Мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер қолға алынып жатқан тұста мұндай сұрақтың туындауы заңды секілді. Өмір тоқтамас, адамзат жаңарар деген бар емес пе? Ендеше, «заманнан заман туар неше түрлі» дегенді де ескерген жөн. Тек замана жылдан-жылға сұм болмаса екен деп тілейік. Заманды жаратылыс билейтіндіктен, адамдар тұрмыс құрсауына түсіп, жұрт өмірдің дұрыс-бұрыстығын түсінуге шамасы келмей, азап шегіп, азып-тозу, өкінішке қарай, үйреншікті өмір құбылысына айналып барады. Тіптен өмірде өзінің даңғыл жолын таба алмағандар түбінде шешуі жоқ, шегі жоқ үрейге душар болады. Осындайда мінез бен ақыл жараса алмай, адамгершілік ұтылып, азаматтардың мінез-құлқының міні рухани кеселге ұшырап отыр. Ал мұндай ахуалдың қалыптасуы Қазақстанның тәуелсіздігі мен оның мемлекеттілігінің орнығып, нығаюына кедергі жасары анық.
Сондықтан ұлы өзгерістер заманы мен қауіп-қатерлерге толы мына әлемде қазақстандық қоғамда болып жатқан жағымсыз құбылыстарға жіті көңіл бөлген дұрыс. Сол арқылы адам ішіндегі аласын көретіндей етіп, Жаңа Қазақстан азаматтарының дана Абай айтқан «Бес нәрседен қашық бол...» дегенін бүгінгі күннің биігінен ой елегінен қайта өткізіп, оған терең үңілгендері қажет-ақ. Бұл жаһанданған құбылмалы заманның трагедиясы сол, ол адамдардың санасына кері әсер етіп, жаманшылықты көбейту арқылы оны бүлдіреді. Өйткені ант, серт, адалдық, ұят бір тоқтаусыз кетіп, иман сақталмай, адам азғындыққа ұшырауда. Бұлардың барлығы талапсыздық, жігерсіздік, кедейлікпен қоса еріншектіктен шығады. Сөйтіп, адам бойындағы тазалықтың қалдықтары балалықпен бірге өлгендей сезім пайда болады. Мұндай жағдайда мінездің беріктігі бұзылып, ой таза болудан қалып, адам баласын қор қылатын надандық, еріншектік, залымдық күш алатын күн туады. Бақастық күншілдікті зорайтып, адамгершілік азаяды.
Осылайша, пейіл кеткен, ант атқан уақыттың тууының салдарынан уайымсыздық, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, қайғыға салыну, құмарға берілу сияқты ой кеселдері пайда болып, нәпсінің осы қу мінезін тіл де үйрене бастағандай. Арын сатқан антұрғандардың айтқан сөздері көбейіп, түзелместер түзу сөзге сенбейтіндей әдет шықты. Кейбіреулер «көпшілік» айтты екен деп көне салуға әдеттенген надан адамдардың қатары өсті. «Қусың» десе, қуанатындар шығып, бұл күндері ақылды, арлы, ақпейіл деп ешкімді көп мақтамайтын заман туып отыр. Есесіне, ұйқылы-ояу ұқпай жатып жалығатын, өзі үлкен болса да, ақылы – бала-шаға адамдардың саны көбеюде.
Әрине, қайғысыз пенде болмайды. Қат-қабат қайғы келгенде, адамның қаңғырып қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Адамды тығырыққа тірелген кезде қай-қайдағы бір арсыздар арсыз сөз қыдыртып, жұртты құтыртуға құмарлана бастайды. Арсыз болмай, атақ жоқтай жағдай туындайды. Қиянатшыл дүниеден адамның жүрегі қырық жамау болып, кейде олардың тәні ауырмаса да, жаны ауырып, іші өлген, сырты сау күй кешеді. Осындайда адамдардың ішкі күйзелісін жеңілдетіп, қорлықтан арылтатын өлімнің барлығы туралы шындық қана оларға «демеу» болатын сияқты.
