Басқа-басқа, симфония кешіне барғанның әсері тым бөлек екенін театрсүйер қауым жақсы біледі. Әр аспаптың үні жан-тәніңді түгел бойлап, күнделікті тіршіліктен қажыған көңілді теңіздің түнгі толқынындай тербетеді келіп. Скрипканың үні үзіліп-сызылып, үзіліп-сызылып, енді бір сәтте аспанға шапқандай дүр көтерілгенде осынау өнердің құдіретіне сұмдық таңғаласың. Әуезді кеш бас қаламыздың аристократтық мәдени орнына айналған «Астана Операда» болды.
Өнердің айшықты кеші
Өткен аптада аталған өнер ордасы X мерейтойлық маусымын әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өткен симфониялық концертпен аяқтады. Айтулы кеште театрдың бас дирижері, маэстро Алан Бөрібаевтың бағдарламасы ұсынылды. Ең басты жаңалық – Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан сюитаның премьерасы болды. Одан бөлек Антонин Дворжак пен Густав Малердің туындыларын тыңдап қайттық.
– Кешімізді Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан Симфониялық сюитаның премьерасымен бастадық. Осылайша, біз өзіміздің ұлттық өнерімізді қолдау – «Астана Опера» қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап көрсетеміз. Ахмет Қуанұлы Құрманғазы туралы опера жазуды армандаған, бірақ үлгермеген. Өкінішке қарай, ол өмірден өткендіктен, бұл туындыны оның қызы Ғазиза Ахметқызы аяқтады. Мен сюитаның концерттік нұсқасына осынау қуатты операдан бірнеше жарқын симфониялық үзіндіні таңдап алдым. Ғазиза Ахметқызының аспаптауы көркем, оркестрдің соқпалы бөлігі кеңейтілген. Том-том, бонго, маракас, қоңыраулар, вибрафон, ксилофон және басқа да соқпалы аспаптар «Құрманғазыны» оркестрге лайықтауда айрықша колорит қосады. Одан бөлек атақты виолончельші Цзин Чжаомен бірге Антонин Дворжактың жауһары – Виолончельге арналған концертін орындадық. Бұрын онымен Жапонияда жұмыс істедік. Әлемдік таланттың Астанада өнер көрсетуге шақыруымды қабыл алғанына қуаныштымын. Ал концерт пен театрдың мерейтойлық маусымын Малердің «Титан» атты ғаламат бірінші симфониясымен аяқтадық», дейді маэстро Алан Бөрібаев.
Сондай-ақ ол Густав Малердің шығармашылығына бұрыннан ынтық болғанын атап өтті. «Театрға келген алғашқы жылдары оркестрмен Густав Малердің барлық симфониясын орындаймын деп мақсат қойдым. Густав Малер – XIX ғасырдың соңындағы және XX ғасырдың басындағы ең ірі композиторлардың бірі. Оның симфонияларын орындау – әрдайым үлкен оқиға. Оның симфонияларының түгелге жуығы оркестрдің үлкен құрамына арнап жазылған, ал оларды орындау музыканттардан асқан шеберлікті талап етеді. Бұған дейін оның Екінші, Бесінші және Сегізінші симфониясын орындадық. Осыдан кейін барлығы неден басталғанын білу үшін оның басқаларға ұқсамайтын Бірінші симфониясын орындауымыз заңдылық. Оркестрмен бірге Малердің барлық симфониялар топтамасының ортасына жақындап қалғанымызды сезіну біз үшін үлкен қуаныш болды», деді бас дирижер.
Әуезді кеште аты әлемге мәшһүр виолончельші Цзин Чжао Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті. Талантты шебер кеш мазмұнының музыкалық құндылығы тереңде екенін атап өтті.
