• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Қаңтар, 2023

Әлемге танылған тұлға

495 рет
көрсетілді

XX ғасырдың басында Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері саяси сахнаға шықты. Алайда олар кеңес өкіметінің орнауымен әртүрлі жағдайға ұшырады, жер аударылды, тұтқындалды, атылды. Ал Мұстафа Шоқай ғұмырының 20 жылдан астамын әділеттілік пен заңдылықты қатаң ұстанған Францияда, шетел­де өткізуге мәжбүр болды.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі

Сыр еліне танымал әулеттің отбасында дүниеге келген, туасы зерек Мұстафа ауылда төрт жылдық медресені екі жылда бітіреді. Орыс қоныс аударушылары мен Ресей патшасының жергілікті шенеуніктері Шоқайдың кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз иеленіп,  егістік жерін тартып алады. Осыдан кейін Шоқай баласының өз құқығын өзі қорғай алуы үшін әрі қарай орысша оқығанын қалайды. Мұстафа 1899 жылы үш жылдық Перовск училищесіне түсіп, оны 1902 жылы аяқтайды да, оқуын Ташкенттің ерлер гимназиясында жалғастырады. Орысша сауатын жап-жақсы жетілдіре түсіп, қоғамдық өмірге араласа бастайды. Түркістан өлкесінің орталығы Ташкентке жан-жақтан келген кісілердің өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, жүрегімен сезеді. 1910 жылы оқуды аяқтағанда өзіне тиісті алтын медальді генерал-губернатор А.Самсоновтың баласы Запреметовке беруі де албырт көңілге қаяу салады.

Мұстафа Шоқай өмірінде Пе­тербург университетінің заң фа­куль­т­етінде оқуы ерекше маңызға ие болды. Ең алдымен, берісі Ре­сейдің, арысы Еуропаның білімі мен ғылымынан хабардар болып, алғырлық қабілетімен сол кез­дегі орыс қауымындағы демо­кра­тиялық үрдісті бойына сіңірді. Осы кезең туралы 1933 жылы «Есім­дегілерден... (Ресейдегі түркі студент­тер өмірінен)» атты мақала­да былай деп жазылған еді: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақы­лауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүр­ген болатынмын. Жағдайдың сон­дай­лығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шы­ға­тынбыз. Үкіметке қарсы ше­шім­дер қабылдап, көшелерде демон­страция­лар жасайтынбыз». Осы­лай университетте жүргенде-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласып, өзінің саяси бағытын ұштай түскен болатын.

Мұстафа Шоқайдың саяси-әлеуметтік көзқарасының қа­лып­тасуында Орталықтағы Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйым­дарының жұмысына тартылуы, жолығып тұрған, кейде қызметтес болған Алаш ардақтыларының рөлі жоғары болды. Әсіресе 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік думаның мүшесі, «Алаш» партиясының негізін қалаған, кейінгі Алашорда үкіме­тінің басшысы Әлихан Бөкейхан­ның саяси ықпалы ертерек бастал­ған көрінеді. 1939 жылдары сонау гимназияда оқып жүргенде естіген ұстаз сөзін былайша еске алған еді: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді».

Әлихан Бөкейханның ұсыны­сымен Мұстафа Шоқайдың 1916 жылы 10 тамызда Мемлекеттік ду­ма және үкіметтің тыңдауына Түркіс­тандағы ұлт-азаттық қозғалысын патша үкіметінің қатыгездікпен басқаны туралы арнайы мате­риал жинау мақсатымен құрылған комиссияның аудармашысы, хатшысы және маман-зерттеушісі ретінде Түркістан өлкесінде болуы, оны думаның Мұсылмандар фракциясының Кеңесші бюросында қызметке әкелген болатын.

Жинақтай айтқанда, Ресей орталығындағы бас-аяғы 6-7 жылға созылған уақыт Мұстафа Шоқайдың нағыз саяси университетіне айналды. Бұған дәлел ретінде оның 1917 жылы сәуірдің басында Петер­бургтен кетер алдында өзіне бұрын­нан таныс, сол тұста бүкіл Ресей ауқымында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен кездескендегі әңгіме тақырыбына тоқтай кетейік. Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясын құруға әзірлік жасап жатқанын айтады. Бұл сөзден шошынған Чхеидзе автономия елді дереу дербестікке, бөлінуге апаратынын айтқанда, Мұстафа Шоқай орыс революция­шыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ екенін жеткізеді. Бұл, біріншіден, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының автономия үшін күресінің бас­талғанын көрсетсе, екінші жағы­нан, сол кездегі Ресейдің биік лауазымындағы кісімен осылай сөйлесе алуы Мұстафа Шоқайдың саяси өресін, шынайы қайраткерлік болмысын танытып еді.

Ал сан салалы саяси қызмет пен жергілікті халық өкілдерін ұйым­дастыра білу нәтижесінде орнаған, өзі басшысы болған Түркістан мұқта­рияты Мұстафа Шоқайдың эмиграцияға кетер алдындағы алғашқы саяси шыңы, көтерілген биігі болатын. Алайда саяси сипаты жағынан Орта Азиядағы тұңғыш мемлекет 64 күн ғана өмір сүрді. Кеңес өкіметі оны құлатты, Қоқанды қанды қырғынға айналдырды. Ал басына 1000 сом бәйге жарияланған Мұстафа Шоқай шетел­ге кетуге мәжбүр болды.

 

Мұсылман эмигранттарының көшбасшысы

Тағдыр Мұстафа Шоқайға жарты ғасырдан астам өмір сыйлады. Оның 20 жылдан астамын эмигранттардың екінші отаны саналған Францияда өткізді. Осында сан салалы саяси қызметімен, ерекше қажыр-қайратымен, бірнеше тілде жазылған, сан тақырыпты қамтыған шығармашылық мол мұрасымен отандық эмиграциялық қызметтің тұңғыш жарқын беттері жазылды, ірі қайраткер санатында әлемге танылды.

Осы жылдары арнайы құрылған саяси ұйымы, саяси партиясы жоқты­ғына қарамай, Мұстафа Шо­қай кең мағыналы күреске шығып, Түркістандағы озбыр кеңестік саясатты барынша көрсете білді. Бұл қарқынға «Яш Түркістан» айрықша шабыт қосқан болатын. Журналдың тоғыз жылдығына арналған мақаласында: «Еуропа елдерінің кеңпейілділігін пайдаланып шығарып келе жатқан осы бір ұлттық басылымымызды өзіміздің тәуелсіз Түркістанымызда шығаруымыз керек еді. Онда біз өзімізді қазіргіден әлдеқайда бақыт­тырақ сезінер едік» деп жазды.

Мұстафа Шоқай эмиграцияда Түркістан ұлт-азаттық күрестің мақсатын қайта қарады. 1923 жылы Париждегі «Orientet Occident» журналында жарық көрген тұңғыш француз тілінде жазылған «Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» деген мақаласында Түркістанның автономияға қатысты бағдарламасын ұлттық тәуелсіздік бағдарламасына ауыстыру керек екенін түсіндірді. Бұл идея кейін заңды жалғасын тапты. 1929 жылғы «Яш Түркістан» журналының бірінші санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаласында Мұстафа Шоқай: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, елі­міз­дің еркі және жұртымыз Түркіс­танның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды» деп алдағы мақсатты өзгеше айқындаған еді.

Саяси қызметті жемісті жүргізу үшін Мұстафа Шоқайға ең бірінші орыс отаршылдығына қарсы кү­рес­тің стратегиясының құрамды бөлігі деп санаған Батыс елдерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мәсе­лесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігі қажет-тұғын. Осы мақ­сатта Ыстамбұл, Париж, Бер­лин, Варшава, т.б. қалалардың тиісті мінбелерінде сөз сөйлеп, большевиктердің түркі халықтарына жасаған озбырлық саясатын барынша әшкерелеген баяндамалар жасады, түрлі басылымда мақалалар жариялады. Осы мақсатта 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонда алты-жеті рет болды. Корольдік Халықаралық қаты­настар институтында жасаған баян­дамасына институт кеңесінің төрағасы Н.Малькольм былайша алғыс білдіреді: «Құрметті Шо­қаев мырза! Сіздің «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақы­рыпта жасаған баяндамаңыз үшін Корольдік Халықаралық қатынастар институты кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. Институтқа көрсеткен қызметіңіз сіздің тарапыңыздан үлкен ізгілікті іс болды. Сөйлеген сөзіңізге тың­дағандар шын ықылас қойып, риза болды». Бұл институтта баяндама жасау құрметі кез келген шетелдік ғалымның пешенесіне жазыла бермеген еді, ол Мұстафа Шоқайдың халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуымен байланысты болды.

Мұстафа Шоқай елден жеткен материалдарға ғылыми тұрғы­дан талдау жасап, баға беріп, кеңес­тану бағытын жаңа интел­лек­туалдық көкжиекке көтер­ді. Әлемге танылған тұлға шығармаларының он екі томдық толық жинағындағы мыңға тарта түрлі мақала мен мәтінде кеңестік жүйенің Түркіс­тандағы ұлттық саясатын жан-жақты әрі барынша терең сынады.

Кеңестік шындықты Алаштың елдегі басшылары да білді, алайда қатаң цензура, жіті бақылау олардың ашық айтуына мүмкіндік берген жоқ, жазғандарын жергі­лікті басылымдарда жариялатпады. Ал әлдеқалай халқына деген сүйіспеншілікпен айтқан ой-пікірлері үшін жала жабылып, ақыры 1930 жылдары қайғылы жағдайға ұшырады.

Тәуелсіздік үшін күрестің қа­жеттілігін әлемдік деңгейде жария­лап қана қоймай, Мұстафа Шоқай оған жетудің жолдары мен амалдарын саралады. Ол ең алдымен түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайтуды аса маңызды іс деп санады. Сонымен қатар сұңғылы стратег, тамаша тактик ұлт жауының тым күшті екенін, сондықтан Түр­кістан ұлттық ұйымының бір міндеті басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз байланыс жасау мәселесін қарастырды. Мұстафа «Алған бағытымыз айқын болсын» атты мақаласында: «Тек өз күшіміздің аздық ететіні көзге көрініп тұрған ақиқат. Сондықтан біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз лазым» деп жазды. Осы мақсаттағы ізденіс Мұстафа Шоқайды Әзербайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кав­каз, Түркiстан, Украинаның жә­не басқалардың өкiлдерi кiрген «Прометей» (Ресейдiң езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйымында қызмет етуге әкелді. Бұл ойлар ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған барлық халықтың тізе қосып, күш біріктіруін қалаған, олардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық, тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады деген тамаша идеядан туған еді. Шынына келгенде, бұл идея тәуелсіз елдер үшін де өміршең екендігін бүгінгі күн көрсетіп отыр.

Мұстафа Шоқайдың саяси-әлеуметтік болмысын оның жа­рық көрген барлығы үш жүздей хатты қамтыған эпистолярлық мұра­сынсыз толық түсіну қиын. Бұл хаттар түгел емес. Олардың мазмұны біразының қолды болғанын, оған арнайы мекемелердің аралас­қанын байқатады. 100-ге тарта әртүрлі елдегі, әртүрлі ұлт­тың өкілдерімен, саяси қайрат­керлерімен, ғалымдарымен қарым-қатынасының нәтижесіндей болған осы хаттар мазмұны Мұстафа Шо­қайды эмиграциядағы мұсыл­ман эмигранттарының көшбас­шысы болғанын көрсетсе, мұны Әзербайжанның саяси қайраткері, «Прометей» ұйымы басшыларының бірі Мұстафа Векили (Мустафа-бек Надир-ага оглы Векилов) 1938 жылғы 17 мамырдағы хатындағы: «Біздің ұлттық күштерімізді бірік­тіру туралы мәселеде сіздің көме­гіңіз бен қолдауыңызды күтемін. Себебі біздің ісімізге сіздің жа­ныңыз­дың ашитынын білемін» деген сөздер дәлелдеп тұр.

 

Жалынды публицист, тамаша тарихшы

Алаш ұлт азаттық қозғалысы жетекшілерінің кез келгеніне ерек­­ше қайраткерлік қасиетпен бірге шығармашылық қуат та кем берілмеген. Медальдің екі жағын­дай ажырағысыз бұл дүние Мұс­та­фа Шоқайға да тән. Ол 1921 жыл­дың мамырында Францияға же­тіп, Парижде орналасқаннан соң берісі Түркістан, арысы бүкіл түркі халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрес алаңын іздеді. Енді ой­дың күшіне, қаламның ұшына сенді.

