Қазақ қыздарынан бірінші болып өнертанушы, зерттеуші ғалым атанған айрықша талант иесі Мәриям Мұқатайқызы Ахметова 102 жасқа қараған жасында өмірден озды. Ғылыми шығармашылығы өнерсүйер қауымға үлгі-өнеге болған, бір ғасыр жасаған ғалымның табиғи болмысы, қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі ел есінде. Кезінде Мұқан Төлебаевтай ұлы композиторға жар болған Мәриям Мұқатайқызы Ахметованың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын.
Редакциядан
Қиын жылдарда
Атам қазақ «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» деп бекер айтпаған. 1921 жылғы наурыз айында қарапайым ауыл адамдары, ерлі-зайыпты Мұқатай мен Бұлбиқаның отбасында Мәриям дүниеге келеді. Бұған дейін жас отбасының Әбілғазы есімді ұлы болған. Осылайша, зор қуанышқа бөленген жас ата-ана арада алты жыл өткеннен кейін тағы да Жаңбырбай есімді ұлдың әке-шешесі атанады. Сол кездегі шағын ауыл Көкбастауда тұрмыс жағдайлары асып-тасып тұрмаса да, дүниеге келген әр сәбидің шілдехана думаны көңілдің қалауымен, пейілдің кеңдігімен, ниеттің түзулігімен өтіп жатады. Тоқетерін айтқанда, отбасы мүшелері бірін-бірі қадірлеп, құрметтеп өзара шынайы жарасады. Туысқандық тамырлары терең бойлап, бір-біріне бауыр басып, арқа сүйеп өмірдің үлкен көшіне ілесе бастайды.
Әйткенмен Мұқатайдың ұл-қыздарының жастық шағы қазақ елін жайлаған ашаршылық кезеңдерімен тұспа-тұс келеді деп кім ойлаған? Отызыншы жылдардың бас кезіндегі болған нәубет үлкенді де, кішіні де тағдыр тәлкегіне түсірді. Бала-шағасын үкілеп отырған, тіршілік тауқыметін көп көрген Мұқатайға саяси жала жабылып, салдарынан өмірден мезгілсіз өтіп кеткен. Шаңырағы шайқалса да екі ұлы мен бір қызын қалайда аман сақтап қалуға қарекет жасаған Бұлбиқа ана да ашаршылықтың зардабынан құрбан болған. Бір отбасының ойламаған жерден ойран болғандығы ол кезде ешкімді де таңдай қақтырған жоқ. Өйткені мұндай жағымсыз жағдайлар қазақ ауылдарын кеңінен жайлап кеткен болатын. Айналасы екі жылда әке-шешеден бірдей айырылған үш жетім көздері жәудіреп, қара орманда қала берді.
Қысқасы қандай қиындыққа тап болса да ағайынды үшеуі бірін-бірі пана тұтты. Бұл кезде Әбілғазыны қарындасы мен інісінің алдағы тағдырлары қатты толғандырды. Үшеуіне бірдей ішер тамақ пен киер киімнің табылуы да күннен-күнге қиындай түсті. Ағасы жасы үлкендеу ағайындарымен ақылдаса отырып, қос бауырын балалар үйіне тапсыруды жөн көреді. Үлкендер жағы мұны дұрыс санағанымен, қарындасы мен інісі «Аға біз детдомға бармаймыз, не көрсек те сізбен бірге көреміз» деп қарсылық білдіріп, жанарларына жас алды. Туған бауырларының көз жасын көрген Әбілғазы шын мәнінде шошып қалады. Екеуін екі тізесіне отырғызып, ыстық құшағына алады. Қарындасы мен інісі біраз тынышталған кезде ол: «Мен сендерді балалар үйіне біржолата бермеймін, біраз жыл сауат ашып, білім алғаннан кейін өз қарамағыма қайта аламын. Сендерсіз мен қалай өмір сүремін? Сондықтан ағаларыңның айтқан тілегін қабыл алсаңдар, келешектерің жарқын болады деп ойлаймын», дейді. Екі бауырының маңдайларынан тағы да сүйіп қояды. Өксіктерін әзер басқан қарындасы мен інісі ағаларына қарап: «Жарайды, бәрі де сіз айтқандай болсын», дейді. Әбілғазы қос балдырғанды қолдарынан жетектеп Алматы маңындағы Қастек жетім балалар үйіне өзі тапсырып қайтады. Тапсырып қайтқаны бар болсын, ботасынан айырылған інгендей күй кешеді. Марқұм ата-анасының рухы алдында өзін кінәлі сезінгендей іштей күйзеліске түсті. Бірақ бауырларының алдағы болашағының баянды болатынына сенімділік танытты. Ағасы адаспаған екен. Оларды іздеп балалар үйіне барып тұрғанда тәрбиешілері жақсы лебіз білдіруден жалыққан емес. Әсіресе Мәриямды көбірек мақтайтын. Озат оқуын үлгі тұтатын, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесіне тәнті болатын. Әпкелі-інілі екеуі осы жетімдер үйінде сегізжылдық мектептен дәріс алып, үлкен өмірге түлеп ұшты.
Өнер биігінде
Алатау аясындағы әсем шаһар Алматыға атбасын тіреп, қолдарынан келетін жұмыстарды атқаруға бел буды. Туған ауылдары Көкбастауға қайта оралуды аңсап жүргендері де рас еді. Бірақ жастық шақтары қаланың тынымсыз тіршілігіне бейімделуді қалады. Күнкөріс қамымен әртүрлі жұмыстарды атқарып жүрген Мәриям Мұқатайқызы сұрапыл соғыс қарсаңында Алматы музыкалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1942 жылы ойдағыдай тәмамдады. Мамандығы бойынша жұмысқа тұрғаннан кейін алған білімінің аздығына алаңдады. Қайтсем де жоғары білімді маман болуым керек деген мақсатты алдына қоя білді. Осындай аңсау мен армандаудың, іздену мен ілгерілеудің нәтижесінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға қабылданады. Үлкен өнер ордасынан саналы тәрбие, сапалы білім алған соң, Мәскеудегі Л.И.Чайковский атындағы консерваторияның аспирантурасына түседі. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор В.М.Беляевтың басшылығымен білім алып, классикалық музыкаға кеңінен жол ашады. Осының нәтижесінде қазақ қыздарының қатарынан бірінші болып өнертану ғылымынан кандидаттық диссертация қорғайды. Оның мұндай ғылыми ізденісі Орта Азия мен Кавказ елдеріндегі музыка мамандарына үлгі бола біледі. Сонымен қатар зерттеуші ғалым қазақтың халық әндерін және сол кездердегі әндерді зерделеуге көп көңіл бөлді. Атақты музыка майталмандары А.Жұбанов және Б.Ерзаковичпен бірігіп «Қазақтың дәстүрлі әндері мен оның мәдениеті» атты монографиялық туындысы жарық көреді. Өнерді зерттеу мақсатындағы мазмұны бай, мәні жоғары мақалалары да арнайы басылымдарда көп жарияланды. Мұның бәрі Мәриям Мұқатайқызының қазақ халық әндерінің өміршең болатындығына ықпал етеді. Осындай іргелі білім ордаларының қабырғасында жүріп республикамызға, Одаққа және шетелдерге есімдері кеңінен танымал музыка өнерінің майталмандарымен танысады әрі сырласып жүреді.
Сондай келелі кездесулердің бірінде талантты композитор Мұқан Төлебаевпен танысады. Екеуі бір-бірін жақсы көргендіктен өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтереді. Олар он шақты жыл ерлі-зайыпты ретінде жұптасып, өнегелі өмір сүреді.
Мәриям Мұқатайқызы 1958 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты музыка саласының ғылыми-зерттеу бөліміне жұмысқа тұрды. Сол жылы Қазақстан композиторлар одағының мүшелігіне қабылданды. Аталған институттың ғылыми-зерттеу бөлімінде ұзақ жылдар аға ғылыми қызметкер болған Мәриям Мұқатайқызының маңдайына екінші рет тұрмысқа шығу жазылыпты. Тағдыр толқыны кейінгі күйеуі Ғният Барлыбаевпен жолықтырды. Ғният Ахмедұлы халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаевпен тау-кен институтында бірге оқыған курстасы әрі досы болған.
Өнертану ғылымымен қоян-қолтық араласып жүрген апайымыз институттың қоғамдық жұмыстарына да белсене атсалысады. Атап айтқанда, жиырма шақты жыл бойы бастауыш партия ұйымын басқарады. Осы ұйымда есепте тұрған Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, М.Ғабдуллин, Л.Әуезова, М.Базарбаев, З.Ахметов, Т.Әбдірахманова және тағы басқа да қазақ зиялыларымен шынайы сыйласып, еңбек еткен. Ұзақ жылғы ерен еңбектері үшін Үкімет наградаларымен марапатталған. Мәселен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарына бірнеше рет ие болған. 1975 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ал 1983 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанды. Сонымен қатар он шақты медальдың иегері екендігін айтсақ та жеткілікті.
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер-журналист
Жамбыл облысы,
Шу ауданы