– А.Дворжактың Оркестр мен виолончельге арналған концерті, си минор – әлемдегі барлық виолончельшілер үшін айтулы концерттердің бірі. Мен үшін бұл туынды симфония, оркестр партиясы – теңіз, ал виолончельдің жеке партиясы теңіздегі қайық тәрізді немесе оларды ғалам мен жұлдызға ұқсатамын. Концерт оркестрге керемет лайықталған. А.Дворжактың виолончельге арналған концертіндегі секілді дәл мұндай оркестрлік өңдеумен виолончельге арналған басқа бірде-бір концерт жоқ. Аталған туындыда барлығы бар. Бұл ғаламат, көркем, терең мағыналы және эмоционалды шығарма. Виолончельдің партиясы осынау аспаптың мүмкіндіктерін мейлінше аша түседі. Бұл композиция шебер құрылған. Осы туындыны орындаған сайын солистің мүмкіндігі сыналады, – дейді Цзин Чжао.
Премьерадан гастрольге дейін
Биылғы маусым қандай жаңалықтар мен айтулы оқиғаларға толы болғанын ұмытқан жоқпыз. Жас та жасампаз елорданың алып әшекейі саналған театр сахнасында асқақ өнерге талай мәрте куә болдық. Тамсандық та таңдандық. Бірқатар айтулы премьералар ұсынылып, көрерменнің көзайымына айналды. Атап айтсақ, 2022 жылдың ең көп талқыланған және көпшілік асыға күткен балет премьерасы «Күлбике». Туындыны «Астана Опера» сахнасында С.Прокофьевтің музыкасына хореограф Раймондо Ребек қойды. Сондай-ақ Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балетінің премьерасы да үлкен резонанс туғызды. Биыл театр тағы екі премьера дайындады, олар – әлемдік хореография жауһары В.А.Моцарттың музыкасына И.Килианның «Кіші өлім» балеті мен Дж.Россинидің сирек орындалатын «Алжирдегі италиялық қыз» опера-буффасы.
Премьераларды гастрольдер тізбегі алмастырды: балет труппасы Мәскеу жұртшылығы алдында Кремль сарайы сахнасында өнер көрсетті. Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында қазақстандық ұжым Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» спектаклін ұсынды.
Музыканы бағалайтын жандар да, әртістер де көптен күткен «Астана Опера» гастролі Алматыда 8-10 желтоқсан аралығында өтті. Театр алматылық көрерменге бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі бағдарлама – Гала-концерт пен Дж.Вердидің «Реквиемін» ұсынды. Ал солистер театр хорының және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Одан кейін театр ұжымы Бакуге жиналды. Ал Беларусь Үлкен театрында Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын орындады. Бұл гастроль XII Минск Рождестволық опера форумы аясында өткен еді. Солистердің вокалдық шеберлігі мен әртістігі, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі Камералық оркестрдің нақышына келтіре дыбыстауы беларусьтік көрерменді таңғалдырғаны сөзсіз.
«Астана Опера» сахнасында гастрольдік турмен қатар әлемнің 14 елінен опера және балет жұлдыздарын жинаған «Жібек жолы» халықаралық фестивалі өткені де есте. Бір айға жалғасқан асқақ өнер мерекесі көпшіліктің жадында жарқын естеліктер қалдырды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль еліміздің мәдени өміріндегі айшықты оқиғалардың бірі ретінде тарихқа енді.
Биыл да труппа түрлі қалалар мен елдерге гастрольмен барды: мамырда опера труппасының Қарағандыдағы, балет труппасының Алматыдағы гастрольдері өтті. Хор әртістері Польшада өнер көрсетіп, Варшава мен Белостокта өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Әртістер халықаралық байқаудан жүлделі бірінші орын алып келді, сондай-ақ қазақ музыкасының жеке концертін берді. Артынша поляк жұртшылығының сұрауы бойынша қазақ музыкасының тағы бір концертін өткізді. Жуырда Словения тұрғындары қазақ балет әртістерінің жарқын өнеріне куә болмақ.
Осы тұста скрипкашы Марат Бисенғалиевтің көптің жүрегін жаулаған жобасын да атап өтпеске болмайды. Мың музыкант бір сәтте бір сахнада «Ұлы дала әуені» салтанатты одасын орындағанын тыңдаған жүрек ұмыта ма? Еске салсақ, премьера Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін мерекелеу аясында өткен еді.
