• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2022

Тұғыры биік түркітанушы

642 рет
көрсетілді

Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу, зерделеу ісіндегі басым саясат бодандық санаға, яғни еуроцентристік, ұлы империялық орыстық шовинизм бағытына басыбайлы берілді. Әрине, бұратана делінетін түркі тілдес ұлттардың сан ғасырлық тарихы бар руханияты, әдебиеті, өнері, мәдениеті өзінің терең тамырларынан ажыратылып, құнарынан айырылған аралдай жетімдік күйін кешті. Батыс, Еуропа, орыс, славян тектес ұлттардың әдебиеті мен өнері, соны жасаған тұлғалардың абыройын асырып, солардың өмірбаянын, шығармаларын оқыту мәртебе болды.

Түркі өркениетінің бір қай­нары Шығысты да ұмыттырды. Сол ке­зеңдегі Кеңес Одағында­ғы білім, ғылым ордаларының бар­­лы­ғында дерлік оқу, зерттеу бағ­дар­ламалары осы сарындас еді.

1970 жылы университет­ке тү­сіп, сабағымызды енді бас­та­ған тұста, бізге дейін бірнеше он­жылдықтар бойында көбесі сө­гіл­меген осы үрдіс өзгеріске түсіп, сең бұзыла бастағанына қуандық.

60-шы жылдардың басында қара шаңырақ ҚазМУ-де алған беті­нен қайтпайтын қайсар, қай­рат­кер ғалым, профессор Бей­сен­бай Кен­жебаев бастаған оның бір шо­ғыр шәкірттері осынау құ­нар­ға тү­рен сала бастаған екен. Алтын шы­ғатын көмбенің бағытын дәл аңға­рып, ізденушілерін жаңа, тың тақы­рыптарға бейімдейтін Бейсе­кең ең бір дарынды, талантты, ең­бек­­қор деген шәкірттерін ежелгі әде­­биетіміз бен руханиятымыздың тари­­хын зерттеуге жетектеп алып ке­­ліпті. Сол жас өркеннің ішінде Мыр­з­атай Жолдасбеков, Мұхтар Ма­­ғауин және Алма Қыраубаева болды.

Ұлық ұстаз, ғұлама ғалым Бейсен­бай Кенжебаевтың ықыла­сына бөленіп, батасын алған жас дарын Алма Мүтәліпқызы ұстаз­ының сенімін ақтады. Отыз жылға жуық туған әдебиетіміздің тағдырына, оның жүріп өткен сан ғасырлық тарихына арнап сүбе­лі еңбектер жазды. Алма Мүтә-­­­ ліп­қызының қаламынан осы жыл­дар ішінде жүздеген ғылы­ми-танымдық мақала, ондаған ғы­лыми-зерттеу монографиясы, оқулықтар мен оқу құралдары оқырман қолына тиді. Елуге жетер-жетпес қысқа ғана ғұмырында қыруар жұмыс атқарды.

Профессор Алма Мүтәліп­қы­зы­­ның қаламынан шыққан әрбір зерттеу еңбегі, танымдық-тағы­лымдық кітаптары, терең ойларды толғайтын, терең тебі­реністен тұратын туынды­лары әде­биеттанудағы, руханият­тануда­ғы құбылыс болатын. Ұстаздары да Зекеңнен (Қабдоловтан), Тұр­секеңнен (Кәкішевтен) бастап, барлығы осылай дегеніне өзім талай рет куә болдым.

Ал енді А.Қыраубаеваның осынау еңбектерінің тәрбиелік мәні, тағылымы бөлек әңгіме. Құ­нар­лы тілмен, төгілте баяндайтын стильді қаламына дарытқан оның шығармашылығы ешкімді қай­таламайтын. Әрбір жарық көрген еңбегі өзінің ғылыми, көр­кемдік сапасымен дараланып тұратын.

Профессор Алма Мүтәліп­қы­зының еңбектерінде түркілік рух және ұлттық құндылықтар құс жолындай сайрап жататын. Ең бастысы, тамырын мыңдаған жылдарға жіберген, ұзына тарихы бар, біздің заманға қаймағы бұзылмай жеткен рухани жәдігерлерімізді талдайтын зерттеулерінде қаламына қанат біткендей, жүрек түпкірінен ақтарыла сөйлейтін, жазуда ғана емес, сөйлегенде де шешен болатын.

Ұлы дала төсіндегі Еуразия көшпелілерінің уақыт пен кеңістік, халық пен тарих туралы таным түсінігі кемел болған. Осы концепцияны терең ұққан, танығандық­тан ғалым таңдап алған ұлы бағы­тынан айнымады. Профессор Алма Мүтәліпқызының ежелгі әдебиетіміздің қайнарларын ажы­ратып, олардың өркендеу кезең­деріне баға беріп, қыруар дерек көздерін алдыға тартып, бір жүйеге түсіріп, түсіндіретін зерттеу кітаптарын тұтастай шолып қарағанда бір артықшылықты аңғарамыз. Ол – зерттеушінің зердесі, ғұламалығы, дерексіз сөй­лемейтіндігі. Өз тақырыбына деген шексіз сүйіспеншілігі, көркем мәтінді, тарихи жәдігерлерді ылғи бірінші қатарда ұстап, тарихи-салыстырмалы әдіске табан тіреп отыратындығы. Қыруар тарихи деректердің, тарихи мәтіндердің ішінде адасып кетпей, солардың ең мәндісін, ең маңыздысын ажыратып айта алатындығы. Ғалымның осы қасиетін ерекше бөліп айтар едім. Енді осыған бірнеше мысалды дәйекке келтірейін.

Ғалымның 1988 жылы жарық көрген «Ғасырлар мұрасы» атты сүбелі еңбегінің алғы сөзінде зерт­теушінің тың тақырыпты қа­­лайша тереңнен қазып, кең ауқым­­да қарастыратынын бірден аңға­рамыз. Автор: «XII-XIV ға­сыр­­лар­да қазіргі Қазақстан, Орта Азия жер­лерінде, Еділ бойында түркі тілінде сөйлейтін көптеген ежел­гі тайпалар аралас өмір сүрді. Бұл кездерде түркі тайпалары әлі де жеке-жеке халық болып қа­лып­таспағандықтан, сол кезде олар жазып қалдырған әдеби ес­керткіштер қазіргі түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылады. XIII-XIV ғасыр ескерткіштері түркілік бастау­лары тереңде жатқан қазақ әде­бие­тіндегі ежелгі дәуірлердің бір ар­налы бұлағы. Оны алғаш профес­сор Б.Кенжебаев «Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебиеті» деп атап, бұл дәуір әдебиетінің түбегейлі зерттелуі керек екендігін қазақ әдебиеттану ғылымының алдына проблема етіп қойып бер­ген еді», деп өзінің ұлы ұста­зы­на ілтипатын білдірумен бір­ге, қазақ әдебиеті тарихының зерт­телмей жатқан мәселелерін те­рең тарихи ауқымда сөз етеді. Орта ғасырдан жеткен осынау құн­ды мұраларды зерттеу мақса­тын­да­ғы белгілі түркологтер В.Радлов, Н.Ильминский, П.М. Мелио­­ранский, А. Самойлович, В. Бартольд, С. Малов, Е. Бертельс, Н. Конрад, А.Щербак, А.Кононов, Э.Над­жип, Г.Тагирджанов, қазақ ға­лым­дары Мұхтар Әуезов, Әл­кей Марғұлан, Әуелбек Қоңы­рат­баев, Құлмат Өмірәлиев, Сәр­сен Аманжолов, Рахманқұл Бер­ді­баев, Әбжан Құрышжанов еңбек­теріне тоқталып өтеді. Славян ха­лық­тарының көне дәуірлердегі ­та­рихи-әдеби ескерткіштерін терең зерт­теген академик Дмит­рий Лиха­чевтің еңбектері мен мақала­ларына да табан тіреп отырады.

XIII-XIV ғасырлардағы түр­кі тілдес халықтар әдебиетін қа­рас­тырған бұл монографияда сол замандардағы түркілердің тарихи-әлеуметтік жағдайы, көр­кемдік дүниетанымы, сол тұс­та дүниеге келген прозалық, поэ­зиялық туындылардың поэ­ти­калық қуаты, өзіндік сипаты, «Рабғузи қиссалары», «Махаб­бат­­нама» ескерткіштерінің идея­лық-көркемдік ерекшеліктері, ежел­гі әдебиет дәстүрінің XIX-XX ға­сырлар басындағы қазақ әде­биетіндегі көрінісі талданады, қисса жанрының табиғаты, ішкі құрылымы жөнінде терең, тың пікірлер айтылады.

Сонымен бірге XIII-XIV ға­сыр­лардағы түркі әдебиеті мың­жыл­дықтар бойында арқауы үзілмей келе жатқан ұлы өркениеттің бірі ретінде ежелгі Шығыс поэзиясынан, жер жүзі мәдениетінің сол дәуірдегі дамуынан, қол жеткізген белестерінен бөлек, тұйық жатқан құбылыс емес, солармен тығыз байланыстағы дәстүрлі әдебиет екендігін тарата талдайды. Өзі зерттеп отырған дәуірдегі түркі әдебиеті – Алтын Орда мемлекеті туғызған, осы кеңістікте ғана жа­салған әдебиет емес, Сыр бойында, Хорезмде, Каспий маңында, Қара теңіз төңірегіндегі іргелі елдерде, Египетте, тағы да басқа тарихи мекендерде тіршілік кешкен түркі тілдес халықтар жазып қалдырған әдеби ескерткіштер екендігін, қыпшақ, оғыз сияқты ру-ұлыс тайпаларының ортақ мұрасы болып табылатынын сандаған дәйекпен дәлелдеп отырады.

Еңбектің тағы да бір құнды­лығы – XIII-XIV ғасырлардағы түркі әдебиеті Қайта өрлеу, шы­ғыстық Ренессанс құбылысы ре­тінде сөз болады. Бұл қазақ то­пы­рағында алғаш профессор Алма Қыраубаева айтқан жаңа ғы­лыми концепция. Ал енді IX-XII ғасырлардағы Ислам өрке­ниеті Еуропа Оянушылығын (Воз­рождение) әкелді дейді. Әлем­дік өркениеттің ең бір үлкен белесі Шығыс Ренассансы Орта Азияда Х ғасырда басталғаны, оның басында Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әл Бируни, Әл Хорезми еңбектері тұрғандығын кең ауқым­да баян­дап отырады. «Бұл дәуір­дегі көркем әдебиет негізінен екі түрлі. Біріншісі – аударма нази­ралық шығармалар: Құтбаның «Хұсрау уа Шырыны», Сәйф Са­рай­дың «Гүлістан», Әлидің «Қисса Жүсібі», Рабғузидің «Қисса –и-Рабғузи кітабы», Махмуд ибн Али­дің «Неһдж ул Фарадис» («Жұ­­­маққа апаратын жол»), Хусам Қатибтің «Жұм-жұма кітабы» т.б. Екіншісі – тың тума әдебиет. «Махаббатнама» деп түйіндейді. Рабғузи кітабында: Адам ата мен Хауа ананың жаратылуы, Олар­дың жұмақтан қуылуы, Ібілістің әрекеттері, Он сегіз мың ғаламның сыры, Діндердің пайда болуы, Пайғамбарлардың жер бетіне түсуі, Мұсылман сахабалар­дың ерліктері, махаббат, зұлым­дық, достық, қастық, надандық, т.б. тақырыптар көтерілген. Әсіресе адам-пенденің бойындағы аш­көздік, тойымсыздық, араны ашыл­ғандық, қанағат деген қасиет­тің жойылып кеткендігі айты­лады. Біздің ұлы бабаларымыз адам бойындағы осынау мерез мінездердің ХХІ ғасырда қайта асқынып кететінін көрегендікпен алдын-ала болжаған сияқты.

Ал енді «Қисса Жүсіп» тура­лы: «Рабғузи қиссаларында өлең ара­ласып жүреді. Олар кейде қара сөз­бен баяндалған оқиғаға қо­сымша болып, сол сәтте оқу­шыға аны­ғырақ, айқынырақ ұғын­­дыру үшін... керек болған. Біразы сюжетті өлеңдер. Рабғузи өлең­дері силлабикалық үлгімен жазыл­ған». Қарап отырсақ, Алма Мүтәліп­қызы орта ғасырлық әдеби мұра­лардың барлығынан түркілік қол­таңбаны, түркілік рухты, түркілік құндылықтарды анықтап отырады.