Сондықтан адам бойындағы оң энергияға теріс әсер ететін әрекеттер бүгінгі өмірде жиі кездеседі. Олар адамның психикасы мен ішкі әлеміне, оның болмыстық қалпына тікелей ықпал етіп, жаңа заман азаматтарын тәрбиелеуге кедергі келтіретін «әдет» қалыптастыруы мүмкін. Мәселен, кейбір адамдарда өзін қабылдамау сияқты мәселелер кездеседі. Бұл адамның өзін танып-білуге тырыспайтынының дәлелі және оның өмірінде ешқандай мағынаның қалмағанының көрсеткіші. Ондай адам өзіне шын көзбен қарай алмайды. Ондай кісі бірдеңе жасауға дәрменсіз келеді. Оның өмірі, керісінше, тек бәрін қиратып, талқандау мен басқаларды сынаудан ғана тұрады. Мұндай адамдардың өмірінің мәні басқа адамдардың әрекеттері мен өмірі бола бастайды. Басқаларды ренжіту немесе қорлау, олардың жұмысын құнсыздандыру мен мазақтауға жол беру арқылы олар өзін «нәрлендіруге» тырысады. Бұл жойқын энергия адамның өсуіне, күш жинақтап, бақытқа жетуіне мүмкіндік бермесі айтпаса да түсінікті.
Адамға теріс әсер ететін әрекеттердің қатарына оның өз бағасын түсіруін жатқызуға болады. Мұндайда адамға өзін-өзі шамадан тыс сынау да кедергі келтіреді. Сонымен қатар ішкі «сыншының» шамадан тыс назары адамның өзін-өзі бағалауына нұқсан келтіріп, өз бойындағы қабілеттеріне күмән келтіретінін естен шығармаған жөн. Ол өзінің күші мен қабілетіне, дағдылары мен мүмкіндіктеріне сенбей, өзі туралы мәлімдеп, өзінің жеке шекараларын белгілеуден қорқатынды шығарады. Бұның бәрін адам іштей күйзеліп, ауыр азап шегу арқылы басынан өткереді. Бұл адамдар, тіптен, өзі болудан қалатынға ұқсайды. Олар қорқақтық пен ездіктің құлдықтың ең жаман түріне жататындығын және адамның үмітін үзетін қорқақ ой екеніне де мән бермейді. Ол біреудің «терісін» жамылып өмір сүріп, басқаның рөлін ойнап, өзін жасырғысы келеді. Себебі мұндай адам өз өмірімен өмір сүрмейді, өз ісімен айналыспайды және теріс пейілдегі адамдардың арасында қалып қою арқылы өн бойындағы энергия ағынын тежейді. Осыдан барып адам бойындағы көп қуатынан айырылып, өзін әлсіретіп, өмірге үнемі көңілі толмайтындай күй кеше бастайды. Бұл басқа адамдардың сәттілігі мен жеңістерін, олардың пікірлері мен өмірін мүлдем қабылдай алмауға әкеліп соғады. Ендеше, күншілдік адамды одан да бетер зұлымдыққа итермелей береді. Дәл осындай қызғаныш пен ашу-ызаның ұстамасы кезінде ол қолында барының бәрінен – күш-қуаты мен дүниенің жарығынан жұрдай болады. Бұлардың бойында ата-ананы кінәлау, оларға деген ашу мен реніш сезімдері де басым келеді.
Қорқақ, күншіл адамдарда дамудың болмайтындығы айтпаса да түсінікті. Өйткені мұндай адамдар белгілі бір сәтте өздерін өмірдің білгірімін деп жариялап, өзін-өзі дамытудан бас тартады және өмірінің қалған бөлігін бір қарқын мен сарындағы оқиғалармен өткізуге тырысады. Осыған байланысты ол өзгерісті қабылдай алмайды, әр жаңалықтан шошып, болмашы өзгерістен қорқа бастайды. Ал тоқтамай ағып жатқан өмір болса, әртүрлі көл-көсір оқиғалар мен шытырман жағдаяттарға толы келеді. Өмір адамның ыңғайына қарай бейімделіп, сен тоқта деген жерінде ешқашан тоқтамайды. Сондықтан жоғарыда айтылған адам бойындағы пенделік қасиеттер мұнымен шектелмейді. Олардың қатарына айыптау мен қабылдамауды, әдепсіз сөйлеп, боқауыздыққа бару, ішімдік пен нашақорлықты қоспақ керек. Бұлар адамның санасын бұлдыратып, оны улайды және өшіреді. Сөйтіп, оны ұжымдық сананың қалдықтары жиналатын төменгі қоқыстық қабаттарына лақтырып тастай салады.
