• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 03 Мамыр, 2023

Кәсіпкер мүддесін қорғайды

424 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиісті шағын және орта бизнесті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып отырғаны белгілі.

Осы орайда Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыруды бастады. Кәсіпкерлер алдында кесе-көлденең тұратын әртүрлі әкімшілік кедергілерді азайтып, құжаттарды рәсімдеу кезінде оларды әуре-сарсаңға түсірмеуді көздеген жоба аясында агенттіктің облыс бойын­ша департамент мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірлесіп тиісті жұмыстар ұйымдастырып келеді. Проблемалық мәселелерді талдау үшін әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылды.

Кәсіпкерлердің жігерін құм, тала­бын ұн қылып отырған мәсе­ле­лердің негізгісі жер учаске­лерін пайдалану мерзімін ұзарту, бизнес жүргізуде атқарушы органдардан түрлі келісімдер алу болып отыр. Тіпті атқарған жұмыстарының ақысын ала алмай әуреге түсіп жүргендер де аз емес. Кездесулердің бірінде департамент өкілдеріне бір жеке кәсіпкер жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартудан қала­лық жер комиссиясы негізсіз бас тарт­қаны жөнінде өтініш білдірген. Алты ай бойы нақты жауап ала алмай қажыған кәсіпкердің мәселесін тексеру барысында былтыр әкімдік 7 кәсіпкердің дәл осындай өтінішін аяқсыз қалдырғаны белгілі болды.

Департамент пен жергілікті атқарушы органның бірлесе талқылауынан кейін кәсіпкерлер­дің өтініштері қайта қаралып, жер телімін жалға беру мерзімін ұзарту туралы шешім шығарылды. Тағы бір кәсіпкер квази­мемле­кеттік ұйыммен шарт жасасып, кеніштердің ғима­рат­тары мен нысандарын ре­кон­струкциялаған. Бәрі бітіп, ақы төлейтін кез жеткенде квазимемлекеттік мекеме бас­тапқы жобалау-смета­лық құжат­­таманы түзету қажеттігін алға тартып, жұмысты қабылдамай тас­­тайды. Осыдан кейін табан ақы, маңдай терінің өтеуін ала алмаған кәсіпкердің сабылысы басталады.

Істі тексеру кезінде шартта және техникалық ерекшелікте бастапқы жобалау-сметалық құжаттама­сы­на түзету көзделмегені бел­гілі болды. Демек, квазимемлекеттік ұйымның қойып отырған талабы заңсыз. Департамент түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін кәсіпкерге 88,7 млн теңге толық төленді. Тексеру барысында жергілікті атқарушы орган тарапынан жеке балабақшаларды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруда біраз кәсіпкердің құқықтары шектелгені анықталды. Мысалы, қалалық білім бөліміне қарасты 206 жеке мектепке дейін­гі ұйымдардың елу бесін қар­жыландыру – 10,5, ал дәл осындай 99 балабақшаға төлем 9 сағаттық коэф­­фициентпен жүргізілгені бел­­гі­лі болды. Департаменттің ара­­ла­суынан кейін қалалық білім бө­лімі 99 жеке балабақшаны 10,5 сағаттық коэффицентпен қаржы­ландыру жөнінде шешім қабылдап, жалпы бөлінетін қаражат көлемі 828 млн теңгеге ұлғайды.

 

Қызылорда облысы