• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2022

Әскери ант – халық алдындағы уәде

2130 рет
көрсетілді

Әскери ант қабылдау – Қарулы Күштердің қатарына қосылған әрбір жас сарбаздың басынан өткеретін рәсімі. Көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендерін салтанатты түрде мәлімдеудің жауапкершілігі жоғары екені белгілі. Ендеше, халық алдында уәде берудің тарихы қайдан бастау алады? Әскери борышын өтеушілердің анты елімізде қалай жазылды? Тәуелсіз еліміздегі әскери ант қабылдау міндеті қалай қайта жүргізілді?

Тарихтан белгілі, посткеңестік мем­лекеттердің барлығында өз Қару­лы Күштері құрылған соң әскери қыз­мет­­шілерге Әскери ант қабылдау мін­деттелді. Бұл мәселені Қазақстан бас­шылары ақылдаса келе әскери қыз­метті атқарып жүргендер үшін қайта­дан әскери ант берудің қажеті жоқ де­ген шешім қабылдады. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қарулы Күштерінің қатары­на жаңадан қабылданғандар ғана әскери анттың жаңа нұсқасы бойынша қызметке кірісетін болды. Аталған мәселенің оң шешілуіне Қазақстан Республикасының тұңғыш Қор­ға­ныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов көп еңбек сіңірді. Армия генералы осы мәселені көтеріп ел басшылығының атына бір­не­ше рет хат жазды. 1992 жылдың бастапқы кезеңінде жазылған хатында Халық Қаһарманы: «Соңғы күндері түрлі себептерден, оның ішінде жан-жақты ойластырылған заңнамалық актілерді да­йындау мен қабылдануын күтпестен асығыс қабылданған бірнеше шешімнің салдарынан әскери антты қабылдау мәселесіне маңызды тос­қауылдар туындатып отыр» деп атап көрсетіп, өзінің ой-пікірін нақты білдір­ді. №5 қордың 640-ісіндегі хатында: «Әскери қызмет халық алдындағы уәде болып табылатын әскери ант беруден басталатыны белгілі. Маршал немесе сарбаз болсын әскери адам ретінде анттың талаптарын орындауды қасиетті борыш деп санауға тиіс. Оған адалдығын өмірінің соңына дейін сақтауы қажет», деп жазады ол.

«Қазіргі таңда Қарулы Күштерде қызмет атқарып жүрген генералдар, офи­церлер және солдаттар бір рет әске­ри ант қабылдайды. Бірақ Кеңес Одағы жоқ болғандықтан, алғашында «ешкімге де қызмет атқармаймыз» деген мәселенің алдында тұрмыз. Менің ойым­ша, бұл қате түсінік, қате пікір. Әскери анттың мәтінінде «Мен әскери істі қастерлеп зерделеуге, әскери және халық мүлкін жан-жақты сақтауға және соңғы демім біт­кенше өз халқыма адал болуға ант бере­мін ...» деген сөздер бар. Қазіргі таңда осы сөздер өзектілігін жоғалтты ма? Жоқ деп ойлаймын. Халыққа қызмет ету – әс­ке­ри анттың негізгі маңызы» дей отырып, Сағадат Нұрмағамбетов бірнеше ұсыныс жасайды. Олардың қатарында ресейлік, украиндық немесе басқа да бір елдің бүкіл жеке құрамы «жаңа» ант қабылдаудан бас тартуы қажет; жаңа толықтыру арқылы келген шақырылушы контингент ТМД елдерінің Біріккен Қарулы Күштерінің қатарына алынатын болса, осы елдердің басшыларының арнаулы келісімімен мақұлданған әскери ант мәтіні бойынша қабылдануы мүмкін; ТМД елдерінің қатарына енген республикада өз Қарулы Күші құрылған жағдайда, сол елдің өзінің заң шығарушы органы дайындап, бекіткен антты қабылдау керегі жайында айтылған. Төртінші ұсынысында армия генералы «Іс жүзіндегі Қарулы Күштердің жеке құрамын жедел түрде өңірлік әскери ант қабылдатқызу асығыс, қате және үстірт, сонымен қатар біріккен Қарулы Күштердің құлауына әкеп соқтыратын шешім» деп атап көрсеткен. Ол әскери проблемаларға қатысты күрмеулі мәселелер абайлап, мұқият және асығыстыққа салынбай шешу қажетін атап өтеді.

Әскери ант дегеніміз – әрбір азамат мемлекеттің Қарулы Күштеріндегі әскери қызметке қабылданған (шақырылған) кезін­де­гі салтанатты ант беру рәсімі. Дербес, еге­менді ел құрған жаңа мемлекет ретінде Қазақ­стан әскерінің анты қандай үлгіде болуы қажет деген тақырыпта түрлі ұсыныстың болғаны да рас. Мысалы, бұған дейінгі КСРО әскери анты (1947-1991) кеңестік әскери қызметшілердің алғашқы ресми уәдесі болды.

Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетов Пре­зиденттің атына жаңа әскери ант­тың мәтінін 1992 жылы 17 маусымда хатпен ұсынған. Хатқа қойылған қарарлардың белгілісі: 1992 жылы 22 маусымда ел басшысы Жоғарғы Кеңес­пен, басқа да мүдделі органдармен келісу туралы тапсырма береді. Осы ха­тында С.Нұрмағамбетов әскери ант­тың Республикалық Ұланның әске­ри қызметшілеріне, Республикалық Ұлан­нан басқа әскери қызметшілерге ар­нал­ған нұсқаларын да бірге ұсынған.

Осылайша, Жоғарғы Кеңестің ескер­ту­лері есепке алына отырып, егемен елі­міздің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне арналған әскери анттың мәтіні бекітіледі.

Әскери қызметшінің алғашқы еңбек жолындағы тұңғыш қадамы әскери ант қабылдаудан басталатыны белгілі. Ал ар­мия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов жас жауынгердің алғаш­қы қада­мындағы құнды құжаттың қабыл­дануына қажырлы еңбек сіңірді. Норма­тивтік-құқықтық сипаттағы құ­жат­­тың қа­был­дануы Қазақстан Қа­рулы Күштерінің жаңа бағытын, сипа­тын айқындап берді. Тәуелсіз ел армия­сы­ның алғышарттарының бірі – әскери ант беру тарихы осылайша жасақталды.

 

Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,

Президент Архивінің аға сарапшысы