• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2022

Кәмелетке толған мүгедектігі барларға көңіл бөлінсе...

279 рет
көрсетілді

Шымкентте мүгедектігі бар 18-ден асқан жастарды оңалтатын жалғыз мекеме бар. Бұл – Алмагүл Кенжетаева ашқан «Рахмет саған, Анашым!» мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының қоғамдық бірлестігі.

– 18 жастан асқан мүмкіндігі шек­теу­лі балаларға қызмет көрсететін ұйымды қи­налып жүріп әрең аштым. Өзімнің екі балам да мүгедек. Сондықтан олардың жанын ана ретінде менен артық ешкім түсінбес деп ойлаймын. Бүгінде қалада 18-ге дейінгі мүмкіндігі шектеулі бала­ларды оңалтатын мемлекеттік, жеке­мен­шік орталықтар жеткілікті. Ал 18-ден кейінгі мұндай орталықтар мүлдем жоқ. Осы күнге дейін қарастырылмаған. Жарайды, кішкентай кезінде мемлекеттің қамқорлығында болсын делік. Сонда бала 18-ден кейін не істемек? Мені осы ой қатты толғандыратын?! – дейді А.Кенжетаева.

Жаңа орталық ашуға көмек сұрап, тиісті мекемелердің табалдырығын 7 жыл бойы тоздырған Алмагүлдің жалғыз үміті – ересек балаларды оңалтатын орталық ашуда мемлекет тарапынан қандай да бір қолдауға ілігу еді. Алай­да түрлі кедергі кесе-көлденең шы­ға беріп, ісі нәтижесіз аяқталады. Со­дан кейін өзіне ғана сену керегін түсі­ніп, әрекет жасайды. Көпқабатты үйдегі пәтерін сатылымға қояды. Бір жағынан шағын ғимаратты жалға алып тұрады. Жолы болып, сатылымға қойған пәтерінің саудасына түскен ақшаға жер үй сатып алады. Кейін оны шағын ғана оңалту орталығына лайықтап өзгер­те­ді. Алмагүл былтыр 12 мүгедек жанды тәрбиесіне алса, биыл 20 бала қам­қор­лы­ғында.

«Ешкімге керек болмай қалған ба­ла­лардың төрт қабырғаға телміріп отыр­ғанын көргім келмейді. Жүрегім ауы­рады. Қоларбаға телініп, өлместің күнін кешкен балаларға қарап, қалай жаның ашымайды?! Қай жерге көмек сұрап барсақ та, айтатын сөздері біреу ғана: бала 18-ге толып қойған дейді. Сонда 18-ден асқан соң аяғынан тұрып жүріп кететіндей. Қазір маған да оңай соғып отырған жоқ. Барлық шығынды өз қалтамнан өтеуіме тура келеді. Мен сауапты іс жасап жатырмын. Сондықтан бұл бастамама еш өкінбеймін. Ендігі жерде менің жобамды демеп жіберетін бір көмек болса», дейді А.Кенжетаева.

Қоғамдық бірлестік төрайымы өз үйінің ауласында І және ІІ топ мүгедектігі бар жастарды еңбекке баулумен айналысады. Көпшілігі жұмыс істеуге деген қабілетінің барын көрсетуде. Ал еңбекке мүлдем жарамайтындары айналасында достары, тілеулестері бар екенін сезініп, психологиялық қолдау, демеу табуда. Сол арқылы күн сайын үйлеріне көңіл күйлері көтеріліп қайтады. Сондай-ақ А.Кенжетаева елімізде бірінші болып инватуризм бастамасын қолға алып отыр. Сол бастамамен ата-аналармен бірге балаларды кинопаркке қыдыртып, түрлі атракционда ойнатып, Біркөлік шатқалында демалып қайтқан.

«Ендігі мақсатым – жергілікті әкімдік жәрдем беріп жатса, 100 орындық арнайы оңалту орталығын ашсам ба деймін. Жеке кәсіпкерлерге рахмет. Өтінішімізді жерге тастамай, қолдан келгенше көмек беріп жатыр. 2017 жылы екі мүгедек баламмен республикалық телеарнаның бағдарламасына қатысқан жайым бар. Сол хабарды елімізге белгілі айтыскер-ақын жүргізген еді. Біздің халіміздің қандай екенін көріп жаны ашып, жаңа «Газель» автокөлігін сыйлаған. Сол көлік бүгінде қажетімізге жарап тұр. Жалпы, 18-ге дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық елімізде қарастырылған. Қаншама мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылар мемлекеттік бағдарламамен үй алып жатыр. Жәрдемақы да төленеді. Тіпті балалардың жәрдемақысына жан бағып отырған отбасылар да бар. Енді кәме­лет­тік жастан асқан мүгедектігі бар бала­ларға көңіл бөлетін кез келді. Осы жанай­қайымызды жергілікті билік естісе екен», дейді қамқор ана.

Рас, қазір мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасыларда бір адам бала күтіміне байланған. Күндіз-түні соның жағдайын жасаумен уақытын өткізеді. Осындайда ата-аналардың шаршайтыны белгілі. Өйткені олар да пенде ғой. Ал Алмагүл Кенжетаева ашқандай, ересектерге арналған оңалту орталықтары ата-аналардың аз да болса демалуына, қолдарының босауына мүмкіндік берер еді. Бірақ әзірге бұл мәселе билік пен қоғам тарапынан үлкен қозғалысты күтіп отыр.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,

«Egemen Qazaqstan»

 

ШЫМКЕНТ