• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Ғылым 03 Мамыр, 2022

Ғылымға арналған ғұмыр

298 рет
көрсетілді

ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаевтың ғұмыры толығымен ғылым жолына арналды. Жарты ғасырдан аса ғылым аясындағы өмір тарихы қиын да қызық кезеңдерге толы.

Өзінің журналистерге берген сұхбаттарының бірінде Ә.Ны­сан­­баев: «халқымыздың жа­дын­да сондай өзіндік сүбелі ор­ны бар өлке болып саналатын Сыр өңі­ріндегі Қарауылтөбе ауы­лын­да өткен ғасырдың отызын­шы жылдарының аяғында дү­ни­е­ге келдім. Кезінде әкеме бұ­рынғы кеңестік саяси жүйе «ха­лық жауы» деп әділетсіз жала жап­қандықтан, тоталитарлық ре­­­жім­­нің қыспағының қандай бо­ла­­тынын жастайымнан сезініп өстім. Кейін ол кісінің ақталуына қол жеткізгеніме тағдырға риза­лы­ғымды білдіремін, бұл ғұ­мыр­да адам үшін әділдік пен әді­лет­­тіліктің орны ерекше екен. Әділ­­­­дікке қарай ұмтылу – менің өмір­лік қағидатыма айналған еді. Жастайымнан арманым жақ­­­­­­сы ғы­лыми жұмыс пен тартымды ең­бектер жазу арқылы әкеге ескерт­кіш орнату болды. Менің өмірде азамат болып қа­лып­тасуыма, кейін ғылым жолына түсуіме Қатира апам мен Рысты әжемнің сіңірген еңбегі зор. Сон­дықтан оларды әр кезде құр­мет­пен еске аламын. Ал енді өзім көптеген қазақ жастары сияқ­ты білім мен ғылымның ор­дасы болған Алматыға жетуге асық­тым», дейді.

Академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен әлемге танылған және талай кәсіби шебер мамандар қызмет атқарған Қазақ КСР Ғылым академиясы еліміздегі ір­гелі және қолданбалы зерттеу­лер­ді кеңінен жүргізудің нағыз үлгісі болған және ғылыми кадр­лар­дың шоғырланған Ор­дасы болатын. Қазақ зиялыларының ХХ ғасырдағы көрнекті өкілі, ака­демик, белгілі заңгер Салық Зиманов жетекшілік еткен Ғы­лым академиясына қарасты «Фи­ло­софия және құқық институты­нан» бас­тау алған Әбекеңнің ғы­лы­ми шығармашылығы қазіргі кезеңге дейін табысты жалғасуда. Ол Мәскеуде алдымен 1964 жылы кандидаттық диссертациясын, содан кейін 1975 жылы ғылым фи­­лософиясы бағыты бойынша за­манауи математикалық таным­ның философиялық сипат­та­масын беруге арналған док­торлық диссертациясын сәтті қорғады. Міне, сол тари­хи кезеңнен бері ав­тор­дың қала­мы­нан көп­те­ген монография­лар, ғылыми мақа­лалар дү­ниеге келді және олар әлем­нің 25 елінде жарияланды.

Өткен ғасырдың екінші жар­ты­­сында Қазақстанда бұрын­ғы Кеңес Одағына, одан кеңі­рек ал­ған­да жалпы әлемдік фило­со­фиялық әлеуметке ерекше та­ныл­­­ған, өзін кәсіби мамандар ал­­дында мойындатқан «Алматы фи­лософия мектебі» қалыптасты. Ака­демик Ж.М.Әбділдин бас­та­­ған диалектикалық логикамен айналысатын ғылыми топ­тың ізденістері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Міне со­лар­дың бел ортасында білікті маман Әбдімәлік Нысан­баев та болды. Ол философия са­ла­сын­дағы басқа әріп­тес­те­рі­мен бірге өте бедел­ді Қа­зақ­стан Мем­ле­кет­тік сый­лы­ғы­ның лауреаты ата­нды.

Ә.Нысанбаевтың тікелей бас­­­­­­та­­масымен институт ауқы­мын­­­­да Қазақ­станның тәуел­сіз­ді­гін жария­лаған кезеңнің ал­ға­ш­қы жылдарында-ақ, дәлі­рек айтқанда 1991 жылы қазақ фи­­ло­­софиясы мәселелерін ке­шен­ді зерттеуге арналған бөлім ашылды. Әбдімәлік Нысан­баев­тың белсенділік танытуы­мен қа­зақ тіліндегі зерттеу­лер мен қор­ғау­лар көбейе бас­тады. Әбе­кең­нің тіке­лей ұйым­дас­ты­руымен көп­те­ген білікті маман­дар осы игі­лікті іске тартылып, соның нә­ти­жесінде «Қазақ дала­сының ойшыл­дары» деген 4 томдық топтама жарыққа шықты. Кейінгі жылдары «Қазақ фи­ло­со­фиясының тарихы», деген 5 том­дық жинақ дүниеге келді (2012-2017 жж.).

Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген­­­­нен бері гуманитарлық білім сала­сында қазақ халқының ұлт­тық санасының, оның диас­по­ра­­сының этникалық мәдение­ті­нің мәселелері өзектене түсті. Со­ның нәтижесінде диаспоратану ғы­лымы қалыптасты, бір­неше ұжымдық еңбектер дүние­ге келді. Мәселен, «Қазақ диас­порасы: бүгіні мен ертеңі», «Еу­ра­зиялық интеграция және қа­зақ диас­порасы», «Жаһан­да­ну жағ­дайындағы шетел қазақ­та­ры­ның құндылықтық әлемі­нің өзгеруі». Қазіргі кезеңде ше­тел­­дегі қандастарымызға қай­та­дан назар аударылып, бай­ла­ныстар бір­те-бірте нығая бастағаны қуан­тады.