Ендеше, дене мен денсаулыққа немқұрайды қарауға жол беруге болмайды. Өйткені кез келген дене молекулалар мен атомдардан тұрады. Атомдар үздіксіз қозғалады, ал физика заңдарына сәйкес бұл белгілі бір тербелістерді тудырады. Бұл процесс бір реттік емес, тұрақты және біз байқамайтын жиіліктерде жүреді. Адам ағзасында тербелістер молекулалар мен массалардың қозғалуынан пайда болады: жүрек соғып, қан ағады, бұлшықеттер жиырылады. Адам бойындағы тербеліс немесе діріл жиілігі эмоциялар мен ойларға тікелей байланысты.
Мысалы, жүректің қорқыныштан «қысылатыны», ал қуаныштан, керісінше, жиі соғатыны белгілі. Эмоциялар біздің денеміздегі белгілі бір бұлшық еттерді қысып, тербелістерді бейсаналық түрде қоздырады. Егер ойлар жағымды болса, онда денсаулық жақсы болады. Ал қара ниетті, теріс ойлар, керісінше, денені әлсіретеді, оны қуатынан айырады. Энергияның әлсіреуінен адам сыртқы әсерлердің ықпалы арқылы ауруларға оңай шалдығады. Өйткені ұқсас ұқсасқа тартылады. Сондықтан жай өсектен бастап ең төменгі лас ақпараттарға толы жағымсыз жаңалықтар ағыны шынайы құндылықтарды бұрмаланған алдамшы дүниелермен алмастыра отырып, адамдарды зомбиге айналдырады. Теріс энергиямен әбден қаныққан мұндай ақпараттар кісінің жан дүниесінде қорқыныш тудырып, оны есеңгіретіп, адамның оң энергиясын жұтады. Ол қоғамда үрей тудырып, оны басқаларға таңып, адамдарды осыған мойынсұндырады.
Олай болса, жаһандану заманында адам теледидар мен интернет арқылы келетін кез келген ақпаратты қабылдамас бұрын оны сүзіп, ой елегінен өткізгені дұрыс. Сонда адамның бойындағы қуаты тазарып, күшейіп, оның кеудесінде сенімділік, жайбарақаттық сезімін тудырып, ол жадыраңқы өмір сүруге бағдарланады. Осындай жақсы энергияны адам тек өзінде ғана емес, үйінде, қоғамдық қатынастарда сақтаса, оң болар еді. Себебі өмірде жақсыға назар аудару мен оны басқалармен бөлісудің маңызы өте зор. Егер адам жақсылықты қолдаған кезде, ол міндетті түрде бұл қуатын қуанышқа бағыттары сөзсіз. Өйткені адам бойындағы осы қуаты – адамның назарының шоғырлануының көрсеткіші. Екінші сөзбен айтқанда, кісінің назары қайда бағытталса, оның энергиясы сонда кетеді. Адам бойындағы бұл тербелісті энергия ретінде сыртқа да жібереді, сонымен қатар магнит сияқты оны өзіне де тарта алады. Бұл арқылы адам өмірлік тәжірибе жинақтайды. Осы энергетикалық құбылысты түсіну арқылы адам өз өмірін жақсартып, бақытқа бөлене алады. Адам бойындағы тербелістің деңгейі жоғары болған кезде оның өмірі жағымды оқиғаларға толып, оңай және бірқалыпты өтеді. Ал төмен тербелістер болса, адамға тек оны қинайтын нәрселерді тартады, оған ұнамайтынның бәрін көрсетеді. Мұндайда кісі үнемі көңілі қалған және қанағаттанбаған адамға айналады. Адамдағы тербелістің осылай төмендеуі қорқыныш, ашу, қызғаныш, ашкөздік, немқұрайдылық, үмітсіздік және бір нәрсеге қызығушылықты жоғалту және ауру сияқты жағымсыз эмоциялармен байланысты келеді. Осының салдарынан адамның төңірегінде тұйық шеңбер сызылып, одан шығу қиындайды. Мұндай жағымсыз жағдайдың ағымы адам өміріндегі қасіретті еселей түседі.
Демек адам өзін қоршаған табиғат пен айналасындағы қоғам мүшелерімен бірлік сезімінде болғанда ғана ол оған таусылмайтын энергия көзі ретінде қуат бере бастайды. Яғни адам оң ойлар мен эмоцияларға бейімделген кезде ғана саналы және бақытты өмір сүре алады. Ақыл-ой мен физикалық дененің бір-бірімен тығыз байланыстылығын түсіну арқылы ғана адам жоғарыда айтылған сырттан келетін барлық ақпаратты басқаруға қол жеткізіп, назарын жақсыға бағдарлайды. Адам бойындағы ішкі тепе-теңдік пен тыныштыққа қол жеткізген кезде денсаулығын да жақсарта алады.
Ол үшін адам өзінің назарын саналы түрде жағымды нәрсеге аударып, оны қинайтын емес, керісінше, оған қуаныш сыйлайтын нәрсені жасауы керек. Егер азамат үнемі теріс сценарийді немесе басындағы ақыл-ой диалогын жүйелі түрде жүргізе берумен әуестенсе, онда теріс ойлар адамға кері әсер етеді. Яғни адам айналасындағы күмән, сын, өзі мен басқаларды айыптау сияқты жағымсыз қылықтар күшейеді. Осыдан адам жағымды нәрсе туралы ойлау түгіл, ол әрекет жасауға қабілетсіз болып қалады. Өйткені адамның ойлары оның мінез-құлқын басқарудың тізгінін өз қолына алады. Себебі бұл ойлар адамның айналасындағы әлемі мен өміріндегі оқиғалардың 90%-ын жасайтын көрінеді. Демек ойлар іс жүзінде кісінің физикалық денесі мен жанын қалыптастырады және нәрлендіреді екен. Әрине, адам өз басында осындай ойлардың пайда болуына тыйым сала алмайды, бірақ онда қандай ойдың қалатындығын таңдауға оның қауқары мен мүмкіндіктері баршылық.
Сонымен адам өз өмірінің ішкі мәнін ашқан сайын, ол бір нәрсені жоғалтары сөзсіз. Ыңғайлы, таныс нәрсені жоғалту ол әрқашан қорқыныш пен махаббат арасында таңдау жасаумен байланысты болып тұрады. Өйткені өткен мен болашақты таңдау үдерісі оңай емес. Осыған қарамастан, адамға ешбір жағдайда өз дамуын тоқтатуына болмайды. Керісінше, ол ойлау, өткен тәжірибені талдау, жаңа қабілеттерді іздеу, бар дағдылары мен таланттарын жаңғырту және т.б. арқылы өзін-өзі жетілдіруі керек. Сонда ғана қорқыныш адамның махаббатты таңдап, өмірді қабылдауына жол беріп, қоғамда ар түсінігі мен мәселесіне нақты көңіл бөліне бастайтын болады. Арлану да ақылдының ісі екенін және адасқанның алды жөн, арты – соқпақ болатындығын ұғынатын жағдай туады. Ісі арамның түбінде жеңілерін, асауға да ноқтаның табылары айқын бола бастайды. Бұлардың бәрі «көкірегі сезімді, көңілі ойлыға анық көрініп», аққа тартқан түбінде жөнге қайтатын кез де келіп, арлы адамның үміті ақталып, ісі оңынан басатыны анық. Олай болса, жаңа дәуірдің туғандығын ескеріп, нағыз егеменді Жаңа Қазақстанды құруға ұмтылатын, еліне жаны ашитын және бірлігі мен тірлігі жарасқан азаматтары мен азаматтық жауапкершілігі бар қоғам ғана ұлттық даму жолына түсе алады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері