• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Желтоқсан, 2022

Әскери кафедра әскерге барғысы келмейтіндерге арналған ба?

627 рет
көрсетілді

Наполеон Бонапарттың «Өз әскерін асырағысы келмейтін халық жат әс­керді асырайтын болады» деген әйгі­лі сөзі адамзаттың ақыл-ойы асып, ғарышты игеріп жатқан XXI ғасыр­да да маңызын жоғалтпағанына бүгін­де көзіміз кәміл жетіп, көңіліміз алаң болып отырған жайымыз бар. Сон­дықтан да еліміздің қорғанысын һәм Қарулы Күштерін нығайту – күн тәрті­бінде тұрған көкейкесті мәселе. Оның ойдағыдай шешімін табуына әскери оқу орындарымен қатар, азаматттық жоғары оқу орындарының әскери кафедралары да өз үлестерін қосуға тиіс.

 

«Кеңес заманында орта мектепті бітірген соң ауылдан кеткім келмей, кеңшарда малшы болып жүргенімде көктемгі әскерге шақыруға іліктім. Сол кездегі бүкілодақтық құрылыс – Байкал-Амур магистралін (БАМ) салысатын құрылыс батальонына барасың деді аудандық әскери комиссариаттағылар. Бір ауылдасымыздан құрылыс батальондарында әлімжеттік үстемдік құрып тұрғанын естіген едім. Зәрем ұшып кетті. Сондықтан бір себеп айтып, күзгі шақыруға қалдыруды сұрадым. Құдай оңдағанда өтінішім қабыл алынды. Содан соң БАМ-дағы құрылыс батальонына барып, «шалдардан» таяқ жемеу үшін Алматыға аттанып, әскери кафедрасы бар жоғары оқу орнына оқуға түстім...», деген еді бір жолдасым. Кеңес заманынан «мұра» болып қалған әскердегі әлімжеттік мәселесі қазір де көптеген жас жігітті үрейлендіріп, олар әскерге бармаудың бір амалы ретінде әскери кафедрасы бар университеттерге оқуға түсіп жатқаны жасырын емес. Мұны жақсы білетін жоғары оқу орындарының басшылары әскери кафедра ашуды қосымша табыс көзі санайды. Кейінгі алты жыл ішінде 11 ЖОО-да әскери кафедра ашылғаны – соның айғағы. Сөйтіп, бүгінде еліміздегі 120 ЖОО-ның 36-сы немесе 30 пайызы запастағы офицерлер даярлаумен айналысып жатыр. Ал кеңес одағы кезінде Қазақстандағы ЖОО-лардың небәрі 12-нде ғана әскери кафедра бар еді. Оның үстіне, әскери кафедрасы жоқ ЖОО-ларға түскен жас жігіттер де басқа университеттердің әскери кафедрасында ақылы негізде оқып, әскерге бармаудың амалын жасап жүр.

Шынтуайтында, әскери кафедра­сы бар ЖОО студенттері аптасына бір күн­ді «Әскери дайындық» пәніне арнай­­тын­дықтан, бұл олардың негізгі маман­дықтарының оқу бағдарламасын игеруіне теріс әсерін тигізетіні сөзсіз.

Осы ретте алдыңғы қатарлы Қарулы Күштерге ие басқа мемлекеттердің кей­бі­рін­дегі ЖОО-ларда әскери кафедра жоқ­тығын айтқан жөн. Мәселен, Ресей Федерациясында 2019 жылдан бастап университеттердің әскери кафедралары таратылып, олардың базасында Қорға­ныс министрлігінің басшылығымен 33 Әскери оқу орталығы (ӘОО) құрылған. Қазір олардың жалпы саны 93-ке жеткен. Оларда жылына 10 500 кадрлық офицер, 34 200 запастағы офицер, 16 500 запастағы сержант пен сарбаз даярланады екен. РФ ӘОО-ларының ерекшелігі – оларды бітірген түлектерге келесі үш жыл ішінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару міндеті жүктеледі. Оған келіспеген жағдайда түлектің ӘОО-да оқуына жұмсалған қаражатты өтеуіне тура келеді. Себебі ӘОО-да оқу РФ мемлекеттік бюджетінің есебінен тегін жүргізіледі.

