• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2022

Тұрғын үйлерді жылыту тәжірибесі

409 рет
көрсетілді

Қалалардағы тұрғын үй қорының едәуір бөлігі орталықтандырылған жылумен және энергиямен қамтылған көппәтерлі ғимараттардан және сыртқы қабырғалар ретінде кірпішті, ірі панельді, блок материалды, сондай-ақ монолит темірбетонды қолдана отырып салынған үйлерден тұрады. Осы тұрғын үй қоры жылдан жылға ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Мәселен, 1950-1990 жылдары салынған ғимараттар энергия үнемдеуді есепке алмаған.

2010-2013 жылдары Қазақстанда тұрғын үй ғимараттарына жаппай энергия аудиті жүргізілді. Бұл көппәтерлі тұрғын үйлерде жылу энергиясын жылына орта есеппен 240 кВт•сағ/м2 тұтынатынын көрсетті. Салыстыру үшін дерек келтірсек, бұл көрсеткіш Швецияда – жылына 82 кВт•сағ/м2, Германияда – 120, Францияда – 126, Англияда – 130. Әрине, бұл қыс мезгіліндегі елдің едәуір бөлігіндегі қатал климатқа, сондай-ақ елдің оңтүстігінде, орталығында және батысында ұзақ ыстық және құрғақ жазға байланысты түсіндіріледі. Мұның бәрі қыста ғимараттарды жылыту үшін жылу энергиясының едәуір мөлшерін, сондай-ақ жазда салқындату үшін электр энергия­сын тұтынуды қажет етеді.

Қазіргі тұрғын үй қорында ауқымды энергетикалық жаңғырту соңғы 20-30 жылда жасалмаған. Қазақстандағы энергия тиімділігі ісіндегі шешуші кезең деп 2004 жылы «Азаматтық ғимараттардың энергия тұтынуы және жылу қорғауы» құжаты қабылданған кезді айтуға болады. Сондықтан 2005 жылға дейін салынған тұрғын үйлер энергияны тұты­ну тұрғысынан көбірек назар аударуды қажет етеді. Ал олар жалпы тұрғын үй қорының басым көпшілігі, яғни 91%-ын құрайды.

Қолданыстағы нормативке сәйкес, қа­зіргі уақытта тұрғын үйлер «С-» – «қа­лыпты» класынан төмен болмауға тиіс, ал пайдаланылып жатқан ғима­раттарды энергия тиімділігі класын арттыру үшін терможаңғырту керек. БҰҰ ДБ ҒЭҚ және Үкімет жобаларының қолдауымен 2011-2017 жылдары Қазақ­стан­ның түр­лі қалаларында орналасқан бірқатар көп­пә­терлі тұрғын үйге энергиялық тексеру жүргізілді. Талдау көрсеткендей, 30-50 жыл бұрын салынған үйлер негізінен «E» («төмен») және «D» («өте төмен») кластарына сәйкес келеді. Сондай-ақ БҰҰ ДБ қолдауымен Қазақстан астанасында жаңадан салынған ғима­рат­тар­дың энергия тиімділігі класын тексеру үшін шағын зерттеу жүргізілді. Нә­ти­желер ғимараттардың 25-30%-ында (қабат­тылығына байланысты) энергия тиімділігінің ең төменгі рұқсат етіл­ген класына («С» – «қалыпты») сәй­кес келмейтінін көрсетті. Әдетте, бұл ғимараттарды жылуды қорғауға жұм­салатын қаражаттың үнемделуіне, жылу тұтынуды реттеудің заманауи жү­йе­ле­рі­нің болмауына және осы жү­йе­лер­ге кейіннен тиісті сервистік қызмет көр­се­тудің болмауына байланысты болды. Айта кетейік, ондаған жылдан кейін бү­гін­гі энергия тиімділігі нормалары бо­йын­ша салынған заманауи ғима­раттар да энергетикалық жаң­ғыр­ту­ды қажет етеді.

Қазақстан елдің энергия сыйымды­лы­ғын 2030 жылға қарай 25%-ға және 2008 жылғы деңгейден 2050 жылға қарай 50%-ға төмендету бағытына бет бұрды. Энергия тиімділігін арттыру экологиялық жағдайға жағымды әсер етеді. Өйткені отын тұтынуды азайту шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй ғимараттары маңызды энергия тұтынушысы және энергияға деген соңғы сұраныста экономика секторының арасында өнеркәсіптен кейінгі орынды алады. Осыған байланыс­ты ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру (терможаңғырту) энергия тиім­ді­лігі мақсатына қол жеткізудің және тұтастай алғанда ел экономикасын де­кар­бонизациялаудың қажетті шар­ты екенін айта кету керек. Тұрғын үй ғима­раттарын терможаңғыртудың жылу қа­жет­тіліктеріне энергия тұтынуды қыс­қартудан басқа да оң әсері бар. Мы­са­лы, тұрғын үй жағдайын жақсарту, ғимарат қауіпсіздігін арттыру, олардың сәйкестігін қазіргі заманғы стандарттарға дейін жеткізу, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын арттыру. Бұл артықшылықтарға қол жеткізу үшін қазірдің өзінде тұрғын үй қорын жаңғыртуға жүйелі көзқарас әзірлеуді бас­тау қажет. Пәтер иелері өз үйлерін қалай жаңарта алатынын көрсететін тиімді тұрақты үлгілер жасауы қажет. Бұл тек 1960-1990 жылдарда салынған ескі тұрғын үйлерге ғана емес, сондай-ақ болашақ үшін де маңызды. Өйткені тұрғын үйді ауқымды жөндеу және жаңғырту қажеттілігі әрқашан маңызын жоймайды. Ондаған жылдардан кейін 2000 жылдары салынған үйлер де модернизациядан өтуі керек, оның ішінде жылу техникалық сипаттамаларын жақсарту, сонымен қатар заманауи инженерлік жүйелерді жылыту, желдету, сумен жаб­дық­тау және т.б.

