• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Мамыр, 2022

Ержүрек барлаушы

297 рет
көрсетілді

Мен Атырау облысындағы Индер ауданының Жарсуат ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Талғат Тасқарин ағамыз әкеліп берген майдангер Н.А.Славиннің «В разведке» деген кітабын бағзы бір ескі досымды кездестіргендей қызыға оқып шықтым. Бір демде оқып шыққан кітаптағы бір оқиғада 12 барлаушының бірі болған қазақ жауынгері, сержант Қуан Жәңгіровтің де ерлігі баяндалған.

Құрамында қазақ барлаушысы Жәңгіров бар бұл топтың ерлігі кейін майдандық «Отан жауынгері» газетінде «12 42-ге қарсы» деген тақырыппен жарияланып, 10 гитлершілдің көзі жойылып, қалғаны тұтқындалып, кеңестік 2 барлаушы қаза тауып, екеуі жараланғаны баяндалады.

Жалпы барлаушы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Н.Славиннің осындай кітабы барын, оның мән-жайын жарсуаттық марқұм Ізбай Темірғалиев, тағы басқа тілші-авторларымыздың жазуынан жақсы білетін едік. Де­генмен осы жолы Талғат аға­мыздың арқасында  шытырман оқиғалы сол кітап қолға тиіп бір демде оқып шықтық.

Ең бастысы 1919 жылы 5 ақпанда Махамбет ауданындағы Карманов селосында туып, жас­тайынан жетім қалып, ағасы Ес­қали Қарабалиннің қамқор­лы­ғын­да жүріп, 7-сыныпты бітірген соң 1938 жылы жапон, фин, одан соңғы Екінші дүниежүзілік со­ғыста сан шайқасқа қатысып, Бер­линнен оралған жерлесіміз Қуан Жәңгіров туралы біраз жайға қанықтық.

Туған жерден балаң жасында кетіп, 7 жылдан соң 28 жасында қайта оралған барлаушы Қ.Жәңгіровтің кеудесінде сонда жерлестерін таң-тамаша қал­дырған жауынгерлік Қызыл Жұл­дыз, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары жарқырап тұрған еді.

Сол марапаттардың арасынан тек «Ерлігі үшін» медалінің не себепті берілгенін оқысақ: «Жолдас Жәңгіров батыл да шешімді барлаушы. Ол 1944 жылы шілденің 2-сінен 3-не қараған түні лейтенант Юровский тобымен бірге шабуылдың оң бағытындағы ұрыстарға қатысты.

«Тіл» алушы топ жауға гранаталар лақтырғанда жолдас Жәңгіров сол арада 4 бірдей гит­лершілді автоматпен жайратып салды. Содан соң шабуылға бел­гі берілгенде, жолдас Жәң­гіров ауыр жаралы аға сержант Ломовскийді арқалап, өз шебі­мізге жеткізді.

Жолдас Жәңгіров батыл да жауап­кершілігі өте жоғары барлаушы, ол «Ерлігі үшін» медаліне лайықты» деп қолын қояды 150-ат­қыштар дивизиясының 175-дербес барлаушылар ротасы­ның ко­мандирі, капитан Тарасенко.

Қуан Жәңгіров қызмет еткен 175-дербес барлаушылар ротасы тікелей 150-атқыштар дивизиясына бағынышты болған. Ал бұл дивизияның Ильмень көлінен бастап, Псков, Латвия, Польша және Шығыс Померанияны жау­дан тазартқаны бір бөлек, жау ордасы Берлиндегі де қиян-кескі шайқастарға қатысқан.

Сөзге сараң Қуан ағамыздың майданда барлаушы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ал оның ерлігі туралы қаруласы, Ре­сей Жазушылар одағының мү­ше­сі Наум Славин «В разведке» ат­ты кітабында жақсы жазып, оның бір дана­сын ағайға жіберген еді. Өзі­міз оны дереу оқып, көп жай­ға қа­нық­тық. Кітапты кезінде мар­құм Ізбай Темірғалиев ағамыз қазақ­шалап, аудандық газетте жариялады.

Естелігінде Талғат ағамыз да, одан бұрын жазғандар да кіші сержант Қуан Жәңгіровтің өнерпаз болғандығын, тіпті  оның әнін кеңес әскерімен қатар немістер де ән тыңдағанын айтады.

1944 жылы 6 маусымда одақ­тастар, ағылшын-америка әскер­лері Солтүстік Францияға теңіз арқылы десант түсіріп, әйгі­лі Нормандия операциясы бас­тал­ғаны белгілі. Әрине, бүкіл соғыс­тың ауыртпалығын көтеріп келген кеңестіктер бұл оқиғаны жылы қабылдаған. Жерлесіміздің алғы шепте екі тілде өлең айтуы да осы оқиғаға тікелей  байланысты болған екен.

Капитан Тарасенконың Юров­скийге берген бұйрығына сай, барлаушылар Морозов пен Жәң­гіров алғы шепке лейтенант Стр­жижовскийдің қарауына келсе, оларды жанында ауыр жәшік­тер­дегі аккумуляторлар мен дауыс күшейткіштерді арқаланған екі сержант қарсы алады. Қастарында аудармашысы бар, өздері көңілді:

«Бүгін одақтастар екінші майданды ашты, жолдастар. Сонымен өзімізбен бірге неміс­терді де құттықтауымыз керек. Түсіндіңдер ме, одан әрі соғыс та бітіп қалар мүмкін», деген лейтенант бұларды асықтыра алғы шепке бастай жөнеледі.

