• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2022

Мұқан және оның туған топырағы

629 рет
көрсетілді

Қазақтың тұңғыш кәсіби композиторы, халқымыздың бір туар дарынды перзенті туралы аз жазылған жоқ. Академик Ахмет Жұбановтың, композитор Евгений Брусиловскийдің жазбалары мен ғылым кандидаты Нұрғиан Сәлімқызы Кетегенованың монографиясын атаса да жеткілікті.

Біз бұл еңбегімізде жоғарыда аталған ғалымдардың қаламына ілінбей қалған кейбір жайларды баяндауды мақсат еттік.

Мұқан Төлебаев қазіргі Алматы облы­сының бұрынғы Бөрілітөбе ауданында, Лепсі өзенінің Көкше теңізге (Балқаш көлі) құяр тұсындағы Шұбартүбек деген жерде 1913 жылдың 13 наурызында дүниеге келіп­ті. Әкесі Төлебай Үйсімбайұлы (1861-1933) біртоға, момын адам болса керек. Мұқан­ның кенже інісі Әбілмәжіннің: «әкеміз қарапайым, ақылды, ешкімді жатсынбайтын кеңпейіл, мейірімді адам еді» деген сөздері бар. Бұл – осы жолдардың авторы Әбілмәжінмен талай кездесіп, оның үйінде болып, көп әңгімелескенде айтқаны еді.

Мұқанның анасы Тәжібала (1888-1972) Найманның Садыр бұтағынан тараған Етектегі Ерші (ел ішінде Лепсі өзенінің бас жағындағы, тау бөктеріндегі Ершілерді – Өрдегі Ерші, ал сол өзеннің Балқашқа құяр тұсындағы Ершілерді Етектегі Ерші деген) Ақшал деген адамның бәйбішесінен туған алты қыздың үлкені екен. Тәжібаланың сіңлісі Күріштің баласы Төреғали Усанов: «есімді біле бастаған кезімде Күріш шешем: «әкем ақын еді, әнді де өте жақсы айтатын, дауысы да сондай адамға жағымды еді. Менің өнерге бейімділігім де әкемнен қонған» деп айтып отыратын еді» дейді.

«Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, ұлдың жақсы болмағы – нағашыдан» деп қазақ бекер айтпаса керек. Мұқанның нағашы жұрты өнерлі екен. Оның анасы Тәжібала нағыз «от ауызды, орақ тілді» ақын болған деседі. Ақын деген атағы біраз жерге жетсе керек. Жетісудың сөз­ге жүй­рік ақындарының бірі Қуат Тері­баевтың: «...Тәжібала деген ақын әйел бар... Азу тісі балғадай, жалын жалап, от шайнаған ақын. Қарапайым қазақ әйелінің одан асқан тапқырлығын, одан өткен сөзге жүйрік дүлдүлін өзім көрген де, естіген де емеспін» деген сөздері бұған дәлел.

Ақын Мәриям Хакімжанованың: «...Ілияс Жансүгіров ағайдың аузынан бел­гілі ақын Тастанбекқызы Сарамен қатар Жетісу бойындағы Тәжібала деген бір ақын әйелдің есімін естігенім бар-ды» де­ген сөзіне қарағанда Тәжібаланы Ілияс та біл­ген, бағалаған. Ендеше, Тәжібала сол өңір­дегі ақындармен талай айтысқа түскен бо­луы мүмкін. Алайда ондай деректер, айтыс­­тардың мәтіндері сақталмаған. Де­ген­­мен оның суырып салып айтқан өлең­де­рі­нің кейбір шумақтары ел аузында қал­ған.

Момын шаруа Төлебай кеш үйленіпті. Үйленгеннен кейін де балалары тұрмай, бір жас нәрестені сағынып, аңсап жүрген кезде Мұқан туыпты. Содан Төлебай да, Тәжібала да тұңғыштарын ерекше жақсы көріпті. Мұқан туарда Тәжібала түс көріп­ті деген аңыз бар. Түсінде Тәжібала бір құс­ты ұстап алыпты. Еркіндікке үйрен­ген құс емес пе? Қанатымен сабалап, Тәжібаланың қолынан шығып кетпек болады. Тәжібала құсты қолынан шығармай, құшағына қысып жатып оянады.

Содан ұйқысы ашылып кеткен ана «мына күтіп жүрген сәбиім тағы да қо­лыма тұрмай, құс болып ұшып кетейін деп жүр ме?» деген күдікпен уайымдап, таңертең тұрысымен ауылдың бір сыйлы ақсақалына барып, түсін жорытады. Негізі түсті жақсыға жорыған жөн ғой. Ақсақал сонда: «қарағым, құсты қолыңнан шығармай, бауырыңа басып, ұстап қалғаның дұрыс болған. Нәрестелі боласың. Ұланың құс қанаты жететін биікке самғап, атағы аспан әлемін шарлайтын елінің абзал азаматы болады екен», – деп батасын беріпті дейді.

Мұқан туғанда Төлебай қатты қуанып, молданы алдырып, құран аштырып, азан шақыртып, Мұхамедсәлім деп атын қойды­рыпты. Ата-анасы оны еркелетіп, Мұқан деп, содан ағайын-туыс, ауыл-аймақ түгел солай атап кеткен. Композитор осы Мұқан атымен әлемге әйгілі болды.

Мұқанға музыкалық қабілет, жалпы өнерге деген бейімділік тек қана нағашы жұртынан дарыған десек қателесеміз. Төле­бай өнерге талпынбай, шаруамен айна­лысып кеткен. Әйтпесе, оның тұқы­мында да өнерлі жандар баршылық. Са­дыр­дан тарайтын Тобышақ ішінде Төле­­байдың аталас туысы Құл деген айту­лы ақын, сері болған. Құл ақын (1844-1914) өнер қуып, серілікпен жүріп, үйлен­бей өткен. Ол үстіне ұзындығы тізе­сінен түсетін көйлек киіп, оған неше түр­лі сыл­дырмақ тағып, домбырасын қанжы­ға­сына байлап алып, ел аралап, кездес­кен ақын­дармен, қыз-келіншектермен, тіп­ті келіндерімен де айтыса береді екен. Содан елі оның Құл деген атына «сері» деген сөзді қосып, «Құл сері» атап кеткен. Әбілмәжіннің айтуынша, Тәжібала сол сері-қайынағасымен де айтысқан көрінеді.

Осы киелі өңірде Апырбай Әуел­байұлы (1861-1934) деген ақын, әнші, дом­бырашы-күйші өмір сүрген. Мұқанның әнге әуес, күйге құмарлығын байқаған Апырбай оны осы өнерге баулып, жиын-тойларға ертіп барып жүрген. Бір кездері Апырбайды Мұқанның нағашысы деген жаңсақ пікір қалыптасқан еді. Қазір де күмәнданатындар болуы мүмкін. Шын мәнісінде, Апырбай Мұқанның немере ағасы. Аталарын атап, жіктеп айтатын болсақ, Тобышақтан тарайтын Баңның – Біреуіл, Қапсалан деген балалары болған. Біреуілден – Төлебайдың әкесі Үйсімбай, ал Қапсаланнан – Апырбайдың әкесі Әуелбай туады. Қажыбай Дүйсембековтен алған дерек бойынша осылай.

Мұқанның өнерге басқан алғашқы қадамына әсер еткен, оның ел ішінде әнші атануына, үлкен өнерге қанаттануына шабыт берген де немере ағасы Апырбай болғаны анық.

Осындай дарынды ақындар мен ән­шілер өнген топырақта туып-өскен Мұқан қа­лай дарынды болмасын. Туған жердің жұ­пар ауасы, Балқаштың асау толқындары оған әр уақытта шабыт берді Содан болар ол алғашқы көлемді туындысын, ке­йін әлемге әйгілі болған, қазақ музыка өне­рінің озық үлгісі «Біржан – Сара» операсын сол Шұбартүбекте бастап жазды. 1944 жылдың маусым айында Мұқан туған ауылына келіп, операны бастамақшы болады. «Пианино тауып қойыңдар» деп үй ішіне хат жазады. Бұған ауыл-аймақ қуанып, күйсандықты іздестіреді. Сол кезде аудан орталығы болған Бөрілітөбе (қазіргі Лепсі стансасының солтүстігінде Балқаш көлінің жағасында елді мекен болған) деген жердегі орта мектепте пианино бар екен. Аудандық оқу бөлімінің бастығы Мұқан Жылысбаев деген кісі игілікті іске қажет екенін естіген соң, күйсандықты беруге рұқсат етеді. Мұқан Жылысбаевты бала кезімде көргенім бар. Әкеммен сыйлас болатын. Бетінде шешек дағы бар, қызыл шырайлы, зор денелі, келбетті кісі еді. Ол да әнді жақсы айтатын, ұмытпасам, дауысы – баритон болатын. Ал оның інісі, Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Бекен Жылысбаевпен кейіннен таныс­тым. Содан пианиноны Бөрілітөбе приста­нына жеткізіп, одан кемемен Қарашы­ған­ға апарып түсіреді. Одан әрі өгіз жек­кен арбамен, көптеген қиындықпен ауыл­ға әкелгенін Әбілмәжін тәптіштеп жазған. Пианиноны мектептің бір бөлмесіне орналастырады. Мұқан кешкісін мектепке келіп, пианиноның тілдерін басқанда, сыңғырлаған үн шығып, бүкіл ауылды күмбір күйге бөлейді. Күйсандық үнін естіген ауылдың үлкені мен бала-шағасы мектептің терезесінен сығалап, Мұқанның саусақтарынан шыққан әдемі сазды тың­дайтын болған. Мұқан пианиноның алдында түн ауғанға дейін нотасын жазып отырады екен.

Бір күні Мұқан ерте тұрып, ешкімге көрінбей, үйден шыққан бетте Лепсі өзенін жағалап кетеді. Анасы тұрып, таңғы шайын дайындап Мұқанды күтеді. Оны ұйықтап жатыр деп ойласа керек. Ұйқыдан тұрған Әбілмәжінге «ағаңды шайға шақыр, кеш жатқан еді, ұйықтап қалған ғой» дейді. Әбілмәжін ағасын таппай, өзенге қарай жөнеледі. Жақындап келгенде өзеннің толқынды иірімдеріне қарап, талға сүйеніп толқып тұрған Мұқанды көреді. Мұқан ыңылдап ән айтып тұр екен. Әбілмәжіннің келгенін де сезбейді. Сол толқыған бойы Мұқан күйсандыққа келіп, ойындағы әуенді салады. Әбілмәжін кейін білсе, Біржанның қорытынды ария­сы екен. Мұқанның шабытына туған жер­дің таңғы таза ауасы, көрікті табиғаты, толқынды өзені де қуат берген екен. Сол Мұқан ағаның саусағының табы қалған, қазақ музыкасының жауһарын тудырған қара пианино бүгінде Талдықорғандағы облыстық мұражайда сақтаулы.

Сөйтіп, шалғай ауылда әйгілі «Біржан – Сара» операсының екі актысы жазылды. Мұқан операны 1946 жылы толық аяқтап шықты. Оның либреттосын ақын, ғалым Қажым (Қажығали) Жұмалиев жазды. Операның озық шығарма боларын аңғарған өнер шеберлері оны жарыққа шығаруға құлшына кірісті. Оны Қазақстанның халық әртісі, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, режиссер Құрманбек Жандарбеков (1905-1973) тұңғыш рет сахнаға шығарды.

Операның тұңғыш дирижері, Одессада опера және балет театрының бас дирижері, консерватория ректоры болған қайраткер, Петербург консерваториясының түлегі, тамаша музыкант Григорий Арнольдович Столяров (1892-1963) еді. Ол 1945-1948 жылдары Абай атындағы опера және балет театрында бас дирижер болып қызмет етті. Ол операға жоғары баға берді. Кейін Мәскеуден Мұқанға жазған хатында: «Ваш «первенец» «Биржан-сал» найдет горячий отклик в моем творчестве дирижера» – деп шын ниетін білдірді. 1948 жылы оның ұсынысымен және дири­жерлік етуімен «Біржан – Сара» операсы Үлкен театр әншілерінің орындауында Бүкілодақтық радиоға жазылды.

Белгілі театр суретшісі Анатолий Ива­нович Ненашев (1903-1967) операның сахналық декорациясын жасады. Ол 1937 жылы Парижде өткен Бүкілдүниежүзілік көрмеде «Қыз Жібек» операсының декорация эскизі үшін алтын медаль алған өнер қайраткері еді.

