• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2022

Туған жерін түлеткен

374 рет
көрсетілді

Өмірден өткен адам туралы, әсіресе туған інімдей болып кеткен Қуаныш Алпысбеков туралы өткен шақпен жазу оңай дүние емес. Қуанышпен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Целиноградқа іссапармен келгенде танысқанмын. Кездескен сайын өзі өскен, қанат қаққан қасиетті өлкенің арғы-бергі тарихы жөнінде көсіле сөйлейді. Ара-арасында бүгінгі заман ағымына және ақпарат құралдарында айтылып, жазылып жатқан ой-пікірлерге өз көзқарасын білдіріп отырады.

Қуаныш өмір сүрген толқын ерекше уақытта өмір кешті. Олар­ға соғыстан соңғы ауыр жыл­дардың тауқыметін, тың иге­рудің аласапыран жылдарын иықтарымен көтеруге тура кел­ді. Бұл ұрпақ өкілдері алпысыншы жылдардың жылымығын да, тоқырау кезеңі атанған жетпісінші жылдарды да, Кеңес Одағының күйреуі қарсаңындағы сексенінші жылдарғы қайта құ­руды да көзбен көріп, көңілмен сезінді. Бұдан соң да бұл толқын жаңа егемен Қазақстанды қа­лып­тастыруға да тікелей атсалысты. Атал­ған дәуірлердегі оқи­ғалар тіпті бірнеше ұрпақтың ғұмырларына жететін болса да, сайып келгенде, бұлардың пе­ше­несіне молынан тиді. Ата­ларымыздың: «Ұстараның жү­зіндей, сан құбылған дүние-ай!» деп әнге қосатыны осыдан шығар. Осындай толассыз өмір мен санқилы оқиғалардың бел ортасында Қуаныш пен оның замандастарының болуы сол кезеңнің заңды құбылысы.

1962 жылы Қуаныш Ақмола­дағы орта мектепті бітірісімен Новосібірдің теміржол транспор­ты инженерлері институ­тына түсті. Институтты бітірісімен Қуаныш Алпысбеков Целино­град­тың қақпасы ретінде саналатын Есіл стансасына жолдама алды. 24 жастағы жас маман қысқа уақытта әртүрлі деңгейдегі жұмыс атқарып, ұқыптылығымен көпшілік назарына ілікті. Жас маманның іскерлігін байқаған Тың теміржолының басшылығы Қуа­ныш Алпысбековті Ерей­мен-

тау станса­сының бас­тығы қызме­тіне тағайындады. Жұмыс жауапты әрі қиын болса да, ол өзіне артылған сенімге қанаттанып, қызметін еш шаршаусыз, демалыссыз тәулік бойына дерлік атқаруға тура келді. Қуаныш дәл осы жерде нағыз еңбектің қадірін біліп, әр кезде де жинақы және жа­уапты болуға дағдыланды. Жас­­тықтың Қуаныш үшін темір­жолда ғана өмір қайнап жат­қандай және одан тыс жерлерден өзін тіпті елестете алмайтындай көрінетін.

Дегенмен, тағдыр тіршілігі өз түзетулерін енгізетіні заңды үрдіс қой. Бірде аяқ астынан Ерей­ментау аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Зикен Рамазанов Қуанышты өзі­не шақырып алып, оған аудан­дық комсомол комитетін бас­қаруды ұсынды. Қуаныш қан­ша тырысып, ұсыныстан бас тартқанымен беделі бүкіл об­лысқа жүріп тұрған, сөзге шешен Рамазановтың дәлелді пікірлерін талқылаудың қажет еместігін Қуаныш осы арада бірден тү­сін­ді. Сөйтіп, Қуаныштың өмі­рі күрт өзгеріске ұшырады. Ара­да шамалы уақыт өткен соң Қ.Ал­пысбековті Целиноград об­лыс­тық комсомол ұйымына же­тек­шілік етуге шақырды.

Облыстық комсомол коми­тетін басқара жүріп, Қуаныш аудандар мен бастауыш ұйымдары басшыларымен тығыз байланыс орнатты және сол ұйымдарға жетекшілік ететін жастарды сол жерлердегі жастардан таңдады. Ол қай ортада болса да сол жерді көркейтіп жүрді. Жасанды қылыққа барған жоқ, жақынын танымай қалу мінезіне ұшырамады, ең бастысы қарапайым адамдармен аралас-құралас болуды ұнатты.

Қиындығы мен қызығына әбден дағды­ланған Қуаныштың комсомолдағы жұмысы 1978 жылы аяқталды. Облыстық партия комитетінің басшылығы бола­шағынан үміт күтті­ретін Қуа­ныш Алпысбековті КОКП Орта­лық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберуді жөн көрді. Бұл академияны бітіргендер бірден әр рес­публиканың Орталық партия комитеттеріне лауазымды қыз­метке тағайындалатыны немесе резервке қойылатыны белгілі. Алайда Қуаныштың академияны бітіруіне жарты жыл қалғанда Цели­ноград облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Н.Мо­розов Алпысбековті оқуы­­нан шақыртып алып, қала­дағы Совет аудандық пар­тия ко­митетінің бірінші хатшы­лы­ғына тағайындады. Кейіннен уақыт­тың тығыздығына қарамастан Қуа­ныш қоғамдық ғылымдар академиясына барып мемлекеттік емтихандарын табысты тапсырып, қызыл дипломға ие болды.

Қай саланы алып қарасаң да, Қуаныш Махмұтұлы қызмет еткен сара жол мен мұндалап жатқаны. Қысқаша қайыратын болсақ, ол мынадай: облыс ор­талығындағы Совет аудандық партия комитеті жетекші­лі­гінен кейін Целиноград қала­лық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан компартиясы Ор­талық комитетінің инспекторы, Қостанай облыстық партия коми­тетінің хатшысы, КОКП Ор­талық партия комитетінің жа­уапты инспекторы, Қазақстан Рес­публикасы көлік және коммуникация министрінің орынбасары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары және Парламент мә­жілісінің депутаты. Қай жерде қызмет атқарса да Қуаныш Махмұтұлы өзін білікті маман, тәжірибелі жетекші және жас­тарға қамқоршы екенін көрсете білді.

Бүгін бар, ертең жоқ қу тір­шілікте, мына жарық дүниеде кімді жоғалтпадық?! Дей тұрсақ та, солардың арасында көзден кеткенімен, көңілден кетпейтіні бар. Дос-жарандарының жүре­гіне өшпестей із қалдырып, жа­дын­да жатталып қалатын ізгі жан­дардың жүріп өткен жолын еске түсіріп, сағынбай тұра алмай­сың, іздейсің, елеңдейсің. Та­биғаты аса таза, жаратылысында тектілік бар, рухани-адам­гершілік қасиеті мол, кісілігі кең сондай жандардың бірі – Қуаныш Махмұтұлы еді.

Қуаныш тағылымды өмір сүрді. Ол бойындағы барлық білімі мен дарынды қабілетін өмірден таңдап алған мамандығы арқылы қоғамның дамуына ба­ғыт­тады. Қуаныштың асыл адам­гершілік бейнесі, дос-туысқа де­ген адал қарым-қатынасы, әсі­ресе сүйікті немересі Ел­нұрға деген ма­хаб­баты, оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталатынына ешбір күмән жоқ.

 

Мейрам БАЙҒАЗИН,

қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

НҰР-СҰЛТАН