Бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде пайдаланылмай жатқан жайылым жерді игеруді шегелеп айтқан болатын. Мал шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтар мәселенің көтерілгеніне үмітпен қарай бастады.
Төрт түлігімен жан баққан ауылдағы ағайын да Президент тапсырмасынан кейін сең қозғалатынына сенімді болған. Жекенің қолына өтіп кеткен жайылым жерлердің кері қайтарылуы елді мекендерде тұрып жатқан шаруалар мәселесінің оң шешілетініне кепілдік еді. Расында да, Қ.Тоқаевтың тапсырмасынан кейін өңірлерде нақты жұмыстар қолға алынды.
Ата кәсіпті серік еткен шаруалар жылдар бойы жайылым жердің жетіспейтінін айтудан жалыққан емес. Бұл мәселе Жамбыл облысында ғана емес, әлемдік картада жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның кез келген қиырында бар. Кезінде мықтылардың иелігінде кеткен жер ешкімнің өз меншігі емес екені анық.
Осыдан біраз уақыт бұрын жергілікті атқарушы билік өңірде 683 мың гектар жайылым тапшы екенін жайып салған еді. Мәселенің мәнісіне терең үңілген өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес, жауапты басқарма өкілдері жұмысқа жұдырықтай жұмылып, жайылым жер проблемасын шешуге білек сыбанып кірісті. Бірер жылдың бедерінде толассыз атқарылған жұмыстың ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бергені талас тудырмайды.
Керек дерекке көз жүгіртсек, 2021 жылы Қазақстан бойынша 1,8 млн гектар жайылымдық жер халықтың игілігі үшін кері қайтарылыпты. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен байтақ алқаптың тұрғындар игілігі үшін қайтарылғаны, расында да, көңіл қуантады. Жалпы алғанда, Жамбыл облысында қанша мың гектар жер бар? Босалқы жерді елді мекендерге беру жұмыстары өңірде қай деңгейде іске асырылып жатыр? Төрт түлікке телмірген ағайын тындырылған тірліктің нәтижесін көріп отыр ма? Облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы бұл бағытта нендей тірлік бітірді?
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, өңірдің жалпы аумағы 14 427,5 мың гектар жерді құрайды. Ал облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға қажетті жер 4 675,8 мың гектар екен. Елді мекендерге тиесілі жердің үлес салмағы 845,2 мың гектарды құраса, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы саласынан басқа мақсатқа пайдалануға қажет жердің аумағы – 174,9 мың гектар. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аймақ 11,6 мың гектар, орман жер қоры 4429,0 гектар, су қоры бар 356,1 мың гектар жер бар болса, босалқы жер 1463,3 мың гектар алқапты құрайды. Басқарма басшысы келтірген деректерге зер салсақ, өңірдегі барлық санаттағы жерге өткен жылы толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, талдау жасалынған.
«Шыны керек, өңірімізде жайылым жердің жетіспеушілігі туралы мәселе бүгін пайда болған жоқ. Біраз жыл бойы өзекті проблема алдымыздан кесе-көлденең шығып тұратын. Ал біршама уақыт бұрын облыстағы прокуратура органдары өкілдерімен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жердің жетіспейтіні анықталды. Түсіне білген адам үшін 683 мың гектар дегеніңіз, расында да, аз жер емес. Төрт түлік баққан халықтың қажеттілігі үшін аталған жерді қайтарудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Қысқасы, Мемлекет басшысының тапсырмасын назарға алып, нақты жұмыстар қолға алынды. Қалай алып қарасақ та, жайылымдық жер мәселесін жедел шешетін уақыт келіп жеткені анық. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов те салаға жауапты азаматтарға өткір проблеманы жеделдетіп шешуді тапсырған еді. Нәтижесінде, мамандар бүгінде бес бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Әлбетте, халықтың көкейкесті проблемасына айналған жайылым мәселесі бір күнде толық шешімін таппайтыны рас. Әйткенмен, жүргізілген жұмыстардың нәтижесі көңіл тоғайтады», дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов жағдайды түсіндіріп.
Расында да, өңірде жайылымдық жер проблемасын шешу үшін бірнеше жыл бедерінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Төрт түлікке телмірген шаруалар да бұл бағыттағы жұмыстардың ширай бастағанын жиі айтып жүр. Ең бастысы, сең қозғалды, біраз жер тиісті мақсатқа пайдалану үшін қайтарылды.
