Нұргүл Пазылбекова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша М.Жұмабаев ауданы Бинаш ауылына 2019 жылы көшіп келген. Аудандық әкімдіктегілер мен көші-қонға жауапты құзырлы мекемелер онымен ілесе келген 7 отау иелерін құшақ жая қарсы алып, қал-қадерінше көмектескен. Екі дипломы бар Нұргүл орталау мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасқан.
Шыны керек, бастапқыда көңілі құлазып, жанын қоярға жер таппағандай күй кешкен. Оның алдынан көңілге қанат бітіретін жақсы істермен қатар ана тілімізге қатысты проблемалар сәт сайын дерлік атойлап шығып отырған. Солардың күрделісі әрі негізгісі – оқушы санының аздығы мәселесі тиянақты шешімін таппай, әлі күнге дейін ащы ішектей шұбатылып келеді. Олар үш жыл бұрын келгенде тоғыз жылдық мектепте 16 ғана бала қалып, есікке қара құлып ілінуге шақ қалған екен. Бүгінгі таңда оқушылардың саны 31-ге жеткенімен, жабылып қалу қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Өйткені қазіргі жағдай Оқу-ағарту министрлігінің 9 жылдық мектепте кемінде 41 оқушы болуға тиіс деген талабымен үйлеспейді. Осы себепті «әне жабылады, міне жабылады» деген қиқу төбелерінен кетер емес. Тығырықтан шығудың бір жолы, сырттан көшіп келуге ниет еткен ағайындардың қатарын молайту болғанымен, баспана және жұмыс жағы тапшы. Ауылдық округ әкімі мәселенің тігісін жатқызуға дәрменсіз, қауқарсыз.
«Табиғаты тамаша, ауасы таза, жері шұрайлы, 44 түтіні бар Бинашқа жіті көңіл бөлінсе, шекара беткейін де шегендеп, жыртығымызды бүтіндеп алған болар едік. Кезінде бұл ауыл осы аймаққа белгілі Биназар Битуғанұлы деген кісінің атымен аталыпты. Отызыншы жылдардағы қуын-сүргін кезінде «халық жауы» ретінде қуғындалған. Кейін елге оралып, «Бинаш» деген бүркеншік есіммен өмір сүрген. Тұлғаның атын ұлықтау жөнінде айтқанымда үлкендер жағы «Қызым-ау, бұл мәселені талай рет көтергенбіз. Деректерді жинастырып бергенбіз. Ауылдықтардың өтініштерін айта-айта әбден тауымыз шағылған», деп жауап бергенде жергілікті биліктің немқұрайдылығына не айтарымды білмедім», дейді Нұргүл әңгімені әріден орағытып.
Алдын кес-кестеп орағыта беретін кедергілерді кезіктіргенде кейде қолды бір сілтеп, кері көшіп кеткісі де келген. Бірақ жылт еткен бір үміт аяқ-қолды тұсаулап, алға қарай жетелеген. Қиындықтардың бәрін еңсереміз деген сенім бойын кернеген. Мектеп оқушылары сабаққа алғыр, өнерлі. 9-сыныпта оқитын бір оқушы облыстық байқауда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен екінші орынды, Абай оқуларына қатысқан бастауыш сынып оқушылары да екінші орын алған. «Әнші балапан» байқауына іріктеуге он оқушы барып, бесеуі келесі кезеңге өткен. Шағын мектептерді жапқаннан ешкімнің өрісі кеңімейді, керісінше, қаншама баланың обалына қалады. Жуырда аудандық әкімдіктің, құзырлы мекемелердің өкілдері келіп, тоғыз жылдық мектеп санатында болу үшін оқушылардың шекті саны кемі 41 болу керек. «Әйтпесе...», дегендей дөң-айбат көрсетіп кеткен. Мектеп жабылса, тұрғындар жаппай көшетінін, ауылдың қаңырап бос қалатынын, иесіз жер жау шақыратынын неге ойламайды?
Ауданда таза қазақ мектептері көп емес, саусақпен санарлықтай. Сартомарда, Қызыл Қазақстанда, Сұлушоқта, Бинашта және Булаево қаласында орналасқан. Бинаш орта мектебінің директоры Әлия Жексенбина мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қамқорлыққа қарамастан, жерсініп кете алмауы себепті 3 отбасының көшіп кеткенін жеткізді. Нысан 1973 жылы тұрғызылған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әлия Амантайқызы биыл мектептің жабылу-жабылмауы белгісіз екенін айтты. Ұжымда 32 адам еңбек етеді. Солақай шешім қабылданса, осынша адам тұрақты жұмысынан айырылып, ауылдан елдің үдере көшуіне себеп болмақ.
Аудандық білім бөлімі басшылығының айтуынша, бинаштықтар ғана емес, тоғыз мектеп қайта ықшамдауға ұшырауы мүмкін. Мәселе қалай шешіледі – облыстық білім басқармасының құзырында.
Аудан әкімінің орынбасары Азамат Шәріповтің пікірінше, ауылдық округтерде жұмыс істейтін шаруашылық жетекшілері де ауылдың дамуына мүдделі болуға тиіс. Осыдан біраз жыл бұрын Сұлушоқ тоғызжылдық мектебінде 25 оқушы ғана қалыпты. Жеке кәсіпкер Қайрат Жәнібеков күнгей жақтардан көшіп келген ағайындарға баспана тұрғызып берген. Сөйтіп, қоныстанушылардың арқасында оқушылардың саны жүзге жуықтап, қазір жаңа ғимарат салу, онбіржылдыққа айналдыру мәселесі пысықталуда. Кәсіпкер жаңа нысан тұрғызуға 20 млн теңге бөлмек. Осында 18 бала тәрбиелеп отырған патронат шаңырақ бар. Аққайың ауылдық округінде бір отбасы 5 баланы қамқорлығына алып, мектептің жабылуын сақтап қалған.
Нұргүл осы тәсілді қолдану арқылы патронат отбасы атанбақ болған игі талабының жүзеге аспай жүргеніне қынжылады.
«Қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда отбасы тәрбиесінің артықшылығын ескеріп, әрі мектепте оқушы санын көбейтсем деген оймен патронаттық отбасы құруды жөн көрдім. Ол үшін сертификат алу қажет екенін білгеннен кейін былтыр өтініш бердім. Мені Соколовка коррекциялық мектеп-интернатына бекітіп, үш ай бойы онлайн арқылы білімімді жетілдірдім. Орысша өте ауыр соқса да, барынша тырыстым. Сынақ сұрақтарына білгенімше жауап бердім. Светлана деген кураторым білімің жеткіліксіз деген желеумен сертификат беруден бас тартты. Қазақша оқып, тапсырғанда бұлай қиналмас едім», деді арманы таудай ұстаз шарасыздық кейіппен.
Біз сауалымызды осы мәселемен тікелей айналысатын «Ана үйі» қоғамдық қоры базасында құрылған Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттіктің жергілікті филиалының жетекшісі Қорлан Жайсеңбаеваға қойып, төмендегідей жауап алдық.
«Патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы шарт бойынша басқа азаматтардың отбасына тәрбиеге беру түрі. Бұл шарт баланы тәрбиелеп алуға ықылас білдірген адам /патронат тәрбиеші/ мен қорғаншылық және қамқоршылық органы арасында жасалады. Патронат тәрбиешілерге құқықтар мен міндеттер беріліп, соған орай жауапкершіліктер жүктеледі.
Біз Нұргүлдің жетім балаларға отбасылық тәрбие беру жөніндегі талабын қолдап, арнайы куратор белгілеген болатынбыз. Мемлекеттік тілді таңдаса, оған да жағдай жасар едік. Меніңше, екі тараптан түсінбеушілік орын алған тәрізді. Әлі де кеш емес. Жағдайды түзетуге болады. Менімен хабарласса, толық ақпаратқа қаныққаннан кейін оң шешімін табатын боламыз».
Осы ауданға қарасты Успенка ауылының тұрғындары да тоғызжылдық мектептің қысқаруына алаңдаулы. Оған себеп – тағы да оқушылардың аздығы.
Елді мекен тұрғыны Александра Листраткина «оқушылардың негізгі бөлігі жоғарғы сыныптарда оқиды, бастауышта өте аз. Олар оқуларын қайда жалғастырады?», деген сұраққа жауап таппай дал. Бір қызығы, шешім жыл басында қабылданған, бірақ ата-аналар да, мектеп ұжымы да одан хабарсыз қалған. Успенка орта мектебінің директоры Айнагүл Қалдыроваға аудан басшылығы ғимарат демеуші есебінен жөнделсе, тоғызжылдық мәртебе сақталуы мүмкін дегенді алға тартыпты. Әзірге Дмитрий Кнауб деген жергілікті кәсіпкер ғана көмек қолын созуға тілек білдіріпті. Оқу бөлімінің меңгерушісі Сара Рамазанованың пікірінше, 30 қызметкер мен 25 оқушыны бюджет есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Шағын орталық тәрбиеленушілері де мүлдем азайып кеткен. Үнемделген қаржы басқа білім беру мекемелерінің қажеттіліктеріне жұмсалмақ.
Сонда қалай, мектептердің жабылу-жабылмауы оқушылардың санына емес, демеушілердің қаржылық демеуіне тіреліп тұр ма?
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
М.Жұмабаев ауданы