Алматы облысы Ұзынағаш ауылында орналасқан «Арман дала» жазғы лагеріне балаларын жіберген ата-аналардың қуанышы ұзаққа бармады. Жазғы демалысын осы лагерьде өткіземіз деп келген оқушылар күтпеген жайтқа тап болып, өрескел жағдай туралы ата-аналарына хабарлаған. Осының ізін ала әлеуметтік желіде еденде, желдетілмейтін бөлмелерде ұйықтап жатқан балалар туралы бейнежазба тарады.
Дереу балаларын көруге аттанған ата-аналар бұдан да сорақы жайттардың куәсі болды. Саунада шомылып жүрген жартылай жалаңаш ер адамдарды, бөгде балаларды көрген ата-аналар дереу тиісті орындарға хабарлап, лагерь басшылығына шара қолдануды сұраған.
Алматы қаласы Білім басқармасының мамандары ата-аналардың шағымынан кейін «Арман дала» лагеріндегі жағдайды анықтап қайтқан болатын. Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысының қалыпты жағдайға сәйкес келмейтініне түсініктеме бере отырып, жағдай «БелРичи» ЖШС компаниясының жауапсыздығынан орын алып отыр деп мәлімдеді. Аталған компанияны бұдан былай мемлекеттік сатып алуға қатыстырмау туралы талап-арыз жазды. Осы іске жауапты Білім басқармасының қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды. Ал лагерьдегі балалар дереу үйлеріне жеткізіліп, жақын арада жазғы демалысын басқа лагерьлерде өткізетін болады.
Биыл 13 шілдеде «Арман дала» саяжай лагерінде балалар демалысын ұйымдастыру туралы шарт жасалып, 15 шілдеде Білім басқармасының қызметкерлерімен бірге демалушылардың алғашқы легі келіп жеткен. Қазіргі кезде тиісті талаптардың өрескел бұзылу фактілері анықталып отыр. Осы келеңсіз жайтқа қатысты лагерьді қаржыландыру Алматы қаласы білім басқармасының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бюджетінен жүзеге асқан. Конкурсқа қатысқан компанияның құжаттама талаптары толық сақталмаған.
Алматы прокуратурасы саунада балалар лагерін ұйымдастырғаны үшін «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланумен байланысты» Қылмыстық кодекстің 361-бабы және «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» туралы 140-бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталып, істі тергеу Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырылғанын мәлімдеді. Істі тергеу шеңберінде болған оқиғаның мән-жайын анықтап, жергілікті атқарушы органның лауазымды адамдары мен лагерь ұйымдастырушыларының іс-әрекеттері бағаланатын болады.
Осы жайтқа байланысты пікір білдірген Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева лагерьлерде орын алып отырған оқиғалар саладағы жүйесіздікпен байланысты екенін алға тартты. Оның айтуынша, балалар ұйымдарының жұмысын реттеуге байланысты заңнама, бірыңғай стандарттар мен талаптар жеткіліксіз. Бүгінде балаларды дамыту, оңалту орталықтарына қатысты өтініш өте көп. Қазіргі кезде осы мәселелерді шешу үшін тексеруге мораторийді алып тастау, балаларға қатысты барлық ұйымды лицензиялау жағы қарастырылып жатыр. Деректер бойынша қазіргі кезде 120 мемлекеттік, 98 жекеменшік, 900 шатыр түріндегі, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар. Уәкіл атап өткендей, лагерь ашу үшін санитарлық-эпидемиялық және төтенше жағдайлар қызметінің рұқсаты жеткілікті. Қазіргі жағдайда талапқа сай емес жұмыс істеп жатқан ұйымдар қалай рұқсат алып отырғанына қарап үлкен мәселе туындап отыр. Тіпті санитарлық-эпидемиялық қызметтің рұқсатынсыз жұмыс істеп жатқан лагерьлер де бар. Бұл сәйкесінше, мемлекеттік сатып алу конкурстарына байланысты болып отыр. Қазіргі кезде осыған орай тиісті орындарға сауал жолданған. Жағдайдың бұдан әрі өрши беруіне жол беру мүмкін емес.
Сарапшы мамандар «Arman dala» лагері құжаттарын конкурсқа қатыстыру барысында ереженің бұзылуымен қатар бұл жерде адами факторлардың да орын алып отырғанын жоққа шығармайды. Алдағы уақытта тексеру нәтижесі заңсыздықтарды әшкерелеп, балаларды да, ата-аналарды да әбігерге салумен қатар құқығына нұқсан келтіргені үшін заң алдында жауап беруге тиіс екенін алға тартты.
www.gov.kz сайтынан іздестіргенімізде Алматы облысы бойынша 19 жазғы демалыс орындарының тізімі көрсетілген. Бұл тізімде «Arman dala» атауымен бір ғана лагерь тіркеліпті. Алғаш хабарласқан нөмір бойынша бізге жауап беріп, ізінше телефонын сөндіріп тастаған Гүлнар есімді азаматшаның «Arman dala» жазғы демалыс лагеріне мүлдем қатысы жоқ екенін директор Серік Молданбаевпен әңгімемізде көз жеткіздік.