Еңбектің бірінші тарауы – «Уақыт бедері». XIII-XIV ғасыр­лардағы түркі тайпаларының тари­хи-әлеуметтік жағдайы, екінші тарауы – «Аударма – нәзира әдебиет. Рабғузи қиссалары», үшінші та­рауы – «Тыңтума әдебиет», «Ма­хаб­батнама», төртінші тарауы – «Ежелгі әдебиет дәстүрі», – деп аталады. Қосымша бөлімге М.Көкеев­тің «Гүлшат-Шеризат», Ә.Тә­ңір­­­бергеновтің «Қисса Зияда – Шаһмұрат», Ә.Найманбаевтың «Ер Шеризат», Т.Ізтілеуовтің «Сам палуан» атты шығармаларын берген. Іргелі монографияның ғылы­ми жаңалығы да, ішкі құрылымы­ның тұтастығы да ерекше назар аудартады. Әсіресе 500 жылдық тарихты шығыстық ғұламалар тағдырымен сабақтастыра сөз ете­тін тұстары ғалымның осы ке­зең әдебиетін, мәдениетін тұтас қарас­тыратынын, көп ізденгенін дәлелдейді.

Алма Мүтәліпқызы осынау өзі зерттеп отырған тақыры­бы­на қа­тысты қалам тербеген әлем­дік, одақтық деңгейдегі оқы­мыс­­­тыларды, бұрынғы және өзімен тұстас, замандас түрік, қазақ ғалымдарының бірде-біре­уі­нің еңбегін аттап өтпеген. Бар­лығының да жарияланған кі­таптары болсын, мақалалары бол­сын атын атап, түсін түстеп, айрықша құрмет көрсетіп отырады. Ғалымның ғылымға деген адалдығы, ішкі терең мәдениеті қазақ әдебиеттануындағы сирек ұшырасатын құбылыс деп бағалар едім. Ғалым осы қолтаңбасынан кейінгі жылдары жарық көрген еңбектерінде де ажыраған жоқ.

Профессор Алма Мүтәліп­қызы өз еңбектерінде тек Алтын Орда дәуіріндегі әде­биет­пен ғана шектеліп қалған жоқ. Ғұлама ғалымның шығарма­шы­лығындағы түбегейлі кешенді түрде қарастырылған өзекті тақы­рыптарының бірі – қисса-дастан жанрындағы туындылар болға­нын жақсы білеміз. Оның «Қисса жанрының өзіндік ерекшеліктері» (1985), «Абайдың поэмалары» (1985), «Махаббатнама» (1985), «Ғасырлар мұрасы» (1988), «Түркі әдебиеті» (1988), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997) атты зерттеу еңбектері осыған дәлел. Ғалым осынау құнарлы кітаптарында ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірлеріндегі және XIX ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысындағы эпостық әдеби жанр қисса-дастандардың генезисі, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік дәстүр жалғастығы, поэтикалық болмысы, ұлттық сипаты, тілдік-стильдік даралығы туралы тарихи деректерге сүйене отырып терең талдау арнасында қарастырды. Докторлық диссертациясы да осынау еңбектердің негізінде жазылды.

Тыңнан түрен салып, тосын ғылыми концепцияларды та­уып, ұсынып отыратын зерделі ға­лым сан ғасырлық исламдық, шы­­ғыстық, түркілік дүниетаным тұр­­ғысынан ой толғайтын қисса-дастандарымызды: «Мың бір түн­­нің» желісіне жазылған қис­са-дастандар; діни сюжеттер же­лісіне жазылған қисса-дастандар; «Шаһнама» желілеріне жақын келетін қисса-дастандар; Қытайда жарық көрген қисса-дастандар деп тарау-тарауға бөліп, жіліктеп, тақырыптық-сюжеттік арналарын негізге ала отырып қарастыра­ты­ны ойға қонымды. Бұл өзінің авторлық, ұлттық ұстанымдарын ашық айтуға, осыншама көл-көсір деректер мен туындыларды шашыратып алмай, тұжырымда­рын тиянақтап ұстап отыруына жол ашқан. Өзі анықтаған, көзін жеткізген қыруар көркем мәтіндерді әлемдік әдебиеттің контексінде бағалап отырады да, ұлттық таным биігінен олардың қазақ руханиятындағы орнына тоқталып өтеді.

Ал 1999 жылы жарық көр­ген «Ежелгі әдебиет» атты оқулы­ғын­да туған әдебиетіміздің сан ға­сыр­лық тарихын, жүріп өткен жо­лын кезең-кезеңге дәуірлеп зерт­теуді, зерделеуді ұсынады: 1. Зама­нымыздан бұрынғы аңыз-жыр­лары (сақ, ғұн, үйсін дәуірі. Б.з.б. VII ғ. – б.з. IV ғ.). 2. Тү­­рік қағанаты дәуіріндегі әдебиет (V-VIII ғ.). 3. Оғыз дәуіріндегі әде­биет (IX-X ғ.). 4. Ислам дәуіріндегі әде­биет (X-XII ғ.). Сыр бойы әде­биеті. Қарахан әдебиеті. 5. Ал­тын Орда дәуіріндегі әдебиет (XIII-XIV ғ.). Бұл классикалық жүйе­лердің үздік үлгісі. Ғалым осылай мыңжылдықтарды орап жатқан әдебиетімізді дәуір-дәуірге бөліп зерттеуді ұсынуында алдымен тарихи-өркениеттік өлшемді басшылыққа алған.

Профессор Алма Мүтәліп­қы­зының заманымыздан бұрынғы сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі фольклор және әдебиет нұсқаларын сөз етуі – қазақ әдебиеттануы үшін ғана емес, жалпы ұлттық рухания­тымыз үшін маңызы өте жоға­ры. Ғалымның осынау дүниелерді ұлттық құндылықтарымыз деп атап, бүгінгі қазақ руханиятының төріне шығаруы тегін емес. Осы мақсатты көздеп, орта мектепке арнап оқулық та жазды.

Біздің заманымыздан 1500 жыл бұрын ғұмыр кешкен скиф-сақтың көсемі Тарғытай туралы аңыздардың тарихи-поэтикалық сипатын айқындап, ондағы деректер арқылы скиф-сақтар мен қазақ тұрмыс, тіршілігінің арасындағы сабақтастықты дәлелдеуі ғалым еңбектерінің мәнін аша түскен.

Зерттеушінің б.з.б. VII-II ғ.ғ. Енесай мен Ертіс, Батыс Сібір, Алтай тауларын жайлаған, Дунай бойында, Ауғанстан мен Иран, Сирия, Түркия жерлерін мекендеген ежелгі түркі тайпалары, арғы бабаларымыз (прототүріктер) Көк Тәңіріне табынып, түрік жазуымен жазған, Түрік мемлекетін «Алып империяны» басқарған көсем, ержүрек батыр, әйгілі қолбасшы Алып-Ер Тоңға (Афра­сиян) туралы «Алып – Ер Тоңғыны жоқтау», б.з.б. V ғ. сақ патшасы Тұмар, б.з.б. VI ғ. Ширақ батыр, б.з.б. V ғ. сақ патшасы Зарина сұлу, б.з.б. 228-174 ж.ж. ғұндардың ханы Мөде батыр, б.з.б. V ғ. Мыңзықұлы Еділ (Атилла қа­ған) туралы фольклорлық мұра­ларды талдағанда сөз басына түр­кілік рухты ту етіп ұстап оты­ратындығы ғалымның бас­ты кредосы болды. Түркілік рух­ты қайта ояту үшін, бүгінгі мұра­гері біздердің жүрегімізге осы ұлы идеяны орнықтыру үшін Алма Мүтәліпқызы бел жазбай еңбек етті. Осыған бүкіл саналы ғұмырын арнады...

Қорыта айтқанда, Сырдария топырағынан тамыр тартып, туған әкесі Мүтәліп Қыраубайұлынан ақындық қонған, аса дарынды, түркітанушы ғалым, қаламгер, өнер иесі Алма апайымыздың қасиетті қаламынан біздерге қым­бат мұра қалды. Алдашбай, Тұр­мағамбет сияқты ахундар мен ақын­дарды, жыршы-термешілерді, Қорқыт, Хусам-аддин Сығнақи сын­­ды ғұлама ғалымдарды, Марал ишан сияқты дін қайраткер­ле­рін дүниеге әкелген Сыр елі, қасиет­ті Қызыл-Орда топырағы бүгін ­тебі­реніп жатқан шығар. Олай болса, қазақтың қайталанбас ға­лым ­қызы Алма Қыраубаеваның бүгін­гі ­75 жыл­дық белесі руханияты­­мыз үшін елеулі оқиға.

 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

филология ғылымдарының докторы