Кезек – жастардікі
Бұл маусымда академистер де елордалық көрерменді өздерінің сәтті сахналық жұмыстарымен бірнеше мәрте қуантып үлгерді. Биыл П.Чайковскийдің «Иоланта» операсының, ұлы композитордың 150 жылдығына орай С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік нұсқаларының премьерасы болды. Дж.Пуччинидің «Богема» операсы мен Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы Astana Opera Халықаралық опера академиясындағы оқудың шешуші нүктесін қойды. Екі спектакльге де академия солистері қатысты.
Бұдан бөлек, «Астана Опера» өскелең ұрпақтың сауатты дамуына көп көңіл бөледі. Он жылдан бері «Астана Опера» қабырғасында Балалар театр студиясы жұмыс істейді. Оның оқушылары бас сахнада өз өнерлерін кәсіби әртістермен бірге көрсетіп жүр. Ал былтыр «Астана Опера» театрлық қолөнер студиясын ашты. Балалар киім үлгілеуден бастап, ағашқа өрнек салуға дейін әркім өз сыныбына зор ынтасымен барып жүр. Осы балалардың ішінде біреу болмаса, біреуі кәсіби өмірлерін «Астана Операмен» байланыстыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ осы жылдан бастап театрда балаларға ғана емес, ересектерге де театрлық қолөнерді үйрете бастады. Енді ниет білдірген кез келген жан жасына қарамастан театр қызметкерлері қатарындағы тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен өздерінің шығармашылық әлеуеттерін ашып, айрықша дағдыларды меңгере алады.
Кәсібилік кез келген өнер адамына тәжірибемен келеді. Осы мақсатта театрда шеберлік сағаттары жиі ұйымдастырылып тұрады. Оның ішінде атақты опера орындаушысы әрі вокал бойынша коуч Анна Вандидің (Италия) шеберлік сағатын, балет труппасының Франциядан келген шебер Янник Бокуинмен кездескенін ерекше айтуға болады. Маусым бойы елордалық сахнада талай шетелдік әртістер өнер көрсетті: оңтүстіккореялық опера әншісі Суми Чо, португалиялық әнші Сюзана Гашпар, дүниежүзінде сұранысқа ие флейташы Андреа Гриминелли (Италия), италиялық дирижер Джузеппе Акуавива, Мариинский театрының солисі Ахмед Агади, Беларусь Үлкен театрының жұлдыздары Дмитрий Уксусников пен Людмила Хитрова, Александр Михнюк (Беларусь), Дарья Горожанко (Украина), Константин Бржинский (Ресей), Ованнес Айвазян (Армения), Оксана Крамарева (Украина – Германия), Либуше Санторисова (Чехия), Дарья Сузи мен Хавьер Качейро Алеман (Германия) және тағы басқалары.
Фестивальдер шеруі
Биыл қаңтарда театр «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин ұйымдастырған фестивальдер топтамасын өткізуді бастады. Мәдени іс-шаралар тізбегі төрт айға жалғасты. Астаналықтарға Жапония, Моңғолия, Израиль мен Эстониядан дирижерлер шақырылған Вена классикасының фестивалі ұсынылды. Бұл фестивальде театр оркестрі классицизм дәуірінің жауһарларын орындап, шеберлік пен жоғары кәсібиліктерін көрсетті.
«Рахманинов трибьют» деген атаумен тағы бір фестиваль классиктің 150 жылдығына арналды. Оған АҚШ-тан, Еуропа мен Қазақстаннан атақты орындаушылар қатысты. Сондай-ақ асқақ өнер жанкүйерлері 12-27 сәуір аралығында «Астана Операның» Мәрмәр, Камералық және Үлкен залдарында өткен Барокко-фестивальдің мазмұнды бағдарламасын тамашалады.
Айта кетейік, мерейтойлық маусымды Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Опералия» халықаралық фестивалі қорытындылады. Оған Барсег Туманян (Армения), Лаура Вереккья, Диего Каваццин, Изабель дель Паоли (Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Седжун Ан (Корея), Мунзифа Исоева (Тәжікстан), Альфия Каримова (Башқұртстан), Айбек Саралаев (Қырғызстан), Абосхон Рахматуллаев (Өзбекстан), Коки Янг (Қытай) қатысты.