Өзінің журналистік жолын сонау Ташкентте 1917 жылдың маусымында шығып, бірақ бір жылдан соң 1918 жылдың сәуір айының ортасында жабылған «Бірлік туы» газетінің негізін қалауы әрі редакторы болудан бастауы, Түркістан өлкесі мұсылмандары ұлттық орталығының бастамасымен 1917 жыл­дың сәуір айынан бастап шық­қан «Улуғ Түркістан» газетінің редакция алқасында болуы, ба­сылымдардың жұмысына белсене араласуы Мұстафа Шоқайдың ұйымдастырушылық қабілетін, журналистік шеберлігін танытатын алғашқы қадамдар еді. Газет беттерінде түркі халықтарының бірлігі, жаңадан орнаған кеңес өкіметінің отаршылдық саясаты, жер, ұлт азаттығы мен бостандығы мәселелеріне байланысты бірнеше мақаласы жарық көрді. Егер «Бірлік туы» газетінің 1917 жылы 4 шілдедегі санында 1917 жылдың 1-12 мамыр аралығында өткен бүкіл Ресей мұсылмандары жиналысынан туған ойларын қорытқан болса, 1917 жылғы 8 қарашадағы осы газеттің №14 санында жарық көрген Міржақып Дулатұлымен екеуі қол қойған «Алаш ұранды қазаққа!» атты мақаласында Түр­кіс­тан аймағындағы босқын қазақ-қырғыздардың жағдайына тоқталып, олардың мың-мыңдап қырылуы мен босқынға айналуы, халықтың топ-тобымен Қы­тайға көшкендігі туралы айтыл­ды. Журналистік тәжірибе 1919 жылдың наурызы мен 1921 жыл­дың ақпаны аралығында Грузия демократиялық республикасын­да болғанда жеті­ле түсті. Жергілікті бірнеше басылымға белсенді қатысып, өзі де газет-журнал шығарып, осы уақытта 60-тай мақаласы жарық көрді. Ал Францияға жетіп, Парижде орналасқан соң қайсар қайраткер, жалынды публицист өзі сонау Петербургтен жақсы танитын кешегі Ресейдегі Уақытша үкіметтің басшылары, Париждегі эмигранттар А.Ф.Керенский мен П.Н.Милюковтың басылымдары­на араласа бастайды. Осында 1925 жылға дейін жарияланған 150 мақаласынан хабардар болған кеңес көсемі И.В.Сталин 1925 жылдың 29 мамырында РК(б)П Қырғыз өлкелiк комитетiнiң Бюро мүшелерiне «ақгвардияшыл баспасөзге мәлім Шоқай» туралы арнайы хат жазғаны белгілі.

Түркістан ұлттық бірлігі ұйы­мының саяси белсенділігінің ар­туы Ыстамбұлдағы «Йени Түр­кіс­тан» журналымен қатар Еуро­пада жаңа басылымды қажет етті. Оны ұйымдастыруға байланыс­ты Польша мемлекеті өкілдерімен біраз жұмыс жүргізді. Мұны Мұстафа Шоқай хаттарынан байқауға болады. Сонымен қажырлы еңбектің нәтижесінде, 1929 жылдың жел­тоқ­санында Берлинде «Яш Түр­кіс­тан» («Уаs Тürkistan») журна­лының алғашқы саны жарық көрді. Мұстафа Шоқайдың шығарма­шылық жұмысына ерекше қарқын берген бұл журналда 1939 жылдың тамызына дейін 224 мақала жарық көрді. Бұл жарияланымдарда Ресей өкіметінің отарлау саясаты, осыдан туындаған проблемалар: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан жəне Қазан төңке­рістері, Алаш козғалысы, Түркіс­тан мұхтарияты, басмашылар көтерілісі, т.б. ұлттық аймақтардағы озбыр да өрескел әрекеттер қатаң əшкереленді.

Мұстафа Шоқайдың эмиграция­дағы ерекше жұмысының бірі Францияның ресми тілін жете меңгеруі-тұғын. Осы тілде 130-дан астам мақала жазды. 1924-1933 жылдары Ұлыбританияда оқылған баяндамаларын да осы тілде жасауы жайдан-жай емес.

Энциклопедиялық білімдар, тамаша тарихшы Мұстафа Шоқай шығармашылығының 1920 жылдардан бастау алып, ал 1930 жылдан кейін ерекше көңіл бөлген өзекті тақырыптарының бірі халықаралық мәселелер болды. Негізінен орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк және түрік-шағатай тілдерінде жазылған 150-дей мақаласында Англия, АҚШ, Аустрия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Поль­ша, Палестина, Франция, Чехо­­с­лавакия, Шығыс Түркістан, т.б. елдердің сыртқы саясатына, жал­пы халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне, ел ішіндегі экономи­калық дағдарысқа саяси сараптама жасалған. Оның Екінші дү­ние­жүзілік соғыс алдындағы әлем­дік саясатты жіті қадағалап отырғаны ерекше байқалады. Бір ескеретін нәрсе – халықаралық тақырыптың қайсысына қалам тартса да Мұстафа Шоқай туған елі, Түркістан өңірін әсте есінен шығармайды, бар мәселені осының маңына топтастырады. 1932 жылы жарық көрген «Қиыр Шығыста» атты мақаласында «Біз мейлі Қиыр Шығыста болсын, мейлі басқа бір жақта болсын, қашан да Ресейдің беделі түсіп, жеңіліске тап бола беруін күтеміз» деп жазуы тегіннен-тегін емес.

 

Кемел ой иесі

Мұстафа Шоқай Еуропаның нақ ортасы – Францияда түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болған еді. Ұлы тұлғаның кеңес өкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін кү­рес, тәуелсіздіктің мәні мен мазмұ­ны, оған жетудің амалдары мен жолдары, ұлттық мемлекет құру, қо­ғам­дағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап-тілектер, т.б. сая­си-әлеуметтік мәселелерді сөз еткен ой-тұжырымы мен нақыл сөздері бұған нақты дәлел бола алады.

Мұстафа Шоқай «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында «Яш Түркістан» жур­налының оқушылары Мәскеу­дің Түркістандағы ұлттық саяса­ты­ның қандай екенін жақсы білетінін ескерте келе былай деді: «Большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болды». Осындай себептерден кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне шүбә болмауы керектігін де атап көрсете отырып: «Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр. Түркістан орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді» деді.

Кеңес өкіметі Түркістанда өздері құрған республикалардың түрі – ұлттық, мазмұны – пролетар­лық десе, Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрестің басты мақсатын Мұстафа Шоқай: «Ал біздің мұра­тымыз – Түркістанда түрі жа­ғынан да, мазмұны ағынан да ұлт­тық болатын мемлекеттік құ­ры­лымға қол жеткізу болмақ. Сон­­да ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп айқындады.

Түркістанның ұлт-азаттығы қозға­лысының стратегиясы мен тактикасын жан-жақты қарастыр­ған Мұстафа Шоқай қолға тиген тәуелсіздікті тұғырлы етуге аса қажетті ұлттық қасиеттерді сақ­тай, оны дамыта білуге қатаң талаптар қойды. «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiл­мейдi де. Ұлт азаттығы – ұлт­тық рухтың нәтижесi. Ал ұлт­тық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуел­сiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi» деп жазды. Мұнда қаншама ой, қаншама өсиет жатыр. Өкінішке орай, мыңдаған жылдар ата-бабамыз күш-жігерін, тіптен ғұмырларын да құрбан етіп, қол жеткізген Тәуелсіздікті күн­делікті өмірде тиісінше қадірлей, қастерлей, мақтаныш ете алмай жүрген ұлттық рухсыз жандар бүгін ортамызда аз емес.

Ұлттық рух шынайы ұлтшыл­дық үдерісінде қалыптасатынын жақ­сы білген Мұстафа Шоқай халқы­­мыз­дың мәдени және руха­ни сала­дағы жетістіктерінің барлы­ғы ұлт­шылдық қозғалысына тән деп есептеді. «Орыс тепкісін­дегі Түркістанның ұлттық қозғалыс­тарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты еңбегінде: «Халқымыздың мəдени жəне рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бəрі тек ұлтшылдық қозғалысына тəн. ...Қанқұмар коммунис­тер халқымызға хайуандық пен зұлымдық істей отырып, ұлтшыл­дық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде-кім бұл өлмес идеяны Мəскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деді.

Бүкіл түркі жұртының ардақ­ты перзенті сонау 1923 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген туыс­қан Түркия елін үлгі тұтып: «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуын­да жатыр».

Бұл ойлар бүгінгі күні біз үшін де маңызды. Батысқа көбірек көңіл бөліп, Шығысты қаға беріс қалдыру – толыққанды тірлік емес. Осы сәтте жүрегі елім, Түркістаным, сүйікті халқым деп соғып, тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, Шығыс пен Батыстың білім-ілімін қос қанат еткен Мұстафа Шоқай әлем айдынына еркін жүзді. Ал 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арнаған сөзінде: «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек» деген сөздер мәңгілік ұстаным болып қалды.

Тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік­тің жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі, эн­циклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқайдың асқақ арманы орындалды. Алайда осы кезге дейін Мұстафа Шоқайдың бірнеше тілде жазылған 700-ден астам еңбегі әлі өз елінің мемлекеттік тіліне аударылған жоқ. Артында қалған осындай әлі де зерттей, игере түсуді қажет ететін мәңгі өлмейтін идеялары мен ой-пікірлері Қазақстанымыздың бүгінін байы­тып, келешегін кемел­ден­діре түсеріне игі ықпал етері сөзсіз.

 

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдар докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Мұстафа Шоқай  ғылыми орталығының жетекшісі