Әлеуметтік желіде тараған қолайсыз жағдайдан кейін «Arman dala» лагерінің директоры Серік Молданбаев Ұзынағаш ауылына барып, лагерь басшыларымен кездеспек болған. Алайда ғимарат жабық болғандықтан, олармен телефон арқылы сөйлесіп, әрекеттерінің заңға қайшы екенін ескерткен. Телефонға жауап берген Гүлнар есімді азаматша облыс аумағында «Arman dala» атауымен басқа лагерьдің бар екенінен хабардар болмағанын айтып, кешірім сұрайды. Серік Молданбаевтың айтуынша, ғимаратты лагерь деуге де келмейді. Ал басшылығы лагерьдің атын өзгертеміз деп уәде етіпті.
«Arman dala» Алматы облысының Қаскелең бағытында, Алматы қаласынан 18 шақырымда тау етегінде орналасқан балалар лагері. Мұнда 2014 жылдан бергі аралықта еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар демалады. Лагерьдің портфолиосында балалардың толыққанды демалысын ұйымдастыру мақсатында суда жүзу, тауға серуендеу, жануарлар әлемін тамашалау, ұшақ алаңында оқу жаттығуларын ұйымдастыру сияқты 30-ға жуық көңілді бағдарламалар қамтылған. Лагерь директоры Серік Молданбаевтың айтуынша, Ұзынағаш ауылындағы балалар лагерін ұйымдастырушылар «Arman dala» лагерінің атын жамылып отыр. «Әлеуметтік желіде тараған жағдайға біздің лагерьдің мүлде қатысы жоқ. Олардың жылдар бойы жинаған беделімізді түсіріп, атымызды заңсыз пайдаланып отырғаны қынжылтады. Десек те, жағдайдың мән-жайын тиісті орындар тексере жатар», дейді лагерь басшысы.
Бұл оқиға жаз айы басталғалы бері балалар лагеріне қатысты туындаған келеңсіз жайттардың жалғасы деуге негіз бар. Маусым айында Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында орналасқан балалар лагеріне қатысты дау туып, әлеуметтік желіде бейнежазба тарағаны белгілі.
Осы жайттан кейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев балалардың жазғы бос уақытын ұйымдастырудың бірыңғай қағидаларын бекіту туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдағаны белгілі. «Оқушылар асыға күтетін жаз мезгілінде балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғашқы айы аяқталмай жатып, әлеуметтік желіде желдей ескен Түркістан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай лагерь мәселесі тек биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Соңғы жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр», деген болатын.
Депутаттың айтуынша, балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың көзіне айналған.
– Жаз шықса болды интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамасы көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, ұстанған идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан рұқсат алу ғана жеткілікті. Сондықтан лагерьлер жұмысын бірыңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмеген. Мемлекеттік мекеме тарапынан нақты бақылау болмағандықтан, кей ата-аналар балаларына лагерь іздеп шетел асу жағдайлары да кездесіп жатыр, – деді Д.Мұқаев.
Осы орайда Мәжіліс депутаты балалардың сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекітуді ұсынған еді. «Лагерь ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техникалық базаларына сәйкес тексеруден өтіп, лицензиялануы керек. Мүмкіндік болса, барлық лагерь орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал. Екіншіден, лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Лагерьде жұмыс істейтін мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек. Үшіншіден, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де, көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жекеменшік лагерьлерден де талап ету керек», деп атап өткен депутат «лагерь» атауын жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны деп алмастыру қажетін де айтқан болатын.
Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10-сыныпта оқитын балалардың 85,3 пайызы қамтылады делінген. Олардың жалпы саны – 2,8 млн. Ал жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 200-ден астам лагерь өз есігін ашты.
Жаз мезгілі басталысымен Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жазғы лагерьлердің ашылуына орай тиісті атқарушы органдармен бірге қарқынды жұмыс жүргізілгенін мәлімдеп, биылдың өзінде 65 лагерьге тексеріс жүріп, 458 заң бұзушылықтың анықталғанын жеткізген болатын. Оның айтуынша, қауіпсіздікті бірнеше орган қамтамасыз етеді.
«Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметі орталықтардың санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеріп, арнайы қорытынды береді. Одан кейін Төтенше жағдайдың алдын алуда өрт қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көптеген демалыс орталығында балалардың суға шомылу қауіпсіздігі қарастырылған. Ал полиция органдары болса, сол жердегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Барлық шара мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырылған. Жергілікті жерлерде осы министрліктің өкілдерімен бірге әрбір орталыққа тексерулер жүргізілді. Жалпы, қауіпсіздік шаралары бақылауда екенін айтып өткім келеді», деп атап өткен еді вице-министр.
Қазіргі кезде жазғы лагерьлерге қатысты туындап отырған жағдайларға байланысты тиісті министрліктің, басқа да жауапты органдардың атына айтылатын уәж көп. Жаз айының басында ғана «Балалардың жазғы лагерьлердегі қауіпсіздігі бақылауда болады», деп уәде еткен министрлік мамандары ендігі кезекте қандай шараларды қолға алмақ?
Ал «Arman dala» лагеріне қатысты даулы жайтқа байланысты қалалық білім басқармасы қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс тобын құрып, ата-аналар қоғамдастығының, қалалық прокуратураның және барлық мүдделі органның өкілдері қала сыртындағы лагерьлерге тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.