Қазір мектепте орын тапшылығы, апатты нысандар жиі көтеріліп жүр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес Алматы қаласында 2025 жылға қарай 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарланып отыр.
Алматы қаласы әкімдігі жобалық кеңсесінің мәліметінше, құрылыс мектепке зәру елді мекендерде жүргізіледі. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталды. Мектептердің құрылысы биыл қараша айында сараптамадан өткеннен кейін қолға алынбақ. Қала әкімдігі мен бірқатар аудандағы жер телімдерінің иелері сегіз мектептің құрылысы туралы меморандумға қол қою жұмыстарын іске асырып жатыр. Жаңа форматтағы мектептер бойынша Алатау, Наурызбай аудандарында – 5 мектептен, Бостандық ауданында – 4, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2, ал қалған аудандарда бір-бірден салу жоспарланып отыр.
Жуырда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және өзге де жауапты орындар өкілдердің қатысуымен өткен жиында мектептердің құрылысын сапалы жүргізу және уақытылы пайдалануға беру жөніндегі басқармалардың жұмысын жеделдетуді тапсырған болатын.
Әкімдік қаланы білім беру мекемелерімен қамтамасыз етудің мемлекеттік тапсырыс, жер телімі иелері салған мектепті дайын болғанда сатып алу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы құрылысы сияқты 3 тетігін пайдаланбақ. Жобаны іске асыруға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ балансындағы 10 жер учаскесін қала әкімдігі тапсырысты орындаушыға берді. Екі учаске қолданыстағы ескі мектеп ғимараттарын (№97 және №154 лицей) бұзғаннан кейін пайдаланылады. Қазіргі кезде Розыбакиев-Левитан көшелерінің қиылысындағы тағы бір учаскені сатып алу құны бойынша меншік иесімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес жайлы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіліп, бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларының мектепке кіріп-шығуына бөлек кіреберістер қарастырылған. Лифт, электронды кітапханалар және хоккей корты, жеке бұйымдарын қоюға арналған шкафтар да оқушылардың қолайлы білім алуына лайықталып жасалады. Пайдалы демалыс ұйымдастыру үшін әр қабатта коворкинг алаңдар, Face ID және QR-кодтар қойылып, автоматты түрде құлыпталатын және әкімшілік мектеп ғимараты мен ауласындағы жағдайды нақты режімде қадағалап отыруы үшін бейнебақылау жүйелері де орнатылатыны білім алу мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталмақ.