• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Инфографика 22 Ақпан, 2023

Азық-түлік қауіпсіздігі: Бағаны тұрақтандыру – басым бағыт

621 рет
көрсетілді

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың ұдайы жүргізіп жатқан іс-амалдарына қарамастан, баға үстемдігі басымырақ болып тұр. Жұртшылық азық-түліктің, басқа да күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттап бара жатқанына алаңдаулы. Осы ретте бағаның өсуіне әсер етіп отырған факторлар, оны тұрақтандыру мен қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін қабылданып жатқан жаңа тетіктер төңірегінде Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әсел ӘБЕН ой-пікір білдірді.

Биыл қаңтарда жылдық инф­ляция 20,7%-ды құрап, өсу қар­қыны өткен жылғы жел­тоқсанға қарағанда 0,4% болды. Бұл ба­ға­ның өсуі сәл баяулағанын көрсетеді. Қазіргі басты мақсат – инфля­цияның өсу қарқынының же­делдеуіне жол бермей, белгі­лен­ген дәлізде жыл са­йын 7,5-9,5% деңгейінде ұстап тұру және бағаның өсуін тоқтатуға тырысу.

Бір жыл ішінде азық-түлік тауар­ла­рының бағасы – 25,7%-ға, азық-түлік емес тауарларға – 20,2%-ға, ақылы қызметтер 14,2%-ға өсті. Жекелеген тауарлардың бағасы бір жыл ішінде 50%-дан аса өсті. Мәселен, пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы – 62,4%-ға, қант 60,9%-ға қымбаттады. Өнім­дер­дің басқа түрі: қияр – 55,6%-ға, консервіленген сүт – 46,4%-ға, банан – 45,2%-ға, ұн – 42,8%-ға, макарон – 42,3%-ға, арпа жармасы – 41%-ға, күріш – 39,6%-ға, қаймақ – 38,4%-ға, тұздалған майшабақ – 38,3%-ға, тоқаш және ұн өнімдері 36,2%-ға қымбаттады. Қырыққабат бағасы 26,5%-ға тө­мен­деді.

Әрине, бағаның өсуі халықтың кірісі мен шығысына теріс әсер етеді. 2022 жылғы ІІІ тоқсандағы қолда бар статистикаға сәйкес жан басына шақ­қан­дағы ақшалай табыс орташа есеппен 236 398 теңге болды. Шығындар құ­ра­мының жартысынан көбі (50,8%) азық-түлік тауарлары бол­ғандықтан және бағаның өсуі­мен бұл көрсеткіш әрі қарай да ұлғая түсетінін ескерсек, негі­зінен халық тек тамақтану үшін жұмыс істеуге мәжбүр болатын жағдай туындайды. Ал тамақ­танудан басқа, оқуға, ден­сау­лық­қа, демалуға да қаражат қажет. Оларсыз өмір сапасын жақсарту мүмкін емес.

Екінші маңызды мәселе на­рық­ты қажетті тауар мөлшері­мен қанықтыруды қам­­тамасыз етуге қатысты. Бағаның көте­рілу факторы – тауардың тапшы­лы­ғы болуы мүмкін. Бұл сөз байласу негізінде, ло­гистикалық жеткізілім тізбе­гі­нің бұзылуынан немесе егіннің жетіспеушілігінен орын алуы мүм­кін. Бірақ мемлекеттік орган­дар­дың мін­деті – қандай болсын тапшылықтың, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарларының жетіспеушілігінің туындауына жол бермеу.

Сондықтан халықтың қолай­лы өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін мемлекет бағаны тұрақ­тан­­дыруға, тауарлардың қа­жетті көле­мімен қамтамасыз етуге, әлеу­меттік шиеленісті тудыруы мүмкін жағдайларды рет­теуге бағытталған шараларды қол­­­данады. Мемлекеттің бұл іс-ша­­ра­­ларын жедел және страте­гия­­лық деп бөлуге болады. Же­дел іс-шаралар қысқа­ мерзімді кезеңдегі нақты мәселені шешуге қолданылса, стратегиялық іс-шаралар ұзақ мерзімді перспективада белгілі бір мақсаттарға жетуге бағытталған.

Мәселен, стратегиялық іс-шара­ларға агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытудың 2030 жылға де­йін­гі тұжырымдамасын жат­қызуға болады. Қазіргі уақытта тұжы­рым­дама сын-қатерлерді ескере отырып өзектендірілді. Бұған дейін 2021 жылы агроөнер­кә­сіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлт­тық жобасы бекітілді.

Ауыл шаруашылығын дамыту – бас­ты басымдықтардың бірі, өйткені ол жұмыспен қамтуда, әлеуметтік және азық-түлік қауіп­сіз­дігін нығайтуда ма­ңыз­ды рөл атқарады. Осы құжаттарға сәйкес негізгі міндеттердің бірі – елді отандық өндірістің өнімімен қам­тамасыз ету. Бұл ретте 80% деңгейінде азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге қол жеткізу мақсаты қойылған. Ол үшін еліміз бойынша 70 мыңға жуық шаруашылық пен 400 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Жедел іс-шараларды шартты түрде ұлттық (өңірлік) және жер­гі­лікті деңгей­лер­ге бөлуге болады. Мәселен, қазіргі уақыт­та ұлттық деңгейде бағаны тұрақ­тан­дыру құралдары қайта қаралды. Баға­ны ұстап тұру мақ­са­тында жеке ұйым­дарға қар­жы бөлінген кезде «айналым схемасы» шеңберінде қарыздар беру жөніндегі тәсіл қайта қа­рал­ды. Енді қаражат өндіру­ші­лерге тікелей жұмсалады. Тұрақ­тан­дыру қорларын қалып­тас­тыру механизмі де өзгертілді – өнімді сатып алу егін жинау кезе­ңінде, на­рықта бәсекелестік бағалар болған кез­де және сату маусымаралық кезеңде жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығы өндіру­ші­­ле­рі­нен өнімді сату сәтіне дейін сақтаумен келісімшарт жасау­ға мүмкіндік беретін фор­вард­тық сатып алу тетігі енгізілді. Қазіргі уа­қытта 2022 жылғы егін келісім­шар­ты бойынша нақты қорлар: пиязға – 110%-ды, картопқа – 105%-ды, сәбізге – 87%-ды, қырыққабатқа 70%-ды құрайды. Сонымен қатар өткен жылы заң­на­маға әлеуметтік ма­ңызы бар тауар бағасының сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс деген норма енгізілді. Жергілікті деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары сияқты субъектілер маңызды рөл атқарады. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақ­тан­дыру тетіктерін іске асыру шең­бе­рінде «Ертіс» ӘКК кәсіп­кер­лік субъектілеріне ерте жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қарыз беру мүмкіндігін қарастыруда.