Көрмеге барсаң демаласың. Тіршілікке бей-жай қарауға бейілденген рухыңды бір сілкіп алып, мына ғазиз әлемге суретшінің жанарымен үңілгің келеді. Кабырғаға ілінген әр картинаның құпиясын ашқың келіп құныға қарайсың. Кенет ғажап бір әлем алдыңнан шығады. Суретші өмірдің әр сәтінен қуаныш көруге ұмтылады екен ғой. Қылқалам құдіреті кейде мұңның өзін шаттыққа айналдырып, санаңды сабыр нұрына малатыны бар... Ал кейде бәрі керісінше.
Кезекті рет жанымызға жылы әсер құйған ғажап суретші Кәміл Муллашевтің қолтаңбасы болатын. «Уақыт үні» деп аталған көрмені кеше мен бүгіннің арасын жалғаған сабақтастық көпірі деп қабылдадық. Суретшінің асқақ үні құлдыраған құндылықтар уақытпен қайшыласып, кешегі кемел түсініктерді бүгін түкке тұрғысыз еткісі келетін бала дәуірге қаһарлана қарайтындай. Адами асыл қасиеттен айныған кеуделерге кенептегі кемеңгер ойлар арқылы дем бергісі келеді. Ең бастысы ақыл айтудан ада. Туындыға көңіл көзімен қараған адам ондағы қайшыласқан сезімдерді, ақ пен қараның арпалысын, кеше мен бүгіннің келбетін анық көреді.
Көзі қарақты оқырманға Кәміл Муллашевті таныстырып жатудың өзі артық. Дәулетияр дарын иесі жарты ғасырдан бері қылқаламды жанына серік етіп келеді. Дүниетанымы терең шебердің сан-қырлы шығармашылығы Қазақстанның өнер тарихында дара мәнге ие. Өнер әлеміне оның есімін 1978 жылы Третьяков галереясы сатып алған «Жер және уақыт. Қазақстан» үштігі танымал етті. Уақыт – суретші шығармашылығының негізгі сөзі. Туындыларының идеялары мен бейнесі өз заманының көркемдік процестерімен қабысып жататын суретшіге уақытты сезіну мен түсіну қабілеті дүние дидарына терең көзбен зер салуға мүмкіндік берген дерсіз. «Уақыт жаршысы», «Уақыт үніне құлақ түру», «Уақыт аралығындағы самғау» деп аталған шығармалары тарих пен болашақты қатар қоя отырып, одан түйетін ойдың жұмбағын көрерменнің таным-талқысына қалдырады. Бүкіл адамзатқа әсер еткен қауіпті індет тақырыбын да қаламынан тыс қалдырмаған туындыгер «Covid-19», «Өмір үшін күрес», «Сау бол» деп аталған қасіретті ноталары арқылы өмірдің құндылығын, бағасын, жүйке-жүйеңмен сезіндіреді. Соған қарамастан аталған картиналарда сәнді мәнер бар. К.Муллашевтің стилі таза реалистіктен сәндік-дерексіз және мағынасыз формаларға дейін өзгеруі мүмкін, бірақ кез келген шығармаларда оның креативтік бастамасы бой көрсетпей тұрмайды. Бұл тұрғыда өнертанушылардың пікірі төмендегідей.
