Президент тапсырмасына сай «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске асырылуда. Бірінші кезекте балалардың, жастардың денсаулығына көңіл бөлінеді, шалғай елді мекендердегі медицина әлеуетін көтеруге күш салынады. Осы орайда аурудың алдын алу, скринингтік тексерулер жүргізу сынды жұмыстар қолға алынбақ. Сондай-ақ жастардың денсаулық күтімін жақсартуға байланысты арнайы орталықтар ашу жоспарда тұр. Шымкентте жаңадан 200 орынды заманауи перинаталдық орталық және университет клиникасы бой көтереді.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қала әкімдігінің залында жұртшылықпен және азаматтық сектор белсенділерімен кездесуінде осындай жағымды жаңалықтарды жеткізді. Алты айдағы жұмысын қорытындылаған министр өлім-жітім республика көлемінде 10 пайызға төмендегенін айтты. Денсаулық сақтау министрінің сапары алдымен қалалық перзентхана, №4 емхана және «Шымкент жүрек орталығы» жұмысымен танысудан басталды. Қалалық перзентханада бірінші жартыжылдықта 5 856 бала дүниеге келген. Босандыру ұйымында бес бөлімше бар.
«Мемлекет басшысы жақында ана мен баланы қорғау саласындағы проблемаларды дереу шешуді талап ететінін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі кез келген сараптамалық және әдіснамалық қолдау көрсетуге дайын, босануға арналған тарифтер қайта қаралуда, нормативтік-құқықтық база жетілдірілуде», деді А.Ғиният перзентхана ұжымымен кездесуде.
Сондай-ақ акушер-гинекологтердің, неонатологтердің, реаниматологтердің және осы бағыттағы басқа да мамандардың жалақысын арттыру бөлігінде елеулі шаралар қабылдануда, дәрігерлерді шетелде оқыту мен тағылымдамадан өткізу тұрақты негізде жүргізілуде. Босандыру қызметі жұмысының тиімділігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан тозған ғимараттарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіп, материалдық-техникалық жарақтандырудың лайықты деңгейін қамтамасыз етуі, перинаталдық орталықтар мен перзентханаларға білікті кадрларды тарту үшін жағдай жасауы қажет. Босандыру және балалық шақ қызметінің біріктірілген үш деңгейлі моделін енгізудің нәтижесінде, шала туған балаларды күтімге алып, созылмалы аурулары бар әйелдерді сәтті босануға дейін жеткізіп, неонаталдық кезеңде патологияларды уақтылы анықтауға қол жеткізілді.
«Бала туудың жоғары өсуі дәстүрлі түрде елдің оңтүстік өңірлеріне тән. Сондықтан бұл жерде ауыл халқының көп мөлшерін ескере отырып, бала көтеруден бастап әйелдерді босанғаннан кейінгі оңалтуға дейін медициналық көмектің барлық кешенін көрсету үшін жағдай жасау өте маңызды», деді А.Ғиният.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполисте ана өлімі 15 пайызға төмендеген. Дегенмен биылғы 5 айда нәрестелердің өлім-жітімі 11 пайызға артқан.
«Оның негізгі себептері – перинаталды кезеңде пайда болатын жағдайлар, туа біткен ақаулар және жұқпалы аурулар. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар егжей-тегжейлі талдау жұмыстарын жүргізіп, бастапқы санитарлық медициналық көмек жұмысын күшейтуге, инфрақұрылымды дамытуға, босандыру және балалар қызметіне қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жарақтандыруға, кадрлар тартуға және оқытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдауы қажет», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында министр №4 қалалық емханада болды. Емхана 30 педиатриялық және терапиялық учаскелерде бастапқы медициналық көмек алатын 39 мың тіркелген халыққа қызмет көрсетеді. Емхана басшылығымен кездесу барысында медициналық көмек сапасына әсер ететін кадрлар тапшылығымен қатар, медициналық жабдықтардың 64%-ы және негізгі құралдардың 53 %-ының тозуы басты проблемалардың бірі болып отырғаны айтылды. Министр жергілікті атқарушы органдардың назарын аталған проблемаларды дереу шешуге аударды, халық бастапқы буын деңгейінде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуге тиіс екенін атап өтті. Ал 158 орынды қалалық жүрек орталығында биылдың 6 айында былтырғы кезеңмен салыстырғанда қан айналымы жүйесі аурулары 11 пайызға, жедел инфаркт жағдайларының көрсеткіштері 13 пайызға өскеніне назар аударды.
«Шымкентте мықты кардиологиялық орталық құрылған. Жоғары дәрежелі операциялар жасалып жатыр. Жақсы мамандар жұмыс істейді. Мұның бәрін көріп отырмын. Бірақ қалада қан айналымы жүйесі ауруларының, жүрек-қан тамыры дертіне байланысты шұғыл өтініштердің 70 пайызға артқаны алаңдатады. Бұл айналып келгенде жүрек патологиясы бар диспансерлік науқастар арасында алдын алу жұмыстарының нашар жүргізілгенін білдіреді», деді еліміздің бас дәрігері.
Қала әкімдігінің залында өткен кездесуде үшінші мегаполис тұрғындары еліміздің әр азаматын сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерден хабардар болды. Бастапқы буын ұйымдарындағы медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрі-дәрмек саясатын жетілдіру, саланы кадрлық қамтамасыз ету, медициналық көмекті қаржыландыруды ұлғайту, ана мен баланы қорғау сияқты басым бағыттарға назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін халықтың қалың жігіне оның барынша ұтқырлығы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.
Республика бойынша 2025 жылға қарай медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 500 нысанын салу жоспарланған. Ал Шымкент қаласында бүгінде 76 МСАК нысаны халыққа қызмет көрсетеді, 2025 жылға дейін тағы 15 нысанның құрылысы мен ашылуы жоспарлануда. Жалпы, практика дәрігерінің жолдамасынсыз арнайы мамандарға қол жеткізу мүмкіндігі қаралуда. Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «жасыл дәліз» енгізілген, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алып, тексеріледі. Сонымен бірге жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім-жітім 30 пайыздан асып тұр. Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаментінің, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысы үйлесім табуы қажет. Яғни алғашқы медициналық-санитарлық көмек күшейтіледі.
Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін кеңейту және қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде қаланың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін амбулаторлық деңгейде 10,1 млрд теңгеден астам сомаға, стационарлық көмек үшін 6,1 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алынды. Ана мен бала денсаулығы мәселелеріне баса назар аудара отырып, министр өткен жылы ел тәуелсіздігінің тарихында 450 мыңнан астам бала туғанын, оның ішінде Шымкент қаласында 33 мыңнан астам бала туғанын еске салды. Былтырдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды, онда 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7 мың квота бөлу көзделген, оның ішінде Шымкент қаласына 400-ден астам квота бөлінген. Мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, 41 әйел жүкті болса, 90 отбасы нәресте сүю бақытына ие болды. Кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне қатысты жыл сайын анағұрлым сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша білім беру гранттарының саны артады. 2025 жылға қарай республикалық бюджет есебінен гранттар саны 2000-ға дейін және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1500-ден астам грант ұлғайтылады. Медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Шымкент қаласына 2022 жылы резидентураның 6 мамандығы бойынша 87 білім беру гранты бөлінді.
Бүгінде мегаполистің денсаулық сақтау жүйесінде 4 964 штаттық бірлік жұмыс істейді, оның ішінде 3,5 мың тәжірибелі дәрігер бар. Бұл ретте дәрігер кадрлардың тапшылығы 185 штаттық бірлікті құрайды. Кездесуде қала тұрғындары мен қоғамдық белсенділер министрге қала емханаларындағы арнайы мамандарға қол жеткізу, балаларды емдеу, ақпараттық жүйелердің жұмысы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар өзекті мәселені жеткізді.
«Денсаулық сақтау жүйесіндегі белгілі жетістіктермен қатар, бірлескен күш-жігермен шешуді қажет ететін міндеттер де бар. Біз қоғамдағы медиктер рөлінің маңыздылығын түсінуге, өз денсаулығымыз үшін ортақ жауапкершілікті танытуға, сол арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға тиіспіз», деді А.Ғиният.
Сондай-ақ министр тұрғындарды екі сағат бойы жеке қабылдады. Ал жұмыс сапарын қорытындылаған баспасөз конференциясында Шымкенттен онкологиялық ауруларды ерте анықтауда теңдесі жоқ тәсіл саналатын ПЭТ орталығын іске қосу үшін оны тиісті препаратпен қамтамасыз етуге шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлім етті.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