Аралда осындай фестиваль өтті дегенде екінің бірі «оу, құм суырған өлкеде қайдағы қызғалдақ?» деуі әбден мүмкін. Әйтсе де шөл далада да көрген жанның көзін қызықтырар небір өсімдік бар ғой. Соның бірі – осы аймақта жиі кездесетін Борщов қызғалдағы.
Аты Илья Борщов дейтін орыс ботанигінің құрметіне қойылған бұл гүл Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөлдерде, Қызылқұмда кездеседі. Аралдағы Барсакелмес қорығының сәнін кіргізіп тұрған да осы гүл. Қыста қар мол түскен жылдары лалагүлдер тұқымдасының қызғалдақ тобына жататын бұл өсімдіктің Қармақшыдағы Қорқыт ата кесенесінің маңында жайқалып тұрғанын да талай көргенбіз. Жапырағы кәдімгі алоэнің сабағына келіңкірейтін Борщов қызғалдағы мұнай өндірілетін Құмкөл маңайын да «жатырқай» қоймайды.
Жалпы, елімізде қызғалдақтың 35 түрі өссе, оның 18-і «Қызыл кітапқа» енген. Барсакелмес қорығында сәуір-мамыр айларында гүлдеп, мамыр-маусым айларында тұқым шашатын Борщов қызғалдағынан бөлек елімізде қорғауға алынған тағы 4 өсімдік өседі.
Көктемнің көркі, сұлулықтың нышаны қызғалдақтарды қорғау мен дәріптеу мақсатында республикалық «Парктер шеруі-2023» табиғат қорғау акциясы аясында Аралда «Қызғалдақтар фестивалі» өтіп, Борщов қызғалдағы туралы мектеп оқушыларының жасаған танымдық көрмелері мен паннолар ұйымдастырылды. Аудан мектептерінде дала сәніне айналған қызғалдаққа арналған экологиялық іс-шаралар өтті.
Қызылорда