– Кескіндемеші Муллашев бейнелеу өнерінде үлкен ұстамдылығымен, зейінімен, асықпай ойланатынымен қатар өз публицистикасын, драматизм мен патетизм туралы түсінігін ерте кезден-ақ қалыптастыра білді. Мұндай «көңіл-күйдің, толғаныстың, ахуалдың көп дауысты ырғағында» Муллашев өз орнын тапты. Оның туындыларының идеялары мен образдары уақыттың көркем процестерімен байланысты болды, ал суретшінің кескіндемесіне тән форманың ықшамдығы, образдық екпіннің ұстамдылығы, автордың шындықты романтикалық сезіммен біріктіре алуы сақталып, оның стилінің ерекшелігі болып қала берді. 1970 жылдары өнерге дендеп кірген графиктілік пен түстерге деген «рационалды көзқарас» Муллашевтің өнерінде де көрініс тапты. Оның туындыларының кескіндемелік-пластикалық жүйесі 1980-жылдардың ортасы мен 1990-жылдардың басында өзгере бастады. Қоғамдық сана-сезім дамуының осы кезеңінде суретшіні үлкен әлеуметтік тақырыптар қызықтыруын қойып, олардың орнына жаңа идеялар пайда болды, көркем шығармалардың стилистикасы өзгерді. Муллашевтің пластикалық және колористік ізденістері бұдан былай ғасырдың ең жаңа тарихи және көркем үрдістерімен байланысты болды. Жаңа қоғамдық жағдай шығармашылық практикадан авангардтық бағытты үзген кедергілерді жойды. Пленэрге көп көңіл бөлді. Кәміл жазда қазақ даласын аралап этюд салуға шығады. Соңғы жылдары Шарын мен Кегеннің, Жаркент пен Талдықорғанның табиғат көріністерін бейнеледі. «Тыныштық, жазық дала, жер бетінде жалғыз өзің сияқтысың. Қайда жазғың келсе, сонда тоқтап жаза бересің, мұндай нәрсе әдемі жазылады», деп суретші өзінің сапарлары туралы баяндайды. Оның пейзаждарының «дала тынысына» толы болуы да кездейсоқ емес. Олардың кеңістіктерінің байсалды ырғағы кенеп беттерін ерекше дүниетанымға толтырады. Егер де далалық пейзаждарда кеңістік әрдайым ашық әрі пластикалық айқын болса, Татарстанның ормандық пейзаждарында ол көкжиекті жауып, бастары жақтаудан шығып кететін биік ағаштармен тұйықталған. Табиғаттан алған әсерлері суретшіге композициялық құрылымды ойға салады, – дейді суретші шығармашылығын індете зерттеген өнертанушы Күлжазира Мұқажанова.
Шебер танымының көкжиегін көрсететін бірден-бір жол жеке көрме ұйымдастыру десек, бұл тұрғыда К.Муллашев бай тәжірибеге ие. Өнер әлемінде бүгінге дейін 26 жеке көрмесін өткізген суретшінің картиналарын көптеген озық елдердің музейлерінен кездестіруге болады. Белгілі суретші Байтұрсын Өмірбековтің сөзіне қарағанда, Муллашев үнемі ізденісте жүретін, жаңалыққа құштар қылқалам шебері.
«Кезекті көрмедегі тың ізденістерге қарап таңғалдық. Жасы сексенге таяса да, өнердің қуаты талмай ізденуде екенін дәлелдеп келе жатқан Кәміл кейінгі жастарға жарқын үлгі. Салған дүниелерінің динамикалық қуаты жоғары, түсі қанық, тақырып аясы кең. Адамды ой тереңіне жетелейді. Қоғамдағы өзгерістерге суретші өз көзқарасын танытып, өз түйсігін айтқысы келеді. Бояу мүмкіндіктері, композициялық құрылымы бай суретшінің көркемдік тілі азаматтықпен астасып жатыр. 2022 жылғы жазылған жұмыстарының композициялық құрылымы күрделі. Мұнда тек реализм емес, гиперреализм, сюрреализм бағыттары одан басқа да дүниелер қылаң береді. Соның бәрінің қосындысынан заманауи құбылыстарға меңзейтін тосын ой, өзгеше леп байқалады. Философиялық бағыттағы дүниетанымға арналған бүгінгі күннің ерекшелігін екшейтін тосын қадамдарға бара білген», дейді Байтұрсын Өмірбеков.
Қазіргі уақытта Кәміл Муллашев – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері және Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан мен Татарстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Ресей көркемөнер Академиясының Құрметті академигі, Қытайдағы екі бірдей жоғарғы оқу орнының – Чао-Жао қаласындағы Хан-Шан педагогикалық институтының және Шан-Тао университетінің құрметті профессоры, Ұлттық өнер университетінің профессоры. Суретшінің ресми атақтарының тізбесі Қазақстан, Ресей және Қытай Халық Республикасы сияқты үш елде оның еңбегінің мойындалғанын куәландырады. Өнерсүйер қауым үшін Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде салтанат құрған тағылымды жоба Муллашев шығармашылығымен етене танысудың орайлы сәті.
Адамды рухани тазалыққа шақыратын, өз арымен беттестіретін һәм сол арқылы ойландыратын отты образдар, мифтік және тарихи қаһармандар, кенеп бетінен орын алған мәлім де беймәлім бейнелер сізді де ішкі әлеміңізге бір сәт үңілуге үндейтіні шүбәсіз.
АЛМАТЫ