• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Жастар 26 Шілде, 2023

Жастар жолы: Азаматтық. Бірегейлік. Жасампаздық

279 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 14 қарашада «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенді өкілдерімен кездесуде: «Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Біз мамандар іріктелетін, сәйкесінше уақыт өте келе мемлекетті басқару жауапкершілігін арқалай алатын өте қабілетті адамдар шығатын ашық қоғамға қарай қадам басып келеміз. Елімізге белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында», деп өзекті ой тастаған еді.

Дегенмен жастар тәрбиесінде олардың рухани өресі, қоғамдық бел­сенділігі, патриоттық ұста­нымы тұрғысында алаңдататын мәселелер көп екені жасырын емес. Мемлекетке деген махаббаты қазақша сөйлеуінен айнымай байқалатын жастардың да қара үзіп тұрғаны шамалы. Әйтпесе, соңғы кезде елдің сая­си-әлеуметтік кеңістігінде жас­тар тарапынан ұлтты сүю ың­ға­йында жарқ еткен жаңалық бол­­мауын немен түсіндіруге болады? Бұрын жастар қоғамның баро­метрі деуші едік. Жастар қоз­ға­лысынан қоғамның дамуы, бағыт-бағдары, беталысы аңдалатын. Қазір бәрі көмескі тартқан.

Әсілінде, жастардың әлеу­меттік мәртебесі өспейінше, ұлтқа сүйенген азаматтық қоғам құрудың ауылы әлі алыс бізде. Ол үшін алдымен ұлтымен жаны бір азаматтық бірегейлікті мақсатты түрде қалыптастырып алғанымыз жөн болады (бұл жерде азаматтық бірегейлікті біртұтас мемлекет құратын қоғамдастық, басқаша айтқанда, қан, тегі түрлі болса да, бір ұлттық мемлекеттің азаматтары деп ұққан ләзім). Бұл – әрі кезек күттірмейтін міндет. Ендеше, қазірден бастап олардың бетін қайтарып, тойтарып тас­тайтын тастүйін асқаралы күш – жастар, олардың бойындағы ұлтына деген шын мәніндегі отансүйгіштік қасиеттер болмақ. Сол қасиеттерді өскелең ұрпақ бойына сіңіру мемлекеттің басты міндетінің біріне айналуы керек. Әйтсе де ашығын айтайық, қоға­мымызда бұл бағытта жүр­гізіліп жатқан нақты бір жүйелі жұмысты көре алмай келеміз. Жауапты мамандар жас­тарды жұмылдырудың тиімді толыққанды тетіктерін әлі күнге дейін таба алмай жүр. Біз идео­логия саласында мынадай бағыттар кемшін түсіп жатыр деп білеміз. Біріншіден, кадр саясатындағы кемшілік немесе оның тиімділігінің төмен­дігі, ұлттық идеологияны алға жыл­жытатын жастар ортасынан жарып шығар қазақтілді көсем, көшбасшылардың тым аздығы. Дәл қазір біздің қоғам­ға ұлты үшін күш-қуатын аямай жұмсайтын намысты азаматтар керек. Мұндай әдеби бейнелерді қалам шеберлері өздігінен, жүрек әмірімен жасамаса, оларға мемлекет тарапынан тапсырыс­пен жаздыру керек. Екіншіден, қоғамдық пікір қалыптастыру­ға дайындықтың жеткіліксіз­дігі, формализм және оны іске асырудағы стереотип­тік, үкі­меттік бастамалар­ды ақпа­рат­тық қолдаудың аздығы. Үшін­шіден, әлеуметтік депрес­сия мен пессимизм деңгейінің жоғарылығы, нақты идеологияның жоқты­ғын­а байланысты жастар үшін мемлекеттік дамуды іске асыратын қолайлы да түсінікті жобалардың болмауы, бар болса, кең көлемде насихаттал­мауы. Төртіншіден, идеологиялық жұ­мыстарды жүргізу кезінде мем­лекеттік органдармен өзара әрекеттесу үшін тәуелсіз сарап­тамалық құрылымдардың жоқ­тығы. Бесіншіден, идеологиялық кеңістік­тегі ақпараттық саясатты дамытудағы бір орталық­тың жоқтығы, яғни орталық­сыз­дан­дыруға (децентрализация) бағыт алған үдеріс, т.б.

Ұлттық мемлекет құру барысында туындайтын жаңа мақсат жоғары білімнің алдына жаңа міндеттер қоюмен ты­ғыз байланысты. Оларды шешу үшін жаңа ұрпақтың білім беру бағдарламаларын алдын ала жобалау қажет. Кезіндегі ұлт­тық на­қыштағы руха­ни жаңғыру бағдарламасы жаңаша салаланады деп үміттенгенбіз. Шын мәнісінде, бұл бүгінгі және ер­тең­гі жастарға арналған бағ­дар­лама екенін тиісті деңгейде ұғы­на алмай, біліксіздіктен қараба­йыр науқанға айналдырып, түбіне жетіп тындық. Прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, жүз жаңа оқулық, т.б. бағыттардан туған жер деге­ніне жабысып алдық та, мола жағалап кеткеніміз рас. Бұл – өре-өріс, таным-түсінігі­міз әлі де тым төмен деңгейде екенінің көрсеткіші.

Қоғамда өмір сүрудің тәуекел­ді тұстары көбейе түсті. Оны дәйектеп, дәлелдеп жатудың өзі артық. Білімнің сапасын, оның қолжетімділігі мен ұтқырлығын арттыру, жастардың әлеуметтік мәртебесінің өсуі – азаматтық қоғам мен жастар арасында бірлік пен ынтымақтастықты қалып­тастырудың алғышарттары.

Ұлттық мемлекет құрудың бас­ты талабы – қазіргі жастардың ұлты­на адал азаматтық бірегей­лі­гін қалыптастырудың міндет­­терін көбіне студенттер қауым­дас­тығындағы жекелеген бел­сенді жастар ғана атқарып жүр. Басым бөлігі «көп айтса бол­дыға» (Абай) көніп, көп соңы­нан еріп жүре берер тобырдай кө­рінеді. Сол бетке ұстар көш­бас­шылардың көпшілігі қоғам­дық жұмыстар бойынша түрлі акцияларға және жарыстарға қатысуымен ғана шектеліп жүр. Ал бұл ұлттық мемлекет құру үшін қажетті жастардың ұлтқа адал азаматтық бірегейлігін қалып­тастыру мәселесін түбегей­лі шеше алмақ емес. Бұл келелі мәселе қоғам алдында әлі де ашық күйде тұр деуіміз сондықтан.

Қазақ халқының ұлттық біре­гей­лігін құрайтын фактор­лар­дың негізгісі – мәдени-рухани құн­дылық, төлтума тіліміз. Ата тілі­міздің құдіреттілігін төл ру­хани құндылықтардан, мәде­ни мұраларымыздың дүниетаным­дық сипатынан көреміз. Аны­ғы, қазақ халқының рухани болмы­сы тарихи-әлеуметтік даму үдерісінде біртұтас бол­ған­дықтан,  бүгінгі бірегейлік пен жасампаздық тарихи дәстүрімізбен байланысты болуы қажет.

 

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты

Қарағанды облысы