Операдағы би сахналарын А.В.Луна­чарский атындағы театр өнері инсти­тутының балетмейстерлер бөлімін бітірген Дәурен Әбіров қойды. Ол – халық билерін сахнаға ықшамдап қойған қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері, әрі бишісі еді. Операдағы би музыкасы оның да көңілінен шығып, ойын сахналарына өзі де риза болып, Мұқан музыкасының маңызына мән беріп: «Біржан – Сара» операсының Ш-актысындағы «Биге» жазған оның музыкасы профессионалды сахнада қазақ би өнерінің дамып, қалыптасуы үшін үлкен әсер етті», деп жазды. Д.Әбіров айтқан осы шығарма тура­лы кейінірек либретто авторы Қажым Жұмалиевтың қызы, музыка зерттеушісі, ғалым Тамара Жұмалиева: «К этой монументальной фреске тянутся нити, непосредственно идущие от «Половецких плясок с хором», яғни «Осынау монумен­талды фрескаға тартылған жіптің бір ұшы сөзсіз «Далалықтар биі мен хорында» жатыр», деп жаңа пікір айтты. Бұл жерде ғалым А.Бородиннің «Князь Игорь» операсыңдағы «Қыпшақтар биі мен хорын» меңзеп отыр. Әлем музыкасында ерекше орын алатын осы бір лапылдаған отты бидің жалынын «Біржан – Сарадан» көрген сыншы сөзін құптамауға болмайды. Қалай болғанда да операдағы осы би музыкасының орны ерекше екені анық.

Дарынды композитордың қаламынан туып, жоғарыда аталған өнер шеберлері сахналаған «Біржан – Сара» операсы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, музыка мамандарынан жоғары баға алды.

Орыс композиторы, академик Б.Асафьев «ән – опера» деп мойындады. Академик А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Қ.Қожамьяров, М.Ахметова сияқты Қазақстан музыка қайраткерлері операның табысын қуана жазды. Татар композиторы Нәзиб Жиганов, өзбек композиторы Мүтәл Бурханов, грузин композиторы Отар Тактакишвили Мұқанның ұлттық опера жазудағы өнегесі мен шеберлігіне таңғалып, оның дарындылығын бір­ауыздан мойындады.

Алғашқы қазақ операларын жазған композитор Е.Брусиловский: «Оперу «Биржан и Сара» по праву можно назвать выдающимся достижением современной казахской музыки, первой оригинальной казахской оперой, написанной национальным композитором», деп жазды. Бұл сөздерді түпнүсқада берудің мәні бар. Қазақ музыкасының ақсақалы «ұлт композиторы жазған» деп мәймөңкелесе де, «ерекше сәтті жазылған тұңғыш қазақ операсы», деуі көп нәрсені аңғартады.

Енді операның құндылығы неде, соған келейік. М.Төлебаев шығармашылығын зерттеушілер опера музыкасы қарабайыр тілмен емес, әлемдік деңгейдегі вокал­дық ерекшеліктерді сақтай отырып, клас­сикалық музыка тілімен жазылғанына ерекше мән береді. Сондай-ақ операда пай­даланылған халық және халық ком­позиторларының әндері мен күйлері сол қалпында емес, кейбіреуінің интонациясы ғана алынып, Мұқан лабораториясынан адам танымастай өзгеріп, тың әуен болып шыққанын жазады. Музыкасының дыбыстар үйлесімділігімен, бүкіл болмыс-бітімімен нағыз қазақтың ұлттық музыкасы екенін дәлелдей отырып, Мұқанның үлкен азаматтығының, оның осы тақы­рыпты неге таңдағанының байыбына бара бермейміз.

Мұқан бұл тақырыпты тегін таңда­маған. Осы сюжет арқылы қазақтың үш түрлі ұлттық қасиетін көрсетудің мүм­кіндігі бар еді. Олар: айтыс, «жар-жар» және жоқтау. Туысқан шығыс халықтарында мұндай дәстүрлер бар. Алайда әлемдік музыкада бұрын-соңды болмаған, еуропалық мәдениетте атымен жоқ осы жанрларды бірінші болып сахнаға шығарып, қазақ деген халықтың шынайы ұлттық дәстүрлері ретінде музыка әлеміне таныту – Мұқанның үлкен азаматтығы, даналығы деуге болады.

