Ұлттық музейде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрменің салтанатты ашылуы өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған көрмеде еліміздің ежелгі өркениет ордасы – Отырарға қатысты құнды жәдігерлер таныстырылды.
Өз заманында өркениеттің ордасы саналып, Батыс пен Шығысты байланыстырған, қазақтың бойтұмарына айналған Отырар көрмесіне тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып келе жатқан зерттеулер нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылған. Тарихи-тағылымды көрмеде Отырар даласында Ұлы Жібек жолы арқылы сауда қатынастарының дамуы және Қарахан дәуірінен бастап, Қазақ хандығына дейінгі қалалық мәдениеттің өркендеуі мен дамуынан хабар беретін 154 археологиялық жәдігер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрерменге өткен тарихымыздан кең көлемде мәлімет беру үшін мұражай қоры жинағындағы археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, басқа да заттай дәйектемелер, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.
Іс-шара барысында Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Ақмарал Ибраева мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов халқымыздың өткен тарихынан сыр шертіп, толымды әрі тың мәліметтер ұсынып отырған көрме жұмысына сәттілік тіледі. Ортағасырлық көне қаладан табылған жәдігерлер тарихы Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе – ортағасырлық қаласымен де үндесіп жатқанын айтып, осындай көрмелер жергілікті тұрғындар көкірегіне рухани нәр құятынын жеткізді. Ойлылардың ізі қалған Отырарда әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқандығы айтылды. Әлемдік өркениетте өзіндік үлесі зор, тарихы тереңде жатқан Отырар бүгінде – туризм орталығы деп түйіндеп, Ұлттық музей экскурсоводтары келушілерді көрме барысымен таныстырды. Айта кетейік, көрме 30 шілдеге дейін жалғасады.