Тұрғын үй ғимараттарының энергия сипаттамаларына әртүрлі халықаралық донорлардың (мысалы, Жаһандық экологиялық қор, БҰҰ ДБ, USAID және т.б.) қолдауымен ғимараттарды жаңғырту жөніндегі қанатқақты жобаларды орындау аясында ерекше назар аударылды. Ол кезде энергетикалық паспорт әзірленіп, жаңғыртылған ғимараттарда энергия тұтыну нәтижесі бақыланған еді.

Қазақстанда қанатқақты жобалардың тәжірибесі көрсеткендей, осы үлгідегі тұрғын үйлердегі энергия үнемдеу іс-шараларынан болатын ең жоғары нәтиже энергия үнемдеу жабдығын тиісті пайдаланудың 3 жылынан кейін пайда болады. Энергия үнемдеу іс-шараларының осындай пакетін іске асыру кезінде біраз жыл ішінде орташаландыруды ескере отырып жылу тұтынуда 40-50% үнемделді (Теміртау, Қарағанды қалаларында және т.б.). Осы үлгідегі тұрғын үйлерде жылыту, жарықтандыру, шатырды жылыту, қасбетті жөндеу, терезелерді ауыстыру және басқа да ауыстыру бойынша іс-шараларды орындау қазіргі бар құрылыс нормалары бойынша ғимараттың энергия тиімділігі класын «С» – «қалыпты» класына дейін арттыруға алып келеді.

Энергия тұтынуды азайту және соның ықпалымен парниктік газдар шығарындыларын азайту мақсатында осындай кешенді жұмысты орындаудың жаппай тәжірибесі айтарлықтай инвес­тициялар қажеттілігімен қиындайды. Қанатқақты жобалар деректері бо­йынша бір жаңғыртылатын ғимаратқа шамамен 160-180 мың доллар қажет (орташа есеп статистикалық 5 қабатты 4 кіреберісі бар тұрғын панельдік үй үшін есептелген). 50 шаршы метрлік 1 пәтерге инвестиция сомасы шамамен 2,5 мың долларды құрайды. Сонымен қатар тұрғын үйді терможаңғырту есебінен жылу тұтынуды төмендетудің пайдасы өте мардымсыз және осы пәтерге орташа есеппен жылына 40-50 долларды құрайды.

Мұндай болмашы пайданың себебі ең алдымен елдегі жылу энергиясы үшін төмен тарифтерде жатыр. Төмен та­риф­тер Қазақстанда қазба отынына суб­сидиялардың болуына байланысты. Ха­лықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) түрлі елдердегі қазба отынына субсидияларды он жылдан аса уақыт бойы жүйелі түрде бағалап келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан осындай субсидиялар мөлшері бойынша алғашқы 20 елдің қатарына кіреді, олар ХЭА деректері бойынша ІЖӨ-нің 2,7%-ын құрайды. Бұл ретте көмірге (елдегі электр және жылу энергиясын өндіру үшін негізгі отын) бөлінген субсидиялар 2020 жылы 1,4 млрд долларға, газға 0,2 млрд долларға жетті.

Бұл субсидиялар (ІЖӨ-нің 2,7%-ы), сондай-ақ кросс-субсидиялау практикасы ғимараттарды, әсіресе тұрғын үйлерді жаппай терможаңғыртуды жүргізу үшін антистимулдар жасайды. Ғимараттарда жылу энергиясын тұтынуды азайту арқылы көздерде отын жағу көлемін азайтуға қарағанда, жылу энергиясын ұтымсыз жұмсау әлдеқайда тиімді. Бірақ мұндай жағдай біз ойлағандай бола бермейді. Үкімет энергетикалық секторды субсидиялармен шексіз ұзақ уақыт қамтамасыз ете алмауы мүмкін, өйткені инвестицияларды талап ететін жаңа сын-қатерлер пайда болды. Сондай сын-қатерлердің бірі – қазбалы көмірді пайдалануға негізделген ескірген энергетикалық инфрақұрылым. Декарбонизацияға қабылданған бағыт осы энергия қуа­тын белсенді түрде жаңғыртуға, сонымен бірге мүмкіндігінше көмір емес, негізінен жасыл технологияларға негізделген стансаларды енгізуге мәжбүр етеді. Төмен көміртекті даму тұ­жы­рымдамасында (КНУР) атап өтіл­ген­дей, оларды көміртексіз және төмен көміртекті жабдықпен алмастыра алмау не шығарындыларды азайту жөніндегі мақсаттарға қол жеткізбеуге не жоғары көміртекті жабдықты жаңғыртуға қосымша инвестициялар салу қажеттігіне немесе оны мерзімінен бұрын есептен шығаруға және үмітсіз активтерге айналдыруға әкеліп соғады.