«Біржан – Сара» сияқты ұлы операның қасиетті Балқаштың жағасында, киелі Шұбартүбек топырағынан бастау алуы табиғи заңдылық сияқты. Қаншама өнер­паздар өрбіген жерде осындай бір көркем дүниенің туғанына таңдануға да болмайды. Жоғарыда аталған Құл ақын, Апырбай, Баймолда ғана емес, Шұбартүбек жерінде ағайынды Рахмади мен Айтқали деген ақындар ғұмыр кешкен. Олар алыстағы құмды ауылдан ұзап шыға алмағаны болмаса, тілі мірдің оғындай, тепкіні қатты, тегеурінді ақын болған деседі. Осы кісілердің аталас туысы, дарынды актер Сламбек Әйнекбайұлының айтуынша, бір күні аталары түс көріпті. Түсінде ақ киім киген, ақ сақалды адам келіп: «көген аласың ба, әлде өлең аласың ба?» деп сұрапты. Сонда атасы ойланып: «Көген алсам, бай болармын. Айналамдағы өзге жұрт кедей болса, менің байлығымнан халыққа пайда бар ма? Өлең алсам, ха­лықтың көңілін көтеріп, сергітуге жарармын. Өлең аламын», деген екен. Содан тұқымдарымен ақын, әнші, өнерге бейім болыпты-мыс. Сол Рахмади ақынның баласы Еркеғали әкесі сияқты ақын болмаса да, Мұқан ағасына еліктеп, музыка жолына түседі. Мұқан музыка оқуында жүрген Еркеғалидың дарынын жоғары бағалап, оның болашағынан үлкен үміт күтіп, оған қамқорлық жасап жүрген. Бірде Мұқан Шұбартүбекке, туған жеріне барғанда, қасына Еркеғалиды да ертіп алады. Бұлар ауылға келгенде ел-жұрт қуана қарсы алып, думан құратын еді. Бұл жолы да халық екі өнерпазды ортаға алып, думандатады. Ән айтылып, күй тартылады. Ақындар сөз маржанын төгеді. Мұқанның анасы Тәжібала да өмірін өнермен ұштастырған екі ұланын мақтан етіп, мадақтап, ұзақ жыр толғайды. Сол толғаудан ел аузында:

Мұқажан, Еркеғали – екі шырақ,

Сендерді біз отырмыз тамашалап.

Балқаш пен қасиетті Шұбартүбек

Сыйлапты екеуіңе таудай талап –

деген жалғыз шумақ қана сақталып қалыпты.

Сол Мұқан ағасының соңынан ерген жас өнерпаз бүгінде қазақ музыка өнерінің тарланы, композитор Еркеғали Рахмадиев еді. Ол – «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай хан» сияқты ұлттық музыканың тамаша үлгісі болып саналатын, еңселі де, сүбелі опералардың авторы. Ол – халқымыздың күй мұрасын классикалық музыка дәрежесіне жеткізген суреткер. Ер-ағаның «Дайрабай», «Құдаша-думан» симфониялық күйлері Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің музыка форумында үздік шығармалар деп танылып, бүкіл әлемге жария болды. Бұл шығармалар сол елдердің эфирінде орындалып тұратын мәртебеге ие болды.

«Қыз Жібек» пен «Біржан – Сара» операларындағы Шеге мен Естайдың әндерін шарықтата шырқайтын Манар­бектен кейін екпінінен жел есетін Ғари­фолла келді. Ғарифолла сахнадан кетсе, орнын кім басар екен деген сұрақ режиссерлерді мазалай беретін. Қазақ даласы дарындыларға жомарт қой. Киелі Шұбартүбек жерінің жұпар ауасын жұ­тып, суының тұнығын ішкен тағы бір дарынды әнші келді. Ол – Кеңес Бақтаев еді. Ол опера сахнасында көп жыл өнер көрсетіп, небір тамаша образдар сомдады. Қазақстанда опера өңерінің қалыптасып, өркен жаюына елеулі үлес қосты.

Мұқан туған Шұбартүбектен түлеп ұшқан өнер адамдарын санасақ, қос қолдың саусақтары аздық етері сөзсіз.

