• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 10 Мамыр, 2023

«Мейірім» аясындағы «Бақытты бала»

288 рет
көрсетілді

Қоғамда іштегі мұңын, сырын, шынын жұртқа жеткізе алмай, не қажет, неге мұқтаж екенін айта алмай, қолдарымен «сөйлеп», онысын біреу ұқса, біреу ұқпайтын адамдар бар. Олардың өмірі – тұнған тыныштық. Араласатын ортасы да шектеулі: тек ым-ишарамен сөйлеп, ұғысатын кішкентай кеңістік. Мылқау жандар да мектепке барады, көркем шығарма оқиды, сурдоаудармамен кино көреді. Ол асқан шебер, ісмер немесе талантты суретші, керемет шахматшы болуы мүмкін. Мүмкіндігі шектеулі зағип адамдардың да біртүсті өз әлемі бар.

Соқырлықтың алдын алу жө­ніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінгі таңда дүние жүзінде 284 млн адамның көру қабілеті нашарлаған. Оның ішін­де 39 млн-нан аса адам мүлдем көрмейді. 19 млн бала түрлі көз ­ауруына шалдыққан. Ғалымдар­дың зерттеуінше, әлемдегі осы есеп 2050 жылға қарай 115 млн-ға жетуі мүмкін. Оған, әрине, тәуліктің көп уақытын жұмсайтын смартфон-планшеттер себеп. Ал Қазақстанда 86 мың зағип адам бар. Оның ішінде нашар көретін балалар – 7 934 болса, 320 бала мүлдем көрмейді.

Ресми деректерге сүйенсек, елі­мізде есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін 30 мыңнан аса мүгедек азамат бар. Оның ішінде 5 782 адам мылқау. Бүгінде осы санаттағы балаларға арналған он жеті мамандандырылған мектеп-интернат жұмыс істейді. Онда қазір үш мыңға жуық бала білім алуда. Ал Астана қаласында есту қабілеті бұзылған мүгедектер саны – 1 208 адам болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 405 бала бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандар­дың шынайы өмірден, күнделікті тіршіліктен алыстамауы үшін бар жағдайды жасау – мемлекеттің міндеті. Әсіресе олардың мәдени орындарға – театрлар мен музейлерге еркін бара алуларын қоғам бар мүмкіндігімен қамтамасыз етуі керек-ті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында даму­дың бірден-бір жолы – білім саласы, сондықтан бұдан ешкім тыс қалмау керектігін баса айта­ды. Осы мақсатта елорда төрін­дегі Ұлттық музейде барлық жас­тағы ерекше жандар үшін олар­дың қалыптасуына, дамуына бағыт­талған әртүрлі іс-шаралар мен сабақ­тар, тарихи жәдігерлерді жа­қын тануға тактильді экспозициялар ашылған.

2020 жылдан бастап аталған музейде «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі келушілерге арналған «Қол­жетімді музей: әлеуметтік жо­­басы аясында зағип және нашар көретін келушілерге арнал­ған «Саусақ ұшындағы өнер» қанат­қақты жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 16 музейлік жәді­гер, сондай-ақ Ұлттық музей залдарының ішкі және сыртқы кө­рінісі кәсіби дыбысталып сипатталды және аудиогидтерге жазылды.

Еліміз үшін бірегей архео­ло­гиялық және тарихи маңызға ие жәдігерлерді шебер-реставраторлар мен мүсіншілер 20-дан астам музей жәдігерлерінің тактильді модельдерін жасап, көру қабілеті нашар келушілерге «қолмен ұстап көруге» мүмкіндік берді. Осылай­ша, қолжетімді музей – мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдениетін қалыптастыру мақсатын көздейтін әлеуметтік-мәдени жобасына айналды.

Әлемдік музейлер тәжірибе­сін­де мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ға арналған мұндай жобалар кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, Франциядағы Лувр музе­йінде арнайы тактильді галерея­да музей қорынан мүсіндердің миниатюралық көшірмелері жи­нал­ған тұрақты жұмыс істейтін экс­позиция бар. Ал Нью-Йорк қа­ласындағы заманауи өнер музе­йінде зағип және көзі нашар көре­тін жандарға арнайы қолғаппен мүсіндерді «зерттеуге» рұқсат етіл­ген. «Гараж» музейі (Мәскеу) зағип жандар үшін тактильді экс­­курсияларды тұрақты түрде ұйым­дастырады, сондай-ақ есту қабі­леті шектеулі жандар үшін сурдо­аудармамен экскурсия өткізеді.

Өскелең ұрпақтың дамуы мен балалардың бақытты балалық ша­ғын қамтамасыз ету мақсатында Ұлт­тық музей бұл бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Айта кетсек, 2017 жылдан бастап «Мейірім» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба аясында өткізілетін барлық іс-шаралар музей қызметімен тығыз байланысты болғандықтан түрлі фестивальдар өтеді. Соның бірі – Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Бақытты бала» атты ерекше білім алуды қажет ететін балалар­дың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатындағы IV инклюзивті музейлік фестиваль 2022 жылға дейін 4 рет ұйымдастырылып, 60 адам қатысқан. Сонымен қа­тар әкімшілік қарамағындағы «Жан­сая» әлеуметтік қоры және Ұлт­тық музейдің қолдауымен ерекше балалармен бірқатар табысты жұмыс жүргізілді. Биыл қордан қызмет алушы өнерпаз балалар­дың қатысуымен «Өнерлінің қолы алтын» тақырыбында сурет көр­месі өтті. Үздік шыққан 30 бала­ның ішінен 10 баланың жұмысы көр­меге қойылып, алғысхаттармен марапатталды.

Ерекше жандардың түрлі фести­вальдарға, көрмелерге, шеберлік сабақтарына қатысып, жәдігерлерді көз жанарымен көрмесе де, қолмен ұстап, сипап, ішпен сезіп, балаша шаттанған жүздерін көру музей қызметкерлерін ғана емес, барша адамзатты қуантады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени өмір­ден алыстамауына мүмкіндік тудыратын осы бағыттағы жобалар көбейген сайын қоғам да ізгілене түспек.