Бұрынғы кеңестік елдердің көпші­лігіне тән кедергілер мен алғышарт­тарды ескере отырып, Қазақстандағы көп пәтерлі тұрғын үйлерді терможаңғырту процесін сауатты және тиімді ұйым­дас­тыруда тұрғын үй қорын энергети­калық жаңғырту жөніндегі үздік халы­қ­аралық практикаларды зерделеу қажет. Осы орайда халықаралық жобаларда іс жүзінде зерделеген тәжірибені негізге ала отырып, тұрғын үй қорын кең ауқымды энергетикалық жаңғыртуды ұйым­дас­ты­руға төмендегі тәсілді тал­қы­лау үшін ұсы­нып отырмыз.

Біріншіден, Тұрғын үй қорларын энерге­тикалық жаңғыртуға талдау жүр­гі­зуді басқа елдердің (мысалы, Гер­мания, Украина, Литва) тәжіри­бе­сі негізінде іске асыруға болады. Яғни тұрғын үй қорын егжей-тегжей зерделеу ұсынылады: бірінші кезекте ғимараттар қорының қай сегменті санацияға ұшырауы керек? Не­гізгі құ­ры­лыс серияларының негізгі за­қым­дануын зерттеу, зақымданудың жіктелуін жүргізу, жаңғырту барысында қандай энергетикалық емес және энергетикалық іс-шаралар іске асырылуға тиіс екені туралы қорытынды жасау қажет. Қа­нат­қақты кезеңнің практикалық бө­лігі – тұрғын үйлерді энергетикалық жаңғыртудың тартымдылығын визуал­дау жобаларын іске асыру. Бұл тер­мо­жаң­ғырту процесін стандарттауды қам­тамасыз етеді (бірыңғай құжаттар, сатып алу процестері, мамандардың мә­лімет­тер базасы және т.б.).

Екіншіден, елдегі терможаңғыртуды қолдау бағдарламаларын қалыптастыру. Қазақстандағы экономиканың қалып­тасқан нарықтық сипатын ескере оты­­рып, көппәтерлі тұрғын үйлерді энергетикалық жаңғыртуды қаржы­ландырудың тиімді бағдарламалары мем­лекеттің қатысуымен банктік кре­диттерге, сондай-ақ арнайы револь­вер­лік қорлар құруға негізделуге тиіс. Мұндай бағдарламалар немесе қор­ларды басқару ұйымдастырылуы керек. БҰҰ ДБ ұсыныстары бойынша Қазақстандағы тұрғын үй ғимараттарын терможаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге меншік иелерінің қаражатын біртіндеп жинақтау процесін ретке келтіру маңызды. Бұл, әсіресе 5-10 немесе тіпті 15 жылдан кейін күрделі жөндеуді жоспарлап отырған үйлерге қатысты.

Үшіншіден, терможаңғырту бойынша жобаларды кәсіби жүргізуді қамтамасыз ету үшін ПИК/МИБ қолдауын ұйым­дас­тыру. Ол үшін сараптамалық сүйе­мелдеуді және жөндеуді кәсіби басқа­ру­ды қамтамасыз ету қажет. Тұрғын үй иелеріне тұрғын үйлерді энергетикалық жаңғыртуды жүзеге асыруға көмектесетін тұрғын үйлерді жаңғырту жөніндегі менеджерлерді даярлау. Мұндай менедж­ерлер көппәтерлі үйді энергетикалық жаңғыртудың барлық процесін сүйемел­дейді.

Төртіншіден, өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойынша жергілікті немесе өңірлік деңгейде санация бойынша құзыреттердің тиісті орталықтарын құра отырып, терможаңғырту негіздерін түсіндіру үшін тиімді ақпараттық науқан жүргізуді ұйымдастыру. Бұл, әсіресе ақпарат берілетін және оқытылатын пәтер иелері арасында терможаңғырту жөніндегі шешімдерді келісу кезінде туындайтын проблемалардың бір бөлігін реттеуге мүмкіндік береді.

 

Лариса ШРЕКЕНБАХ,

IWO – «Шығыс Еуропаның тұрғын үй шаруашылығы» бастамасы,

Александр БЕЛЫЙ,

география ғылымдарының кандидаты, сарапшы