«Бүгінгі таңда мәселені уақтылы шешу үшін аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, біз бес бағыт бойынша тиісті жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Турасын айтсақ, жерді кері қайтару жұмыстарын жүргізу үшін тиісті заңдарды назарға аламыз. Сол арқылы нақты әрекет жасаймыз. Қазіргі кезде Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміндегі босалқы жерлер санаты анықталып, жайылымдық жерлерді елді мекеннің игілігіне пайдалану бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша 1,8 млн гектар жайылымдық жер қайтарылғаны белгілі. Аталған жайылымдық жерді кері қайтару үшін аз жұмыс атқарылған жоқ. Оның 730,2 мың гектары жергілікті халықтың пайдалануы үшін берілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де ширай түскенін айтпай кетуге болмас. Нақтырақ айтар болсам, өңірімізге 227,5 мың гектар жер бекітіліп берілген болса, 2022 жылы 170 мың гектар жер ауылдық округтерге берілді. Жалпы алғанда, Жамбыл облысы аграрлық өңір саналғандықтан, жергілікті тұрғындар төрт түлік өсіруге айрықша ден қоятыны әлімсақтан аян. Біз де малы көп азаматтардың мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Бүгінде төрт түлігі көп тұрғындардың малын орман қорындағы жерлерге шығару жұмыстары толықтай жолға қойылып отырғанын айта кеткен ләзім. Мәселен, орман қорына тиесілі 1,08 млн гектар жайылымға қазіргі таңда 242,9 мың мал шығарылды. Қысқасы, өткір мәселені оңтайлы шешудің барлық алғышартын қарастырып отырмыз», дейді жауапты басқарма басшысы.
Б.Көпбосынов келтірген деректерге сүйенсек, жалпыға ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекен азаматтарының игілігі үшін кері қайтару жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Әлбетте, ауыл азаматтарының мәселесі қай кезде де назарымыздан тыс қалған емес. Шаруалар жайылымнан тарықпауы үшін елді мекендердің аумағына бес шақырым радиуста орналасқан 199,6 мың гектар жайылым жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру жұмыстары дер кезінде басталған. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі таңда да қарқынды түрде жалғасын тауып жатыр. Уақтылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2021 жылы 13,6 мың гектар, 2022 жылы 24,1 мың гектар жер халықтың қажеттілігін өтеу мақсатында берілді. Әрине, мұнымен мәселе толықтай шешімін тапты деп кесіп айта алмаймыз. Әлі де назарға алатын жұмыс аз емес. Сол үшін де біз осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп отырмыз», дейді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі жерді пайдаланып отырған түрлі санаттағы азаматтармен келіссөз жүргізу мәселесі де толыққанды жолға қойылыпты. Нақтырақ айтар болсақ, еккен өнімін жинап алған шаруалардың жеріне мал жаю мәселесі бүгінгі таңда ретімен шешіліп жатыр. Қазіргі кезге дейін жалпы аумағы 486,5 мың гектарды құрайтын 2 071 шаруа қожалығының басшысымен меморандумға қол қойылыпты.
Қалай десек те, жайылымдық жер мәселесі қай кезде де халықтың шымбайына батқаны жасырын емес. Ауылдықтардың жан жарасына айналған проблеманы Мәжіліс депутаттары да сан мәрте көтерген болатын. Көптің көкейіндегі мәселе Президенттің бас болуымен біртіндеп шешіліп келе жатқаны қуантады.
«Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Оның 36 пайызына ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, биыл жыл соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын», деген Қ.Тоқаевтың сөзі екі жылдан аса уақыт бұрын мал баққан ағайындардың жанарына жас үйірген еді.
Президенттің бастамасымен қолға алынған өткір проблема өңір басшысының айрықша ден қоюымен Жамбыл жерінде кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқаны ақиқат.
«Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 252,3 мың гектар жайылым жер назарымыздан тыс қалмаған болатын. 2021 жылы жалпы 106,3 мың гектар пайдаланылмаған жер кері қайтарылса, кейіннен 201 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2022 жылы жалпы жерді ғарыш жүйесі арқылы қашықтан зондтау 415,8 мың гектар жер игерілмегені анықталып, тексеруге ұсынылды. Нәтижесінде, 129,5 мың гектарға мал басы қайта тіркелді. Игерілмеген жер көлемі 254,7 мың гектар болып, оның 103,5 мың гектарына нұсқама берілді. 2023 жылғы қайтару жоспары 200 мың гектар болып бекітіліп, 6 айда 95 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткенін айта кеткен ләзім. Жалпы алғанда, 2021-2022 жылдары елді мекендердегі жайылым 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайды. 2023 жылы қосымша 69,3 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Атқарылған тиісті жұмыстардың нәтижесінде жайылым үшін 164,8 мың гектар жер қайтарылды», дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Көпбосынов.