Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың хоббиі суретке түсіру екенін шығармашылығынан хабардар жұрт біледі. Фотографтың бұған дейін «Тыныштық», «Достарымның портреттері» атты фотоальбомдары жарық көрген болатын. Автор жақында «Кеш» атты үшінші фотоальбомын көпшілікке ұсынды.
Жаңа альбомға кейінгі 4-5 жылда түсірілген суреттер еніп отыр. Оның ішінде кино алаңынан, Қазақстанның және дүниежүзінің әр түкпірінен – Мексикада, Венада, Парижде, басқа да қалаларда түсірілген сәттер бар. Аталған фотоальбом «Lantar books» баспасынан жарық көрді.
Еске салсақ, режиссер-фотографтың «Достарымның портреттері» деген альбомы мәдени ортада резонанс тудырған еді. Сондағы автордың досы – кітап. Дәрежан Өмірбаев кітапты көп оқитынын білеміз. Сол альбомға жеке кітапханасынан алынған, сүйсіне оқыған 100-ден аса кітаптың портретін жасаған. Альбомның оң жағындағы бетінде кітаптың фотопортреті, сол жағында кітаптан алынған ең маңызды деген үзінді бар. Қызық. Таңданбасқа шараң жоқ. Әлемде адамдардың, жан-жануарлар мен құстардың, гүлдердің портреті жасалатыны сөзсіз. Ал кітаптың портретін жасап, фотоальбомға жинақтау сирек кездеседі. Елімізде мұндай жобаны әлі ешкім түсірген жоқ. Енді бір жағынан бұл кітаптар әлемін насихаттаудың әдемі нұсқасы болып тұр.
Осы идея авторға қайдан келді дейсіз ғой. Ол бір сұхбатында айтады: «Үйде Поль Сезанның альбомы бар еді. Бірде сол кітаптың үстіне қызым әдемі алманы қойып кетіпті. Соны түсіріп алдым. Жеке бір образ. Кітаптар да адам сияқты ғой. Пушкин кезінде сөредегі кітаптарына қарап: «Қош болыңдар, достарым», деп қоштасыпты дейді. Әрбір кітаптың өзіндік бір әлемі, образы болады. Неге сол әлемді тек оқып қана қоймай, суретке түсірмеске». Иә, автордың ойынша жақсы шықса, әрбір түсірілген сурет кішкентай фильм сияқты. Әрине, мұндағы басты талант – көзқарас пен талғам. Көкірек көздің әрқашан шығармашылық бағытта эстетикалық нүктеде өмірдің түрлі сәттері мен бояуларын байқап, «ұстап» алуы – шеберлік. Әсіресе қазіргідей қазақ қоғамының фотоальбом жанрын қабылдай да, түсіне де алмай жатқан тұсында осындай жинақтардың ел ішіне кеңінен жайылып, көзайымға айналуы керек-ақ.