• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2022

Жылаған жылдар жаңғырығы

313 рет
көрсетілді

Бүгінде тәуелсіздік алған көптеген жас мемлекеттің өткеніне үңілсек, түрлі тарихи оқиғалардың куәсі боламыз. Әрине, оның бәрі сол халықтың ұлттық деңгейіне, болмысына, мінезіне, қазіргі сана-сезіміне де әсер етеді. Тіпті қолдан жасалған қырғыннан жер бетінен жойылып кеткен ұлттар да бар екені белгілі. Қазақ тарихындағы зұлмат жылдардың тауқыметі мен қасіреті, салмағы мен салдары қандай болғанына да уақыт куә. Әсіресе, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ұлт болашағына тигізген соққысы тым ауыр болды.

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық музыкалық драма театры репер­туарындағы «Жұт» спектакліне барып қайтқан едік.

Ұлт басына төнген тауқыметті суреттеген спектакльдің премьерасы 2016 жылы қойылған еді. Қойылымның авторы – Олжас Жанайдаров, режиссері – Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері Айрат Абушахманов. 

Қойылым негізінен қазақтың тарихынан сыр шертіп, ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңді, соның ішінде 1932-1933 жылдары болған ашаршылық оқиғаларын суреттейді. Ахмет пен оның жары Сәуленің басынан кешкендері, балаларына жейтін ас таппай, қарны ашқан балаға әкесі Ахметтің екі саусағын кесіп беруі, кейіннен аштықтың кесірінен жалғыз ұлдары Темірден айырылуы, жерлеген сәбиінің денесін аш халықтың қорек қылуы, күнкөріс қамы үшін күннің қара суығында халықпен бірге егістікке шығып, құндақтағы сәбилеріне салқын тигізіп, кішкентай нәрестені ашыққан адамдар жеп қоймасын деп су түбіне жерлеуі, өзінен гөрі ерінің жағдайын ойлап, соның амандығын тілеген Сәуленің өз жүрегіне қанжар сұғып алуы – бәрі-бәрі адамның төбе шашын тік тұрғызатын оқиғалар.

Қойылымдағы Сәуленің рөлін – Айнұр Жетпісбаева, Ахметтің образын Нұрсұлтан Есен сомдайды.

– «Жұт» пьесасын өзім үшін жаз­ған едім. Ата-баба алдындағы қа­сиетті парызым деп санадым. Атам жа­рықтық, бала кезінде аштықты көзі­мен көрген. Бұл пьесам  2013 жылы Бүкілресейлік драматургтер байқауында бас жүлде алды. Сонда қазылар алқасы қойылымды Ресей аудиториясына қазақ даласындағы жұт тақырыбын ашқандығын атап өтті. Ресейде «Жұт» пьесасы Уфа қаласында қойылды. Ал башқұрттарға бұл тақырып жақын. Олар да аштықтың зардабын тартқан», – дейді драматург Олжас Жанайдаров.

Адам қолынан жасалған қасіретті бастан өткерген бабаларымыздың ерлігі, шыдамдылығы, көрген қиындықтарына мойымауы келешек ұрпақтың қамы үшін екенін естен шығармауымыз керек. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында нәубетті жылдардан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де толыққанды зерттелмегенін атап өткен еді.

«Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-­салдары жайлы әртүрлі көзқарас қо­ғамды адастырады. Тиісті тарихи құ­жаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», деді Президент. Ұлт тарихындағы қанды оқиғаларға қатысты архив материалдары әлі де ашылмай жатқаны шындық. Десек те осы мақсатта жасалып жатқан ғылымда болсын, көркем өнерде болсын, әр туынды халық жадына өткен тарихтың ізін көрсетеді, бейбіт күннің қадірін түйсіндіреді.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті