға 20 мыңнан астам турист келген екен. Менің ойымша, осы Абай ауылындағы Күрзіата кесенесі (бір деректерде Құрысжан ата) мешітінен бастап, саяхатшылардың Жылаған атаға, одан Мес атаға, әрі қарай Шашты ана мен Сауран қорғанына қарай шығып кететін бағдарын жасасақ, өте қолайлы болар еді. Міне, осы киелі жерлердегі елді мекендерде киіз үй құрып, қымыран, қымызын, ет, сүтін әзірлеп отырса, бала-шағаларды атқа мінгізіп тау беткейімен қыдыртса, бұл жайт балалардың есінде көп уақытқа дейін сақталып қалар еді.

Менің ойымша, бұл қорықты немесе орман шаруашылығын облыстық бюджет есебінен ашу керек деген ойдамын. Себебі, бұл маңды гүлдендіріп, туристердің келуіне қолайлы жағдай жасасақ, жергілікті бюджетке де қомақты қаржы түсер еді. Жастарымызға жағдай жасасақ, туған жерінің табиғатын қорғауға шын ниетімен атсалысар еді.

Темірхан ОРАЗБЕКОВ,

орманшы

Түркістан облысы