Қазіргі кезде РФ Қарулы Күштерінің кейбір әскери округінде запастан әскери қызметке шақырылған офицерлер саны округтің барлық офицерінің 20 пайызын құрайды, ал бастапқы әскери лауазымдарда олардың үлесі 50 пайызға жеткен көрінеді.

Ал Америка Құрама Штаттарында 600-ден астам азаматтық ЖОО-да  немесе барлық ЖОО-ның шамамен 20 пайызында әскери даярлық пәні оқытылады. АҚШ Қарулы Күштері офицерлер корпусының шамамен 70 пайызын ЖОО-лардың әскери даярлық курстарын аяқтаған түлектер құрайды. Жыл сайын әскери даярлық курстарын бітірген жастардың 50 пайыздайы тұрақты әскери бөлімшелерге әскери қызметке алынады. Мысалы, АҚШ-тың тек Құрлық әскеріне ғана жыл сайын әскери даярлық курстарын тәмамдаған 4 мыңдай түлек офицерлік қызметке баратын көрінеді. АҚШ Қорғаныс министрлігі, әсіресе азаматтық ЖОО-ларда даярланатын аясы тар мамандарды – дәрігерлерді, физиктерді, химиктерді, инженерлерді, сондай-ақ әскери барлау мамандарын Қарулы Күштер қатарына жиі алады екен.

АҚШ-тың азаматтық білім беру ұйым­дарындағы офицерлер даярлау жүйесі бо­йынша колледждерде – екі жылдық, ал университеттерде төрт жылдық оқу мерзімі қарастырылған. Екі жылдық оқыту бойынша резерв офицерлерін даярлағанда мемлекет оларға ақы төлемейді. Төрт жылдық бағдарлама бойынша білім алушылар стипендиямен, кітаптар мен оқу құралдарын сатып алуға, көлік шығынын жабуға арналған төлемдермен, тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған айтарлықтай қаржы бөлінеді. Алайда курсант келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда оған офицерлерді даярлау жүйесі бойынша жұмсалған барлық қаржы сомасы мемлекетке қайтарып алынады. Осыған ұқсас төлемдер мен келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарудың міндеттілігі Ұлыбритания мен Францияда да енгізілген.

Осы мысалдар көрсеткендей, әлемнің жетекші елдерінде әскерді нығайтуда азаматтық ЖОО-лардағы әскери даярлық жүйесі ерекше рөл атқарады. Әскери оқытылған резервті, оның ішінде запастағы офицерлер мен сержанттарды алдын ала даярлаудың маңызды екенін қазіргі заманғы соғыстар мен жергілікті әскери жанжалдар тәжірибесі растап отыр.

Оның үстіне, Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, еліміздегі әскерге шақыру жасындағы азаматтар жастардың жалпы санының шамамен 19 пайызын ғана құрайтынын, яғни аздық етіп отырғанын ескерсек, әскери оқытылған резервті жинақ­тауға қажеттілік бар. Ал оның негізгі тәсілі ЖОО-лардың әскери кафедралары базасында ел азаматтарын запастағы офицерлер және запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша даярлау болып саналады.

Әскери кафедраға оқуға қабылданған студенттер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес әскерге шақыру арқылы офицерлік лауазымдарда әскери қызмет өткеру туралы міндеттеме қабылдайды. Алайда әскерге шақырылып жатқан запастағы офицерлер саны көп емес. Мысалы, Үкіметтің биылғы «Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы» қаулысына сәйкес небәрі 190 запастағы жас офицер, соның ішінде Қарулы Күштерге – 150, ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызме­тіне 40 маман әскери қызметке шақы­рыл­ған. Әрине, бұл әскеріміздің қажетті­лігін өтеуге жеткілікті болғанымен, ЖОО-лар мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға даярлайтын запастағы офицерлер саны аздай, оларды ата-аналардың есебінен даярлап жатқаны қаншалықты негізді деген сауал төңірегінде ойлану қажет сияқты. Өйткені әскери кафедраларда оқу тепсе темір үзетін жас жігіттердің бір бөлігі үшін әскерге бармаудың амалы екенін ескергеніміз жөн.