Ә.Нысанбаев АҚШ, Гер­ма­ния, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Мысыр, Украина, Польша, Бол­га­­рия, Франция және т.б. елдерде өткен беделді халықаралық кон­ферен­цияларда өзінің ғылыми зерт­­теулерінің нәтижелерін көр­нек­ті мамандар алдында жария­ла­ған еді. Еліміздің философияны дамыту саласындағы жетіс­тік­терін әлемдегі ғылыми көп­ші­­лікке лайықты деңгейде таныс­ты­ра білді. Ғылыми ізденістерге «ине­мен құдық қазғандай» деп теңеу берген халқымыз өзінің фи­ло­­софиялық даналығын ежел­ден көркем образдармен жет­кі­зу­ге бе­йім­ділік танытқан.

Ал енді сонымен қатар 1997-2003 жылдары ол Мем­ле­кет бас­шы­сының шеші­мі­­мен «Қазақ энцик­ло­пе­дия­­сының» бас редакторы қыз­ме­тін қоса атқарды. Тә­уел­сіз Қа­зақстанның негізгі кі­тап­­­та­рының бірі болып саналатын көп томдық «Қазақстан» Ұлт­тық энциклопедиясының ал­ғаш­қы төрт томының шығуы үлкен оқиға болды. Сонымен қатар ұлт руханияты үшін аса маңызды «Қорқыт Ата», «Құрманғазы», «Мұхтар Әуезов», «Қазақстан Рес­публикасы. Он жылдық ше­жі­­ресі», «Қазақ», «Қазақстан Рес­пуб­ликасы. Энциклопедиялық анық­тамалық», «Екімыңжылдық дала поэзиясы», «Түркістан» атты ха­­лықаралық энцикло­пе­дия­лар­дың шығуының өзі ұлты­­мызға деген ізгі ниеттің, оның рухани дүниесіне деген өзін­­дік құрметтің көрінісі.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы халқымыздың ру­­х­а­ни мәдениетін, тілін және та­ри­хын жандандыратын қадам­дардың бірі болғаны анық. Ака­де­мик Әбдімәлік Нысанбаев­тың ғылыми жетекшілігімен осы мем­лекеттік бағдарламаның ауқы­­мында 62 томнан тұратын ең­бектер топтамасы қазақ тілінде жарық көрді. Оның ішінде жиыр­ма том қазақ халқының ежел­­гі дәуірден қазіргі кезеңге де­йін­­гі философиялық мұрасын жи­нақтауға арналды, яғни ұлт руха­ниятының тарихи және фи­ло­­­­софиялық қайнар көздері өз тілі­мізде осы томдарда өрнек­телді. Осы маңызды мемлекеттік бағ­дарлама бойынша 20 том әлемдік философиялық мұраның ең үздік үлгілері мен үзінділері түрінде жинақталып, мемлекеттік тілге тікелей тәржімаланды, әл-Фа­­ра­бидің бұрын жарияланбаған шы­ғармаларының 10 томы және әлемдік психологиялық мұраның 10 томы, студенттерге арналған 2 оқу құралы жарық көрді.

Академик Ә.Нысанбаевтың шы­ғармашылық белсенділігі мен ғылымды ұйымдастырудағы да­рыны мемлекет тарапынан жо­ға­ры бағаланып келеді. Мәсе­лен, 1974 жылы ғалымның еңбектері Ш.Ш.Уәлиханов атын­дағы бі­рін­ші сыйлыққа лайық деп танылды. 1984 жылы ғы­лым мен техника саласындағы Мем­ле­кеттік сыйлық берілді және 1994 жылы «Қазақстан ғы­лы­мы мен техникасына еңбегі сің­ген қайраткер» құрметті атағы бе­ріл­ді. Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы медалімен (1995), «Достық» (1998) және «Парасат» (2004) ордендерімен, Абылайхан (1997), Мұстафа Шоқай (2000) алтын медальдарымен марапатталды. 1995 жылы «Қырғыз Республикасы ғы­лымына еңбегі сіңген қайрат­кер» құрметті атағы берілді. 2000 жылы Жәлеләддин Руми алтын медалінің иегері. 2004 жылы «Қазақстан Республикасы ғылы­мын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. 2006 жылы «Дарын» ұлттық компаниясының (Моңғолия) «Озат кісі» құрметті атағы беріл­ді және «Түркі әлеміне қосқан үлесі» Халықаралық сыйлы­ғы­ның иегері атанды. 2016 жылы ғалымның таңдамалы ғылыми еңбектерінің 10 томдығы жарық көрді.

Академик Ә.Н.Нысанбаев үл­гі­лі және зиялы отбасының ота­­ғасы. Әбдімәлік Нысанбайұлы халық пен мемлекетімізге, ғы­лым­ның дамуына барынша шы­найы қызмет еткен азамат және ғалым. Жалпы, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру дегеніміз өткен тари­хымыздағы құнды нәрсе­лер­ді тарихи жадымызда сақтау деген сөз. Сондықтан жас ұрпаққа өнеге болатын, күнделікті өмірде үлгі тұтатын тарихи тұл­ға­ларымыздың оңды өмірлік тә­жі­ри­белерін, өне­гелі ғұмырын на­сихат­таудан жа­лық­пауға тиіс­тіміз.

 

Серік СЕЙДУМАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, ҰҒА академигі