Командирдің айтуынша, ойға алған істерін түннің ортасына таман орындаулары керек. Алғы шептегі бейтарап зонаға келіп, олар снарядтан қалған шұңқырға жайғасып, дауыс күшейткіштердің әрқайсысын 300 метрдей қашықтықта жау еститіндей тұсқа орнатуға кіріседі. Содан аудармашы одақтастардың соғыс ашуына байланысты неміс жауынгерлері мен офицерлеріне үндеуін оқиды. Әрине, мұның бәрін қарсы жақ қайдан тып-тыныш отырып тыңдасын, барлық қарудан атқылау басталады.

Сол арада дауыстың шыққан орыны да дәл анықталып, снарядтар біртіндеп, бұлар жатқан тұсқа жақындай түскенде, командир орын ауыстыруға бұйрық береді. Дереу келесі жерге ауысып, одан да сол үндеуді оқып, немістердің әбден мазасын алады. Сөйтіп, тұрғанда жерлесіміз Жәңгіров: «Командир, бұлар сенің «музыкаңды» тыңдағысы кел­мейді ғой, әкел, мен көрейінші», деп ән айтуға рұқсат сұрайды да микрофонды аузына тақап, «Начинаем концерт для ушей из немецких траншей» деп хабарлап, кең дауыста шырқалатын қазақша бір әнді шырқай жөнеледі.

Әуелі түнгі аспанға жаң­ғы­рыққан үнге, оның үстіне қазақ­ша әуендерді тосырқағандай, жау оқ атуын саябырсытып, бейне бір абыржығандай тосын күй танытады. Бұл абыржуды барлаушы тиімді пайдаланып, атақты «Махорочка», «Валенки», «Саратовские страдания», тағы басқа да әндерді шырқап береді.

Тағы бір айтарымыз Талғат Тасқариннің мәліметінше, 1980 жылдың басында Н.Славин Қуан ағамызды Мәскеу қаласында өтетін майдандастардың салтанатты жиы­нына қатыстыру үшін Гурьев облыстық әскери комиссариаты арқылы тауып, шақыру жолдаған. Бірақ мезгілсіз келген ажал бұл тілектің орындалуына жазбайды.

«Әкем соғыстан 1946 жылы оралған соң 1947 жылы анамыз Мәрішпен шаңырақ көтереді. Өмірге 10 бала әкеледі. Оның үшеуі жастай шетінесе, 7 баласы түрлі жұмыста жүрміз. Әкеміз орман шаруашылығында, колхозда, мектепте еңбек етті. Зейнеткерлікке сол орманшылықтан шықты. 1980 жылы соғыста алған жара­қаттарының әсерінен қайтыс болды», дейді ұлы Аманқос.

Ұлы Өтеп, Аманқос, Амантай, Кенжетайы әскер қатарында болған. Кенжесі Ауғанстанда азамат­тық борышын өтеген. Кезін­де әкесінің қаруласына хат жол­даған Лайығы, Өтеп, Аман­байы да бүгінде өмірде жоқ. Ал қара шаңырақты еңбектерінің зейнетін көріп отырған Аманқосы мен келіні Тоқсұлу ұстаса, Ажары мен Кенжетайы да ауылдастары үлгі тұтатын бақытты отбасы.

Өмірден өткен досы туралы КСРО Жазушылар одағының мүшесі Наум Славин «Солдаты его любили» деген очерк жазып, ол «Казахстанская правда» газетінің 1980 жылғы 9 ма­мыр­дағы санында жарияланды. Артынша 1980 жылы 5 маусымда облыстық тарихи өлкетану му­зейінің бөлім меңгерушісі Т.Сим­биркинадан Қуан Жәңгіров туралы құжаттар мен хаттар, марапаттары, суреттері, жеке заттарын сұраған хат келеді.

Бүгінде Жарсуат ауылында батыр барлаушы атында көше бар. Махамбет атындағы мектеп оқушылары әр мереке сайын аталарының ерліктерін мақ­тан етіп келеді. Шағын ауыл болса да 332 азаматын май­дан­ға шы­ғарып салған жарсуат­тық­тар өз ардақтыларын еш ұмыт­пай­тындықтарын осы бір қадам­дарымен тағы бір дәлелдеп отыр.

«Соғысқа қатысқандардың барлығы біз үшін ерлік жасағандар. Біз Қалу Қалбағаев, Жәрдем Қазиев, Құлынжан Төлепов, Дәулет Ізтаев, Құбаш Қашқынов, Бега­лі Ізмағамбетов, Қапар Ес­қалиев, Хамза Нысанғалив, Бисе­ғали Ерғалиев, Сатыш Кәдір­ғожин, Орақ Нұрақанов, Қуан Жәң­гіров және басқалардың есім­дерін еш ұмытпаймыз», деген ауыл ардагерлері алқасының төрағасы Талғат Тасқариннің тілегіне толық қосыламыз. Ал ержүрек барлаушы, халқына ғана емес дұшпанына да қасқая қарсы қарап тұрып ән шырқаған қазақ, сержант Қуан Жәңгіровтің ерлікке толы өмір жолы осындай.

 

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Атырау облысы,

Индербор кенті