Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл, кеңес-ауған соғысының аяқталғанына 33 жыл толды. Гитлерлік Германиямен болған соғыста қан кешкен жауынгерлер осы күні ғасыр ғұмырға таяса, ауған даласында майдандасқан сарбаздардың алды алпысты алқымдап, арты қырықтың қырқасына шығып отыр.
Кеңес өкіметі құламай тұрғанда болған соғыстар туралы жұрттың пікірі әртүрлі. Алайда майданға аттанған жігіттер мен қыздардың ешқайсысы басқыншы болмағаны анық. Олар Отан алдындағы борыштарын үлкен тәуекелмен өтеді. Соғыста ауыр жарақат алып, өмірінің соңына дейін мүгедек болып ғұмыр кешіп жатқандардың қарасы аз емес.
Осы екі ардагерлер тобына құрмет көрсету мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы мен Social project management орталығы жыл бойы бірқатар жұмыс атқарды. «Азаматтық борыш» деп аталатын жобаның аясында қаладағы орталық зиратта жерленген ардагерлердің қабірлерінің айналысына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мұнда ардагерлер жерленген зираттардың нақты саны белгісіз, олар шоғырлана көмілген үш орын бар.
Орталық өкілдері жылдағы дәстүр бойынша «Мәңгілік алау» маңына гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етті. Ардагерлердің құрметіне концерт ұйымдастырылып, онда патриоттық әндер шырқалды.
Кеңес-ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық қатысса, оның екі мыңнан астамы қазір Алматыда тұрып жатыр. Олар қаладағы қоғамдық жұмыстар мен іс-шараларға ауық-ауық қатысып тұрады. Жоба аясында ауған соғысы ардагерлері оннан астам оқу орнын аралап, студенттерге өздерінің ақыл-кеңестерін, өсиеттерін айтты. Ол ардагерлердің арасында ауған соғысы мен өзге де әскери қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектерін үлестіру кеңесінің, ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшелері де болды. Сонымен қатар үстел теннисінен, қазақ күресінен, футболдан турнирлер өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар ауған соғысы ардагерлерінің қолымен табыс етілді.
Жыл өткен сайын ұлы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері барлық елде азайып келеді. Ал Алматыда небәрі жүз шақты ғана ардагер өмір сүріп жатыр. «Неменеге жетістің, бала батыр, қариялар азайып бара жатыр», деп Мұқағали ақын жырлағандай, енді біраз жылдан кейін олардың бәрі қатарымызда жүрмейтіні ақиқат. Оларға көзі тірісінде көмек көрсеткенге не жетсін?! Осыны түсінген бір топ ерікті жас елуден астам ардагердің үйін аралап, оларға азық-түлік қоржындарын үлестірді. Кейбірінің үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Елімізде ардагерлерге арналған жобалар жеткілікті. Бірақ бұл олардың кейінгі ұрпақ үшін жасаған ерліктерімен салыстырғанда мысқалдай ғана нәрсе. Демек біздің олар үшін істер ісіміз риясыз, есепсіз болғаны абзал.
АЛМАТЫ