Мұқан туған жерін қадір тұтып, қас­терлеп өтті. Ән-жырға жомарт өлкеге жиі келіп, шабыт алып қайтады екен. Денсау­лығына сызат түскен Мұқан соңғы бір келгенінде туған жерімен, ауыл-аймақпен қоштасқандай, адамдармен сөйлесіп, бала кезінде ойнайтын «Шойтабан» аталған төбеге шығып, Лепсінің жағасына барып, ағыс иірімдеріне ойланып ұзақ қарап отырады екен. Ұлының терең ойда, бүйірін ұстап ауырсынып тұрғанын керген анасы Тәжібала қатты уайымдаған. Бірде Мұқан демалып жатқанда сәлем беруге келген ауыл­дастарына мұңын шаққан ана:

Ешкіөлмес пен Шатырбай,

Сәулем ұйықтап жатыр ма-ай,

Ақырын ғана оятшы,

Бармағыңды батырмай,

Белі ауырып жүр еді,

Демін алып тұр еді.

Мазалай көрме құлынымды,

Апырмай жұртым, апырмай,

Жар бола гөр, жасаған,

Ай-күнімді батырмай,

Ақ сүтімді қатырмай,

Апырмай, құлыным, апырмай –

деп, жүрегі езіле отырып, жыр төгіп, көзіне жас алыпты дейді. Бұл келтіргеніміз ұзақ өлеңнің ел есінде қалған соңғы шумақтары болса керек.

Мұқанның өлімі – қазақ музыка өнері үшін қайғылы қаза болды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біз баршамыз орны толмайтын ауыр қазаға душар болдық. Сүйікті Мұқаннан айырылып, омырауымызды қасірет жасымен жудық», деп жазды. Ақын Сырбай Мәуленов Мұқан қабірінің басында оқыған азалы өлеңін:

Тоқта, ажал, азалы үн,

Өмірдің шалқып ес күйі,

Қош бол, қайран сабазым,

Қазақтың Чайковскийі, –

деп аяқтады.

Қазақтың Чайковскийі деген сөздер­мен аяқтады. Композитордың анасы Тәжібала ұзақ жоқтау айтып аңырап­ты. Оның мәтіні Мемлекеттік мұражайда сақтаулы. Мұқан жазған Мемлекеттік гимн туралы бірер сөз. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары композитордың інісі Әбілмәжін гимннің авторлығын Мұқан­ға қайтару керек деген мәселе көтерді. Гимннің әуенін Мұқан өзі шығарып оны сырласы ақын Ғали Орманов пен жаста­йынан бірге өскен ауылдас досы Мақсұт Майшыновқа көрсетіп, өзі орындап бер­гені дәлелденді. Мұқан бұл туындысын композитор ағалары Е.Брусиловский мен Л.Хамидиге де көрсетіп, олардың ақыл-кеңесін алған.

Ал 1945 жылы гимнді қабылдату үшін Мәскеуге өзі барған. Шығарманың авторы ретінде өз фамилиясының жанына Е.Брусиловский мен Л.Хамидидің аттарын өз қолымен жазған екен. Бәлкім, сол кездегі саясатқа байланысты болған шыгар. Әбілмәжіннің көтерген мәселесі бо­йынша композиторлар одағында ко­мис­сия құрылып, зерттеу жүргізілді. Нәти­жесін­де, комиссия жоғарыда аталған ком­пози­торлар Мұқанға кеңес берген, сонымен қатар Е.Брусиловский гимн­ді симфониялық оркестрге түсіруге көмек­тескен, оларды авторлыққа Мұқанның өзі қосқан, сондықтан оны өзгертуге болмайды деген шешімге келеді. Гимн деген ән емес, бөлек жанр. Бұл туралы бір кезде:

Кім айтар ел қадірін аз ұқты деп,

Ол үшін азаматтық – қазық, тірек.

Қуанды ел Мемлекеттің ән-ұранын,

Мұқаны Төлебайдың жазыпты деп.

Желбіреп Туымыздың желге етегі,

Жас ұрпақ гимнді естіп ержетеді.

Ән-ұран бізді оятып таң алдында,

Әуенімен ұйықтарда тербетеді –

деп жазған едік.

Мұқанның классикалық гимн үлгісінде жазылған тамаша шығармасы еліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатып 60 жыл бойы шырқалды.

Халқымыздың біртуар дарынды ұлы туралы шағын еңбегімізді ақын Әбділда Тәжібаевтың: «Сұлу үннің шабытты ақыны, ән мен күйдің жаңа аққуларын, бұлбұлдарын ұшырған Мұқан қашанда туған халқымен мәңгі бірге», деген сөз­дерімен аяқтауды жөн көрдік.

 

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі