• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Таным 29 Сәуір, 2022

Ерен де кемел тұлға еді

284 рет
көрсетілді

Оңтүстік өңірінен түлеп ұшқан, ұлтымыздың болмысынан нәр алып, оның даралығы мен даналығын төрткүл әлемге мойындатқандардың бірегейі, жаратылыстану ғылымдарының көрнекті өкілі, Нобель алтын медалінің, халықаралық Сократ, П.Капица атындағы сыйлықтардың лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Әбдімұса Мұратұлы Қуатбеков биыл фәниде жүрген болса, 80-ші көктемін атап өтер еді. Енді, міне, бүкіл саналы ғұмырын ғылым мен білім саласына арнап, оның дамуына орасан үлес қосқан, ондаған ғалымның өсіп-өрлеуіне ұйытқы болған әйгілі химик-ғалымды тебірене еске алмақпыз.

Әйгілі ғалым әрбір тасы мен жотасы тұнып тұрған тарих, жеті обадан өткен күндерден сыр шерткен көне шежірелі Арыс қаласының іргесіндегі разъезде ел басына қаралы күн туып, соғыс атты зұлматпен жан­таласа арпалысып жатқан қиын кезде дүние есігін ашыпты. Қара­пайым теміржолшы отбасында өмір­ге кел­ген нәрестеден уақыт өте келе әй­гілі тұлға қалыптасарын кім біл­ген? Әбдімұсаның ұлт дарабозы дәре­жесіне дейін көтерілуіне нендей тыл­сым ықпал етті екен, яғни фено­мені неде еді? Неге Әбдімұса тура­лы бұл күнде пікір айтушы көп? Неге алыс және таяу шетелдердің ға­лымдары қазақ ақберенінің 80 жыл­дығы қандай деңгейде аталмақ деп сұрау салуда? «Ой туады сұрақ­тан» дегендей, осындай сан сауал оның өмірдегі қатарласы, әріптесі ретінде менің қолыма қалам алуы­ма түрткі болды. Адам не жазса да өзі­нің көргенін, ойына түйгенін ғана жазады. Мен де ойға түйгендерімді ортаға сал­мақпын.

Психолог ғалымдар адамдарды үш топқа бөледі:

– бірінші топтағы адамдар қо­­­ғам­­­дағы қайнаған тіршіліктің ара­­­сында жүретін, өмірлік по­зи­циясы белсенді адамдар. Қор­ша­ған ортадағы, күнделікті ағым­дағы қыз­меттер, жұмыстар, жаңа­лықтар мен жақсылықтар, өзгерістер солардың қолдарымен атқарылып, жүзеге асырылады екен;

– екінші топ қоғамда, өмірде, дүниеде не болып жатқанын сырттай ғана бақылап, немқұрайлықпен өмір сүреді екен.

– үшіншілері әр нәрсеге тек құмар­паз, түймедейді түйедей, түйе­дейді түймедей етуге бейім адамдар. Әбе­кең бірінші топтағы адамдарға тән қасиеттер жиынтығын бойына сіңі­ріп, санасы ісінен озық жүретін­діктен, осы топтағы тұлғалардың алдыңғы легінде болды.

Тұлғалық қадірге ұлтының ұлы­лығын бойына сіңіргендер, яғни ұлт­жандылар ғана жетеді деген сөз бар. Ол сөздің Әбдімұса Мұратұлына тіке­лей қатыстылығын, шынайы растығын дүйім жұрт оның көзі тірісінде-ақ таныды.

Данышпандар ұлттың қуаты рухында деген. Ал ұлттық рухты ұр­пақ игілігіне асыратын ұстаздар болып саналады. Әбдімұса Мұратұлы алдымен ұлағатты ұстаз болды. Ұстаз деген ұлы ұғымға әлемнің екінші ұстазы болған ұлы бабамыз Әл-Фараби: «Ұстаз ...аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ар­дақ­тайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер-жүрек адам болу керек», деген екен. Ұлы бабамыз жіктеп көрсеткен қасиеттер жиынтығы тұла бойына дарыған тұлғалардың бірегейіне Әбдімұса Мұратұлын жатқызу әділдік болар еді. Өйткені Әбекеңнің бүкіл саналы ғұмыры ұстаздық етуге ғана арналған. Сонымен қатар ол жоғары және арнайы оқу орындарын ұйымдастырушы білікті басшы бола білді. Көңілі көре­ген, көкірек көзі сәулелі Әбдімұса Мұрат­ұлы қысқа уақыт ішінде Ха­лықтар достығы университетінің, Ақсукент көпсалалы колледжінің материалдық-техникалық базасын аса жоғары деңгейге жеткізді. Бұл орайда Әбекеңнің жоғары оқу орны қызметін ұйымдастыру жолдарын теориялық және практикалық тұрғыдан терең меңгеруіне оның Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркә­сі­бі технологиялық институтында және оның Семей қаласындағы филиалында, Қарағанды политехника­лық университетінің Жезқазған филиалында, Оңтүстік Қазақстан аймақаралық «Қайнар» универси­теті және Қазақ-өзбек инженер­лік гуманитарлық университетінде бас­шылық қызметтерде болған жыл­дардағы жинақтаған тәжірибесі ал­ғы­шарт жасапты. Әртүрлі салалық бас­шылық лауазымдарда шыңдалған іскерлік және ұйымдастырушылық қарым-қабілетін Халықтар досты­ғы университетінде елімізге қажетті білікті техникалық мамандарды даяр­лауда, жаңа технологияларды оқу-өндірістік процеске ендіруде ұтым­ды пайдаланды. Ұстаз-ғалым әрі басшы ретінде ең алдымен ақиқат пен әділдікті жоғары қоятындығы, ұлт болашағына қызмет етуге деген құл­шынысы Әбекеңнің абыро­йын ша­рықтатты. Оның мінез сұлу­лы­ғы, әдептілігі, азаматтығы, пара­сат­тылығы, оқытушы-профес­сор құ­ра­мы­на көрсеткен үлгі-өнегесі уни­вер­ситет ұжымын жетістіктерге же­те­лейтін күш-қуат көзіне айналған еді.

Өз істеріне жетік білікті ма­мандарды университетке шақыруда, таяу шетел және ТМД елдерінің жетекші оқу орындарымен, ғылы­ми орталықтарымен, т.б. ұйымда­ры­мен іскерлік қарым-қатынас орнатып, байланыстың асқан үлгісін қалыптастыруда да Әбдімұса Мұрат­ұлы ерекше үлгі көрсетті.

Қазақта кей адамдар өмірден ізін іздейді, ал кейбіреуі өзін іздейді дейтін тәмсіл бар. Шындығында, ізін іздегендер елге, ұрпаққа ұлағат болатын айшықты ізін қалдырады екен. Осы орайда Әбекең қандай биікке жетсе де, «Бәрі өзім татқан дәм-тұзым үшін. Туған жер, өскен елге қарыздар екендігімді ешқашан естен шығармаймын», дейтін па­йымын ісімен шегендеумен болыпты. Мұндай ой-толғауды жүректен шыққан сөз емес деп қалай айта аласың. Мұндай парасат жан қы­зуын, жүрек жылуын туған елге, туған жерге арнауды ғана ойлайтын арыстарға ғана тән екені хақ.

Әбекең аса қарапайым жан еді. Сол қарапайымдылығына қоса, қайырымдылық, мейірімділік сынды асыл қасиеттерден жаратылған жасампаз жампоздығын қалайша айтпасқа. Мейірімділік – жаның жабырқағанда көңіліңе нұр құятын сәуле деген екен бір данышпан. Әбе­кеңнің қайырымдылығын, мейрім­ділігін есептеудің өзі оның асқақ рухына қиянат сияқты көрі­неді. Өйткені жетпесті жалғап, тарық­қанды таяп, азаматтықтың ақ берен­дігін көрсеткен жақсылықтары ұшан-теңіз. Қамқорлық – таза кө­ңілден, ізгі ниеттен жасалатын, сана-сезімнің ең жоғарғы көрсеткішін біл­діретін ерекше қасиет. «Қам­қор­лықты сөзінде де, ісінде де боямасы жоқ адамдар ғана жасай алады», деген екен грек данышпаны Платон. Ал Әбекеңнің өмірінен бояма тапқан адамды таппайсың.

Химия ғылымында «Тізбекті реак­ция» деген термин бар. Әбекең адамгершіліктің, қайырымдылық, мейірімділіктің «тізбекті реакция­сын» бастаған, көмекке мұқтаж жан­дардың мәселесін шешуге барынша көмектесуге бек даяр санаулы азаматтар санатының көш басында тұрған қайырымды жан болды.

Халқымызда «Өзгенің иығына жапқан шапан өзіңді де жылыта­ды», деген қанатты сөз бар. Шы­нында да, жақсылық жасау, жыла­ғанды жұбату, мұқтажға жәр­дем­десу, жетім-жесірлерге, қарау­сыз қалған шиеттей балаларға қайы­рымдылық көмек беру – адамның адамгершілігін көрсететін ең басты қасиет. Кейде Әбекеңнің осындай сарқылмас қадір-қасиеті бүгінгі қалталы азаматтардың бойынан табылып жатса, тіпті керемет болар еді ғой деп армандап кетесің.

Ел ақсақалдарының, көнекөз қатар­ластарының айтуынша, Әбді­мұса тіпті балаң жігіт шағынан бас­тап ақ пен қара алмасқан өмірдің көлеңке тұстарына көбірек назар аударып жүреді екен. Әр адамның жүзінен сыр аулап, сөзге тартып, жағдайынан хабардар болу әдетіне айналып кеткен екен. «Өзгені қуан­ту – өзіңді қуанту» дейді халық дана­лығы. «Арыс қаласындағы Т.Тәжі­баев атындағы жетім бала­лар­дың өкіл атасы ретінде сол ба­ла­лардың мұқтаждарын өтеп, олар­­дың қуаныштарын көргенде өзі­нің де қуаныштан жүрегі жарыла жаздайтын еді», дейді Балалар үйінің қызметкерлері оны еске алып.

Әбекең жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» респуб­ликалық акциясына да белсене қа­тысқан. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға оқу құралдарымен, киім-кешек­пен үзбей қамқорлық көрсеткен. Уни­верситетте тегін оқыту, стипендия бөлу – өз алдына бір төбе шаралар. Әбекеңнің өзі құрылтайшы­сы болған оқу ордасында көмек­ке мұқ­таж студенттерді іздесті­ріп отыратын әдеті бар еді. Олар­­дың мәселелерін оқу бітір­ген­нен соң да шешуге барынша кө­мек­тесіп отырған. Осындай жыла­ғанды жұбатуға, сүрінгенді тұр­ғы­зуға, сұрағанға беруге әзір тұ­ра­­тын жомартжүрек жандар көп бол­са ғой дейсің Әбекеңнің қайырым­­­ды­лығының «тізбекті реакциясын» еске алған сайын.

«Әбекеңнің үй-күйі жоқ жетім-жесір отбасына үй салып беріп, қо­ныс қуанышын бөліскенде, үйлі бол­ған жандардың сол сәттегі қуа­­нышын көрсеңіз ғой. Сол жан­дардың жаңа үйге кіріп-шыққан сәттердегі көңіл күйлеріне куә болып, бәріміз де толқыған едік», деп еске алады куәгерлер.

Ұлт болмысынан нәр алып, ұлт кемеңгерлігін бойына сіңірген, өмір бойы туған халқының мүддесі мен мұратын ғана ойлаған, мы­сық­тілеулілердің мысын биік парасатымен, зор адамгершілігімен басқан Әбдімұса Мұратұлы замана салмағын жан-жүрегімен се­зіне біліп, халқымыздың бойын шар­пыған кесел атаулыға бар күш-қуатымен қарсы күрескен дәуірдің дара тұлғасы болып өтті.

Туған жерді түлету – перзенттік парызы болғандықтан, Әбекең өскен жеріне заманауи сәулет үлгісінде ме­шіт тұрғызып, айналасын абаттандырып берді.

Сонымен, Әбекең бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа, жоғары оқу орнын ұйымдастыруға арнаған һәм жүрек қалаған ісіне шын берілген тұлға болғаны аян. Бір салада ғұмыр бойы қызмет ету адамның өмірдегі тұрақтылығының, кәсіп пен мұратқа адалдығының бірден-бір көрсеткіші болса керек. Адамтану ғылымында мінез тұрақтылығы, өмірдегі тұрақтылық адал пейілді, нәзік талғамды адамдарға ғана дари­тын қасиет деген анықтама берілген. Әбдімұса Мұратұлын да көз алдымызда биіктеткен осындай қасиеттері еді.

Ойымызды тұжырымдар болсақ, Әбекеңді адамгершіліктің асқар биігіне көтерген басты қасиет ниет түзулігі екен. Ол осы түзу ниетін ойы­на, ойын сөзіне, сөзін әдетіне, әдетін мінезіне айналдырғандық­тан, ақберен азамат болып қалып­тасқан. Сондай-ақ Әбекең ар-на­мы­сын кірлетпеген бекзат адам бол­ған. Ол өзінен кішіге ешқашан паң­дық жасамаған, өзінен үлкенге жарамсақтанып, жағынбаған, «Өз ағасын тағалап, кісі ағасын жағалап» жүрмейтін арлы адам болып өмір кешкен.

«Тең басу қабілетіне ие адам» деген ұғым бар. Әлін білмейтін адам ғана тең басу қабілетіне ие болмайды. Ондай адам «тасып төгіледі, асып жығылады». Ақылды адамда ғана тасу да, асу да болмайды. Әбекең де сондай бірқалыпты да біртуар азамат еді. Ол өзі көпшіл болғандықтан, өзін ешқашан көп­шіліктен жоғары санамаған.

«Шөлде өскен дуадақ

Көл қадірін білмейді.

Көлде өскен қоңыр қаз

Шөл қадірін білмейді.

Тауда жайлап, таста өскен,

Ағайыннан басқа өскен,

Ел қадірін білмейді», дегендей, Әбекең әрдайым ел қадірін біліп, халық өмірімен астасып, біте қайнасып өтті.

Әбдімұса Мұратұлы химия ғы­лы­мының биік деңгейдегі кәсі­би маманы, ғылыми мектеп қалып­тас­тырған академик, іргелі жоғары оқу орнының негізін қалаған, іргесін бекіткен білікті ұйымдастырушы, басшы болды.

Әлемдік ғылыми коммуни­ка­цияға өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдарынан араласқан, дүние­жүзі­лік ғылыми ортада зерттеу еңбек­терімен танылған профессор болды.

Әбекең ұлағатты ұстаз, жаны жайсаң, көпті көрген, көңіліне көп нәрсе түйген парасатымен елін, туған жерін сүйген ұлтжанды тұлға, ардақты аға, халықтар достығын нығайтушы дәнекер ретінде өмір кешті. Өзі де жаны таза, ниеті адал, мінезі қарапайым, ұлт мақтанышы­на айналған дарабоз тұлғаларды мақтан етіп, олардың кішіпейілдігін, асыл қасиеттерін үлгі тұтып, бәріне лайықты құрмет көрсетіп өтті.

«Тұлпарды тайынан, жүйрікті шаңынан танитын», қиядан жалт еткен жарқылды қырандай қырағы көзімен шалып, ағалық ақылымен жастарды мәпелейтін ізгілігі теле­гей-теңіз, бүгінгі ұрпақтың жауқа­зындай құлпырған жарқын өмірінің баяндылығы үшін тер төгіп өткен қазақтың нар тұлға ұлы Әбдімұса Мұратұлы біздің жадымызда.

Ол бізге мақсатқа адалдықпен жетуді, ата-баба мұратына сай дәс­­түрге берік болуды, қиянатқа бар­мау­ды, ата-ана, ұстаз алдындағы па­рыз­ды ұмытпауды, туыстық қа­рым-қатынасты тиянақты сақтау­ды, пайдакүнемдік пен дүние­қоңыз­дықтан аулақ болуды, дәулеттің құлы емес, халықтың ұлы болуды аманаттап кетті. Сондықтан да Әбе­кең қашанда бізбен бірге.

Сөз соңында айтарымыз, қазір Ә.Қуатбековтің 80 жылдығына орай Халықаралық ғылыми-прак­ти­калық конференция ұйымдас­ты­ру іс-шаралары қолға алынып жатыр. Газет оқырмандары заманауи талап­тарға сай мамандар даярлау мәсе­лесіне қатысты және Әбдімұса Мұратұлының осы салада қалдырған өнегесі мен тәжірибесі туралы ой-пікірлерін университет әкімшілігіне жолдауына болады.

 

Есенәлі ОМАР,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор